Шара Ақтөбе облыстық қоғамдық штаб өкілдерінің бастамасымен өтті. 
Әлемге әйгілі футболшы су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктермен кездесті
Фото: Kazinform
732
оқылды

Франция ұлттық құрамасы мен ағылшындық «Челси» командасының бұрынғы ойыншысы Клод Макелеле Ақтөбе облысында құрылған қоғамдық штаб өкілдерімен бірге Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің жатақханасындағы уақытша орналастыру пунктіне барып, су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен кездесіп, жағдайларымен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Кездесу барысында атақты аяқдоп шебері жатақханадағы отбасылардың балаларына естелік ретінде қолтаңбасы бар футбол добын сыйлап, болашағын футболмен байланыстыратын жас өрендерге алаңда доп тебудің қыр-сыры, әдіс-тәсілдері, үлкен спортта табысқа жету жолдары, өмірлік тәжірибесі жайында айтып, болашақта үлкен футбол жұлдызы болуды тіледі.

Шара Ақтөбе облыстық қоғамдық штаб өкілдерінің бастамасымен өтті. 

Есімі аңызға айналған футболшы Ақтөбе қаласына «Super bol» – таланттарды таңдауға арналған шараның құрметті қонағы ретінде келген.

Жобаның мақсаты – әуесқой ойыншыларды кәсіпқой футбол деңгейіне дейін көтеру.