|   Негiзгi бет   |   Бiз туралы   |   Әрiптестер   |   Байланыс   |
Негiзгi бет
Ақ сөйле!
Дәулет
Әлеумет
Спорт
Аймақ
Көкейдегі сауал
Жатыпатар
Жүректің көзі

Саясат
Руханият
Саз әлемi
Didar TV
Денсаулық

АДАМ ЖӘНЕ АҚПАРАТ Печать

29.10.09.

Қазақ блогосферасы: Тілді сақтаймын десең, Интернет тілін қазақша сӨйлет!
«Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде». Бұл орайда мемлекеттік тіл заман ағымынан қалмай, ғаламтор мен ақпараттық технологиялар тіліне айналып отыр ма? Таяуда Ассамблеяның кезекті жиынында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақтілді интернет кеңістігін қалыптастыру қажеттігіне баса тоқталды. Өкінішке қарай, бүгінде әлемдік ғаламтордағы қазақтілді портал, сайт, блогтардың үлес салмағы теңізге түскен тамшыдай. Бірақ елімізде қазақтілді сайттардан гөрі, жеке блогтардың көптігі - өзіндік бір көрсеткіш. Шетелде блогтарды «әлеуметтік журналистикаға» балайды. Ал елімізде «Интернет туралы» заң қабылданғалы бері, блогтардың өздері де дәстүрлі БАҚ-тарға теңестіріліп, құқықтық жауапкершілікке ие болғаны белгілі. Осыған орай, біз қазақ блогосферасының дамуына өзіндік үлес қосып, қазақша блогтар, интернет-күнделіктерін жүргізіп отырған бірқатар блогшыларды әңгімеге тартқан едік. Оларға ортақ екі сауал қойдық:


1. Қазіргі таңда қазақ бло­госферасы қалай дамып келеді?
2. Интернетті реттейтін заң қабылданғалы бері жағдай өзгерді ме? Жалпы, заңнан кейін қазақша блогтардың саны артты ма, әлде кеміді ме?


