Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты.
Тасқыннан бүлінген тұрғын үй мен инфрақұрылымды қалпына келтіруді қадағалаймын –  Тоқаев
323
оқылды

Мемлекет басшысы елімізде азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыру керек екеніне тоқталды, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты.

«Табиғат апатын еңсеретін күн алыс емес. Топан су кеткен соң одан зардап шеккен аймақтар қалпына келтіріледі. Ең алдымен, азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыройымен атқарып шығамыз деп сенемін», - деді Президент. 

Мемлекет басшысының айтуынша, алапат тасқынның кесірінен мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалды. Сондықтан мемлекет азаматтарды қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Зардап шеккен әр шаңыраққа бірреттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады

«Сонымен бірге өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн. Сондықтан құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін қаперде ұстаған абзал. Әкімдіктер тиісті ереже талаптарын қатаң сақтауға тиіс. Алдағы ауқымды құрылыс жұмыстары жұртқа жаңа мүмкіндіктер береді деп ойлаймын. Азаматтар экономикалық әлеуеті зор және экологиялық ахуалы жақсы елді мекендерден баспана алып немесе үй салып, қоныс аудара алады. Қауіпті жерде орналасқан елді мекендерді көшіру туралы шешім тасқын судан зардап шеккен әрбір отбасының пікірін ескере отырып, жан-жақты ойластырып қабылданады. Үйін өз күшімен қалпына келтіремін деген азаматтарға өтемақы төлеудің бөлек жолдары қарастырылады. Ең бастысы, қаражат баспананы жөндеуге жұмсалуы керек. Шығынды өтеу және мүлікті қалпына келтіру туралы өтінім беру үдерісі цифрлық форматта жүзеге асырылады», –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент алдағы уақытта азаматтардың мүлкін сақтандыру жүйесін одан әрі жетілдіру жолдарын қарастыруымыз қажеттігін баса айтты. 

«Дамыған елдерде алапат апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары өз мойнына алады. Әрине, ол үшін экономика мен қаржы жүйесін одан әрі дамытып, қоғамда тиісті мәдениет қалыптастыру керек. Халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты міндеті болып қала береді. Әділетті Қазақстанды құру тұжырымдамасы – құр сөз емес, нақты жүзеге асырылып жатқан шаруа. Ол үшін нақты шаралар қабылданып, жаңа мүмкіндіктерге ұдайы жол ашылып жатыр. Мысалы, менің Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысындағы 4 инфрақұрылымдық бастамамның аясында 1 мамырдан бастап «Наурыз» атты жаңа ипотека бағдарламасы іске қосылады. Оны іске асыруға 8 жыл ішінде 1,7 триллион теңге жұмсалады. Соның нәтижесінде 70 мыңға жуық отбасы баспаналы болады», –  деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әрбір елді мекен жұртқа жәрдем беруге ниет білдірген ірі кәсіпкерлерге бекітіліп беріледі. Сонда олар өздері бөлген қаржының қайда жұмсалып жатқанын нақты көре алады. 

«Тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмысын өзім жеке бақылауға аламын. Қарғын судан зардап шеккен адамдардың несиесін төлеу мерзімі үш айға дейін шегеріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайға байланысты төлем уақытын өткізіп алған борышкерлерге айыппұл және өсімпұл салынбайды. Бұдан бөлек, мемлекет табиғат апатынан зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне, су шайып кеткен аудандардағы шаруаларға қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, осы өңірлердегі кәсіпкерлер мен шаруалардың несиесіне және лизинг төлемдеріне қатысты пайыздық өсімді төлеу мерзімі кейінге шегеріледі. Сондай-ақ егіс науқанын уақытылы және ойдағыдай өткізу үшін диқандарға қажетті көмек беріледі. Тағы да қайталап айтамын: осы қиын-қыстау кезде ешкім ескерусіз қалмайды. Мемлекет барлық міндеттемесін толық орындайды», –  деді Президент.