Қырғызстан астанасы Азия чем­пио­натын абыроймен өткізген соң күрес түрлерінен Олимпиадаға іріктеу турнирін қабылдады.
Бішкек кілемінен 5 жолдама бұйырды
939
оқылды

Аталған сында Қазақстан балуандары бақ сынап, ер­кін күрестен 2, грек-рим күресінен 3 жол­дама жеңіп алды. Өкі­ніш­­ке қарай, Жә­мила Бақбергенова бастаған әйел­дер командасы лицензияға қол жет­кізе алған жоқ. Осы орайда Aiqyn-ның тілшісі Олимпиадаға іріктеу турнирін қорытындылаған болатын. 

ЕРКІН КҮРЕС: АЛЫПТАР МҮМКІНДІКТІ ЖІБЕРМЕДІ

Бішкек бозкілемінде еркін күрес ше­берлері екі жолдама жеңіп алды. Оның бірін Әлішер Ерғали (97 келі), екіншісін Юсуф Батырмұрзаев еншілеген. Екі балуан да соңғы ел чемпионатында топ жарып, іріктеу турниріне қатысу құқығын әділетті түрде жеңіп алды. Әлішер жартылай финалда Қы­тай қазағын ұтса, Юсуф Қыр­ғызстан ба­л­уанын қапы қалдырды. 

Ал 57, 65 және 74 келідегі балуандар межеден шыққан жоқ. Ерасыл Мұхтарұлы (57 келі) алғашқы айналымда-ақ үнді спорт­шысына есе жіберсе, Маис Алиев (65 келі) аса тартысты белдесуде қытайлық қарсы­ласына жол берді. Аталған белдесу 15:15 есебімен аяқталып, әдіс сапасына бай­ланысты Қытай споршысы жеңгенін айта кету керек. Өкініштісі сол, 70 келі салмақта әлем чемпионатының финалына шығып, Азия біріншілігін екі рет ұтқан Нұрғожа Қайпанов олимпиадалық сал­мақта жарқырай алар емес. Бішкектегі тур­нирде Нұрғожа жартылай финалға қинал­май жеткенімен, кейін ирандық балуанға 0:10 есебімен жол берді. Команда үздігінің тас-талқан ұтылғаны қынжылтады екен. Кейін бапкерлер де Қайпановтың бұрынғы деңгейінен төмендегенін айтты. «57 келідегі Ерасыл Мұхтарұлы әлі жас бала. Ол бала жанып кетті. Таңертең тамағын да іше ал­мады. Үнділік балуан физикалық жағынан өте мықты. 65 келідегі Маис Алиев те 20 жас­тағы жігіт. Ол барын салды, бірақ Қы­таймен күрескенде қателік жасады. Тә­жірибе жетпеді. Бес ұпаймен алда келе жа­тып, жеңісті қолдан беріп қойды. Ақылға салмады. Бірақ оның күресі ұнады. 74 келідегі Нұрғожа Қайпанов өте нашар күресті. Соңғы жаттығу жиынында да босаң­сып жүрді. Өзінен төмен салмақ­тағылармен дайындалды. «Ертең мықты­лармен тіресесің, өзіңнен жоғары салмақ алсаңшы» деп қанша айттық оған. Сол әсер етті. 97 келідегі Әлішер Ерғали ойдағыдай күресті. 125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев батырлық жасады. Оның ең осал жері – төзімнің жоғы. Күресі, әдістері бар, бірақ төзім жоқ. Бірінші кезеңге ғана жетеді. Оның проблемасы – сол. Әйтпесе, әлемдік деңгейдегі, медаль салатын балуан. Енді Ыстанбұлда өтетін соңғы іріктеу турниріне Яшар-Догу халықаралық турнирінде жақсы күрескен жігіттерді апарамыз», – деді бас бапкер. 

Еркін күрестен Қазақстан командасында 86, 97 және 125 келіде жолдама бар. Енді оларға қалған үш салмақта лицензия алу міндеті тұр. 

ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ: АЙДОСТЫҢ АСУЫ, МЕЙІРЖАННЫҢ ӨКІНІШІ

«Классикалық» күрестен алты олим­пиадалық салмақтың біреуінен ғана жол­дама иеленген едік. 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов былтыр Белград кілемінде бе­сінші орынмен қатар, Париж жолдамасына қол жеткізген. Бішкектегі іріктеу сынында қоржын тағы да үш квотамен толықты. 

Айдос Сұлтанғали (60 келі), Демеу Жадыраев (77 келі) және Әлімхан Сыздықов (130 келі) Париж кілемінде белдесу құқығын жеңіп алды. Иә, күрестегі лицензиялық жекелеген спортшыға емес, тұтас командаға беріледі. Десе де, бұл балуандар өз салма­ғында үздік болғандықтан, құрамның өз­геруі неғайбіл. 

Айдос Сұлтанғали үшін бұл ерекше қуаныш. Әлем чемпионатында екі рет жүлде салған балуан Токио ойындарынан тыс қалған еді. 2021 жылы Азия чемпионатында топ жарғанына қарамастан, бапкерлер Айдосты жазғы ойындарға апарған жоқ. Осы бір әділетсіз шешім балуанды еш мұқалтпаған екен. Айдос Сұлтанғали Біш­кекте қарсыластарын күмәнсіз жеңіп, Па­риж лицензиясын иеленді. 

77 келідегі Демеу Жадыраев үшін бұл екінші олимпиада болмақ. Боранбек Қоңы­ратовтың шәкірті Бішкек кілеміндегі жеңіс­ті соңғы секундтарда жұлып алды. Кә­ріс балуанынан ұтылып жатқан ол бел­десудің аяқталуына аз уақыт қалғанда жеңіске жетті. «Жанкүйердің қолдауы мен бір сәтке де тоқтатпады. Шешуші белдесуде ұтылып жатсам да, алға баса бердім. Уақыт деген қызық қой, өзі. Жеңіп жатқанда өтіп бол­майды, жеңіліп жатқанда зуылдай жөнеледі. Енді жақсылап дайындалып, То­киода кеткен есені қайтаруға тырысамыз», – дейді Демеу.

Ал 130 келідегі Әлімхан Сыздықов олим­­пиадаға баратын сәтті 12 жыл күтіпті. Ол өзінің үшінші олимпиадалық циклінде төрт­жылдық додасына жолдама жеңіп алды. Токио қарсаңында бапкерлер іріктеу турниріне Сыздықовты емес, 40-тан асқан Георгий Цурцумияны қойған болатын. Осы шешім ел арасында қызу талқыланғаны да есте. Өзінің жұлдызды сәтін күткен балуан енді Парижге алаңсыз дайындалады.

Бішкекте 67 келідегі Мейіржан Шерма­ханбеттің лицензиясыз қалғаны өкінтеді. Талантты балуан бір жарым жыл бойы жа­ра­қатына байланысты жарыстардан сырт қалды. Соған қарамастан, кілемге қайта оралып, аз уақыт ішінде жазғы Азия ойын­дарында күміс алды. Іріктеу турнирінде де Мейіржан жақсы қарқынмен келе жатқан. Бірақ жапон балуанының кілтін табу мүм­кін болмады. Соңғы лицензиялық жарысқа бұл балуанның бару-бармауы белгісіз. Грек-рим күресінен Қазақстан командасы 67 және 97 келіде олимпиада жолдамасына таласады.

ҚЫЗДАР ҚУАНТПАДЫ...

Әйелдер күресінен Қазақстан коман­дасы Бішкектегі аймақтық іріктеу тур­нирінен бірде-бір жолдама ала алмады. Командаға ең тәжірибелі деген спортшылар да Елена Шалыгина (38 жас), Жұлдыз Ешімова (36) көмектесе алмады. Ал 19 жас­тағы Лаура Ғаниқызы көрермен көз­айы­мына айналғанымен, адуынды үнділік қар­сыласын жеңуге күші де, тех­никасы да жеткен жоқ. 

Бас бапкер Қайрат Сағадиевке енді ко­манданы қайта жасақтауға тура келеді. 

Күрес түрлерінен Олимпиадаға лицен­зия беретін соңғы жарыс мамыр айында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтеді.           

 Ақырыс СЕЙТҚАЗЫ