Асхат Еркімбай, журналист, блогшы:
1. Қазақ блогосферасы деген­де мен қазақтілді блогтар туралы, оның ішінде wordpress блог­тұ­ғырдағылардың жайын баян­дайын. Себебі бізде әзірге тек осы блог­тұғыр ғана қазақ әріп­терін қол­дайды, әрі блогшы­лар­дың өз ері­ктерімен ағылшынтілді жо­баның 80 пайызы қазақ тіліне ау­дарыл­ды. Сондықтан да қазір 100-ден аса блогшылар өздерінің ой-пікірлерін қазақ тілінде білдіру үшін осы тұғырды таңдаған. Осы­дан санаулы жыл бұрын қазақ тіліндегі блогтар саны саусақпен санарлық еді. Алайда интернет қыз­метінің арзандауы мен ми­нистрлердің блог ашуы жаңа ме­дия­ның осы түрін ел ішінде таны­мал етті. Нәтижесінде, блог саны көбеймесе де, қазақ тіліндегі блог­тарды оқитындар саны ана­ғұр­лым артты. Бұрындағы қазақ ті­ліндегі блогтарды көбіне ше­телдегі қандастарымыз бен қазақ ті­лін жетілдіргісі келетін шетел­дік­тер оқитын. Қазір блогтардағы жаз­баға үн қатып, пікір қалд­ыру­шы­лар саны ұлғаюда. Себебі қа­зақ тіліндегі блогтар google.kz, bіng.com, yandex.kz, maіl.ru тәріз­ді іздеу жүйелерінің ішінен оңай та­былады. Көп ретте қазақ тілінде мә­лімет іздеген адам қазақ тілін­де­гі блогтарға тап болатыны сон­дық­тан.
Екіншіден, ақысыз, өз еркімен қа­зақ тілінде ұдайы мәлімет жаңар­тып отырған да осы блог­шылар қауымы. Ресми сайттарда мә­ліметтер арнайы бұйрық келген кез­де ғана орнатылатын болса, блог­шылар қоғамда болып жат­қан оқиғаға дереу үн қатып, өз ой­ларын жазады. Оның үстіне қа­зір қалтафон арқылы блог жүргізу де кең етек алуда. Әрбір нәрсе кө­ле­мі жағынан ұлғайған сайын бел­гілі бір қиындықтарға ұшы­рай­тыны бар. Қазақ тіліндегі блог­тарда да сондай жағдай орын алу­да. Оның біріншісі - қазақ ин­тернетін қолданушылар ара­сын­дағы мәдениеттіліктің әлі де тө­мен­дігі десек, екіншісі - жаңа ме­дияның мақсаттарын айқын тү­сін­­беуінде. Екінші себеп уақыт өте ке­ле, интернетке қатысты білім көп­шілікке кең таралумен жойы­лады десек, бірінші себеп, яғни интернеттегі мәдениеттілік санаға келіп тіреледі. Мәселен, өзімнің жеке блогымдағы жазбаларды еліміздегі кейбір басылымдар көшіріп басатынын, соңынан өз авторларының аттарын қоятынын байқадым. Сондай-ақ интернет­те­гі өзге тораптар да блогтағы жаз­баларға «жиендік» жасауда. Бұл үде­ріс қазақ блогосферасын алаң­датып отыр. Себебі бізде Ба­тыс елдеріндегідей еркін құқық жүйесі әзірге құрылған жоқ. Елі­мізде интернетті реттейтін заң бол­ғанымен, блогты ақпарат құра­лы­на жатқызғанымен, «Блогшылар туралы» заң жоқ.
2. Бас кезінде үлкен дау туып, блог­тарымыз не болады деп дүр­ліккен едік. Бір-екі адам блог­тарын жапты. Алайда қазір кері­сін­ше, жаңадан блогтар ашылып жа­тыр. Бір өкініштісі, соңғы кезде қа­зақ тілінде бейәдеп мазмұндағы блог­тар пайда болды. Менің ойым­ша, бұл қоғамның сол би­лік­ке беріп отырған жауабы тә­різ­ді. Себебі әлеуметтік желілерді қол­данушы өзін барынша еркін се­зініп, пікірін ашық айтады ғой. Же­ке өз басым заңға қарсылар кө­бейсе, оған қарсы пікір біл­ді­ре­тіндер де көбейеді деп ойлай­мын. Мәселе, тек әр адам оны әр­түрлі формада көрсетеді. Сон­дық­тан заң интернеттің дамуына тоқ­тау бола алмайды.


Нұрғиса Асылбеков, аудармашы, блогшы:
1.Ілкі баста қазақ бло­го-сфера­сының тарихи жылнамасы, ке­рек десеңіз шежіресі, менің білуім­ше, 2005 жылдың 13 қыр­күйегінен басталады. Аспаздық тақырыбына қалам тербеп жүрген Эльвира деген замандасымыз шы­мылдықашар жазбасында: «Көп­тен армандағанымды жа­сауға бағытталған бірінші қада­мым!» депті. Расы сол. Интернетті жа­тырқайтын қазақ емес. Ақыры әлемді шарпып жатқан трендтерге үйірсек екенбіз, блогты да өз теңі­міз қып алдық. Қазақ блог­та­ры­ның дамуын айту үшін бастапқы шарт­тарды елемей өту мүмкін емес. Техникалық, функционал­дық кілтипандарды былай қой­ған­да, қарабайыр қазақ қарпін ай­на-қатесіз интернет кәли­ма­сына түсірудің өзі бастауалды шақ­тарда не халде болғанын мұны же­тік білетін «құлтемірді шұ­қылаушылар» (блоггерлер Ерлан мен Аршаттың неологизмі) жақ­сы біледі. «Дайын асқа - тік қасық» деп келе қалған жоқ, мінеки, қазақ блогосферасындағы энту­зиаст­тар. Бертін келе арнаулы түрде сурет өнеріне, ақпараттық-та­нымдық, діни бағыттағы, күн­де­лікті тыныс-тіршілік жайлы алуан тақырыптағы блогтар бой кө­терді. Бұл енді әлгінде тілге тиек ет­кендей, саф энтузиастік бас­та­масы болғасын, арагідік кей блог­тың түрлі себеппен орны ойсырап қал­ғаны да ұшырасты. Көрсеқы­зарлық­пен ашуын ашып алып, кейінгі «ашуын» кімнен аларын біл­мей, жарты жолда қолды бір сіл­теп, тәрк еткендері де болды. Бірақ Құдайға шүкір деп ай­тайық, жалпы, даму нышандары жоқ емес, бар. Сандық өлшемде дамуға қоса, контент тұрғысынан сапалық өрлеу мысалдары бар. Сырт сыншы көзге кейбір тұсы шикілеу боп көрінгенмен, осы пұш­пақты о бастан илеп жүрген­дер сатылай-сатылай дамып келе жатқанымызды бек растап берер. Түсірген авторлық видеосы бар, әні бар, басқасы бар... көп ұза­май, қазақ тіліндегі интернет-кон­тентке шөліркеп жүргендер, уәж айтуды әдетке айналдырушылар біраз сабасына түсер. Әлбетте ин­тернетті қазақи контентпен қа­нықтыру айналдырған бес-ал­тау­ға жүктелген вәзипа болудан гөрі, дұ­рысырағы, ортақ мүдде, тиі­сін­ше, жалпы, көптің ісі деп сынып­тан­дырылса мақұл.
Ал Ассамблеяда Елбасының ин­тернеттің қазақтілді сегментін да­мыту керек деген үндеуіне қа­тысты айтарым, интернет - жал­пыжаһани құндылық. Тиісінше, қазақстандық үлес те болатыны заңды құбылыс. Осынау үлкен мінберлерден осындай емеурін бар екен, демек, құзырлы лауа­зым­дылардың сол қазақтілді сег­менттегілермен ортақ тіл табысып, қа­жеттіліктері мен мұқта­ж­дық­тарды тізіп ап, тиісінше қолдау-де­меу тетіктерін қарастырар деп үміт ету керек. Тұтастай алғанда, кон­тент - өздігімен дами беретін ав­­тономды құбылыс. Бірақ оған қы­рын көзбен қарап емес, оң құ­шақ сай­лау тек игіліктерге апа­рып со­ғатын болымды көрсеткіш.
2. Көп тұсты заңдастыруға ма­шықтану, бәлкім, керек те шығар. Және интернет тізгінсіз кетсе, қатер төндірер алапат күш бо­ла­рын топшылау керемет жұмбақ емес те шығар... Өз басым бұл заңның редакциясымен толық­қан­ды танысып үлгермедім. Та­нысып үлгергенім - кейбір қазақ блогшыларының біраз уақыттан бері арбасын сүйреп келе жатқан блогтарын «құлыптап» тастауы болды. Заң үркітуші машина болудан гөрі, қоғамдық дамуға зор серпін бергіш осынау плат­фор­маларға қолдау болса, құба-құп. Екеуара ауызбіршілікке ұйыт­қы боп, іріткі салушыларға бір жұдырықпен аттанса ғана заң­ның ұрымталдығын айтуға не­гіз туады. Ал ол үшін көп еңбек ету керек шығар...


Бекжан Толыбай, қаржыгер, блогшы:
1. Қазақтілді блогосфера да­мып жатқаннан гөрі, бір орында тұр деуге болады. Оның кең кө­лем­де таралып, санының артуы үшін блогтардың сапасы жақ­сару­мен қатар, олар ел-жұрт пай­да­ланатын өзіндік ақпарат көз­деріне айналуы тиіс. Өкінішке қа­рай, қазақ блогтары жеке адам­дар­дың күнделігінен аса алмай ке­ле жатыр. Бірақ олардың ішінде пай­далы блогтар да бар. Мәселен, Нұр­ғиса Асылбековтің «Аудар­ма­­шының түрткендері» атты бло­гын өз басым қызыға қараймын. Бірін­шіден, бұл блогты қазақ­шам­ды жетілдіре түсу үшін қада­ға­лаймын: онда шетелдік жаңа тер­миндерді қазақшалау, неоло­гиз­м­дерді көрсету ұсыныстары ойға қонымды. Тіпті Термин­ком­ға қарағанда, осындай кішкентай блог­тың атқарған қызметі зор, рө­лі жоғары ма деймін.
Ал қалған блогтар аптасына бір-ақ рет «қандай жаңалықтар бар екен» деп бір рет шарлап шы­ғуға ғана тұрарлық. Мұны қазақ блог­герлерінің өздері де мойын­дай­ды. Жалпы, блогтың қолда­ны­лу мүмкіндігі зор: не ол өздігінен да­миды (қазақ блогосферасы сияқ­ты жеке адамдардың баста­ма­сымен), не коммерциялық қол­даудың арқасында кең өріс ала­ды. Коммерциялық тұрғыдан алып қарасақ, блогтар ақпарат­тық-танымдық сайттар контен­ті­нің құрамдас бөлшегі ретінде қарас­тырылады. Бұл тұста кейбір сарап­шылар мен мамандар өзде­рі­нің жеке «газеттерін» жариялай ала­ды.
Блогтың үстемдігі неде? Блог жүргізуші өз жазуларын кез кел­ген жерден жеке поштасын пай­даланғандай қолайлы шарт­тар­мен өзі орналастырып, жариялай ала­ды. Екіншіден, әрбір жазылған нәрсені сол жерде талқылауға мүм­кіндік бар. Бұл өз кезегінде бас­қалардың ой-пікірлерін білуге мүм­кіндік береді. Мәселен, «БТА» бан­кінің бұрынғы басқарма төра­ғасы Роман Солодченко мырза «блог­спотта» өзінің жеке блогын ашып, онда банкі мен өзге де мә­се­лелерге қатысты пікір-көз­қарасын беріп, түскен сауал-ой­ларға сол жерде жауап беріп отыр. Сол сияқты Премьер-министр мен өзге де министрлердің блог­тары мұңын жоғарыға жеткізе ал­май жүргендер үшін қажетті құралға ай­налды.
2. Өз басым «Интернет туралы» заңның ешқандай да зардабын көрген жоқпын, мені ешкім де қыс­паққа алып жатқан жоқ. Се­бебі менің блогымда барған ки­ноларым, оқыған кітаптарым тура­лы ғана жазулар жария­лана­ды. Мұның ұлт қауіпсіздігіне еш­қан­дай да қатер төндірмейтіні бел­гілі. Сондықтан мен бұл заң қа­ралған тұста да, қазір де бір пікір­д­емін: Ғаламторды реттейтін заң қажет. Себебі ұлтаралық тату­лық­қа іріткі салу, дінге байланыс­ты радикалды көзқарасқа салы­нып, қоғамда үрей туғызу немесе тіпті негізсіз өсек-аяндардың та­ра­луымен өзге де салдарға апа­ра­тын себептерге дер кезінде шара қол­данылуы тиіс. Ал ол үшін са­ланы реттейтін заңды тетіктердің бол­ғаны шарт. Бірақ бұл адам құ­қын бұзуға апармауы керек. Бұл өте маңызды. Тоқ етері, бұл заң­ның блогосфераның дамуына еш­қандай да кері ықпалы жоқ. Сон­дықтан қазақ блогосферасы да­ми­тын болса, заңға қарамастан да­ми береді деп ойлаймын.


Кәмшат ТАСБОЛАТ
29.10.09


Комментарии 

 
0 #1 elvira 30.10.2009 16:17
незігінен ол заң блог ашқан министрлер мен әкімдерге және оларға қарсы жазу жазатын орыс тілді (!) оппозицияға негізделіп жасалынған деп ойлаймын.

Сондықтан, Бекжан айтпақшы, жеке адам­дар­дың күнделігі болудан шыға алмай қалған қазақ тілді блогтар "ұлт қауіпсіздігіне ешқандай да қатер төндірмейтін" болғандықтан ол заңның блог ортамының дамуына алып-қосары шамалы.

п.с: бір газеттің сайтында пікір жазу үщін тіркелу керек дегенді Сізден көрдім ;))) қазақ интернетінің "дамуына" жақсы үлес.
 

Пікір калдыру үшін тіркелуіңіз қажет!

« Пред.   След. »


Тіркелу!
Паролді қалпына келтіру!
Информационный сервер xFRK

 Jun   July 2010   Aug

SMTWTFS
   1  2  3
  4  5  6  7  8  910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
Blog High Level Synthesis
Бизнес-инфо: