Еліміз сотталғандарды ұстап тұру үшін 55 миллиард теңгедей шығындалады. Бұл ретте жаза ба­сып, жауапқа тартылғандар абақ­тыда қандықол кәнігі қылмыс­кер­лермен бірге өмір сүреді.
«Электронды білезік» қылмысты бақылай ала ма?
коллаж: Елдар ҚАБА
183
оқылды

«Итпен жатқан битпен тұрар» дейді халық даналығы, бұл жағдай азаматтар­дың қылмыс әлеміне тартылуына ықпал етеді. Дегенмен бұл пробле­ма­ларды тегіс дерлік шеше алатын технологиялық мүмкіндік бар. Оны енгізу 2020 жылы басталған еді, қазір біршама тоқырап тұрғандай. 

БІЛЕЗІК ТАҚҚАНДАР АЯҒЫН АҢДАП БАСАДЫ

Әңгіме қылмыскерлердің аяғына тағылатын «электронды білезік» туралы болып отыр. Мысалы, Антикор 2020 жыл­дан бері күзетпен ұстауға қатысы жоқ бұлтартпау шарасы қолданылған адамдарды қадағалау үшін электронды білезіктерді пайдалану бойынша халық­аралық тәжірибені енгізді. 

– Электронды білезік – күдіктінің не­месе айыпталушының аяғына бекітіл­ген радиоэлектронды модуль. Адам оны алып тастауға немесе оған кез келген жол­мен механикалық әсер етуге тырыс­са, дереу дабыл сигналы қосылады және Антикордың кезекші бөліміне хабарлама жіберіледі, – деп түсіндірді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентті­гінің мамандары.

Ішкі істер органдары да бұл техноло­гиялық шешімді оңды санайды. 2021 жылы тұңғыш рет елордада, пробация қыз­меті сотталғандарға арналған элек­тр­онды білезіктерді қолдана бас­та­ды. Сол жылы жыныстық тиіспеушілікке қарсы баптарда көзделген қылмыс жасаған 7 сотталғанға е-білезік тағылды.

Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған баптармен сотталған­дарға сот үкімімен белгілі бір орындарға баруға, атап айтқанда оқу орындарына жақындауға, түнгі уақытта үйден шығуға, пробация қызметіне хабарламай, тұрғылықты жерінен тыс жерлерге, өзге өңірлерге кетіп қалуына тыйым салын­ған. 

Е-білезіктер осы шектеу-тыйымдар­дың бәрінің сақталуын қамтамасыз етеді. Онсыз әрбір қылмыскердің қасына бір-бір бақылаушыдан күзет қою мүмкін емес. Ебін тауып, бет-жүзін бүркемелеп, тыйым салынған жерден бір-ақ шығуы мүмкін. Мұны «Сергек» және басқа бей­не­бақылау камераларымен анықтау қиын. 

ІІМ-нің хабарлауынша, электронды білезік арқылы пробация қызметінің инспекторы сотталғандардың жүріс-тұры­сын, бекітілген талаптарды сақ­тауын онлайн, нақты уақыт режимінде, қалт еткізбей қадағалай алады. Бұл үшін инспектордың бұрынғыдай үнемі ком­пьютердің алдында тапжылмай отыруы қажет емес. 

Барлық ақпарат оның планшетіне, смартфонындағы арнайы қосымшаға беріледі. Тиісті деректер жазылып, ар­хивтелінеді. Инспекторлардың бірін-бірі ауыстырып, кезекшілік жүргізуі де қажет емес. Түнде ұйықтап тұрып, «білезікті­лердің» өткен кезеңде немен айналысқа­нын, қай бағытта қозғалғанын тез қарап шыға алады. ІІМ-нің мәліметінше, мұ­ның бәрін қызметкер компьютердің, план­шеттің немесе смартфонның көме­гімен жеке кабинет арқылы тексере алады.

«Егер сотталған адам белгіленген шек­теулерді бұзса немесе білезікті за­қым­дауға тырысса, бұзушылық туралы дереу дабыл түседі. Белгіленген тыйым салуларды бұзу, электрондық бақылау құралдарын қолданудан бас тарту немесе жабдықты бүлдіру анықталған кезде пробация қызметі жазаның түрін бас бостандығынан айыруға өзгерту туралы мәселені қарау үшін материалдарды сотқа жібереді», – деп түсіндірді ІІМ мамандары. 

БҰЛ ТЕХНОЛОГИЯ ҚАЗАҚСТАНДА НЕГЕ КЕҢ ТАРАЛМАДЫ?

Антикордың дерегінше, электронды білезіктер 2020 жылы – 6, 2021 жылы – 27, 2022 жылы – үй қамағында отырған 41 күдіктіге қатысты қолданылыпты. Өсім қомақты, бірақ көрсеткіш бәрібір төмен. 

«Агенттік жедел-тергеу желісі ­бо­йынша қылмыстық процесті ізгілен­діру және цифрландыру қағидаттарын ұс­танады. Күзетпен ұстаумен байла­ныс­ты емес бұлтарпау шарасы таңдал­ған адам­дарды қашықтан бақылауға ар­налған электрондық бақылау құрал­дарын (біле­зіктер) пайдалану қамта­ма­сыз етілген. Бұл құрал бекітілген ре­­жимді бұ­зуға та­лаптануларға қарсы жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Осы мақсатта оқиға­лар­дың тарихына қол жеткізе отырып, күдіктінің қозғалысын минут сайын онлайн-бақылау жүзеге асы­ры­ла­ды», – делінген Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы қызметтің баян­дама­сында. 

Ведомство бұл құрал күдіктінің жеке өміріне араласуды болдырмайтынына назар аудартты. Құзырлы орган қызмет­кер­лері оның баспанасына кіріп, тұрақты тексермейді. Мұның сыртында, элек­трон­дық бақылау құралдарын пай­далану арқасында Антикордың күштері мен құралдары да барынша ұтымды пайда­ланылады. Бір қызметкер бір мезгілде бірнеше бақыланушыны қада­ғалай алады.

Өз кезегінде Ішкі істер министрлігі 2021 жылы өзіне барлығы 2,5 мыңға жуық электронды білезіктер және 25 мыңнан астам мобильді құрылғылар қажет екенін мәлімдеген. Соған 2022 жылы қол жеткізді.

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі ко­митетінің пробация қызметі маманда­ры­ның мәліметінше, күдіктінің немесе сот­талғанның үйінде бақылау қондыр­ғысы орнатылады. Біршама салмақты болғандықтан, білезік негізінен, оның аяғына киіледі. 

Бұл құрылғыны жеткізушілерге қойы­­­латын талап сол, ол біріншіден, су өткіз­бейтін болуға тиіс. Өйткені оны тағу­шы­ның суға түсуге мүмкіндігі болуы керек. Екіншіден, шаң-тозаңға төзімді болуы шарт: қылмыскерлер өзін шек­тейтін құ­ры­л­ғыны тазалықта ұстауға мән бер­мей­­ді. Ендеше кірлену, балшыққа бату, шаң басу кесірінен құрылғы сөніп қалмауға тиіс. 

Үшіншіден, білезік ұзақ уақытқа, тіпті жылдар бойы тағылатындықтан, оның «гипоаллергенді» болуы, теріде тітіркену, қызару, бөрту сияқтыларды тудырмағаны маңызды. Мамандардың айтуынша, білезіктің міндеті – күнде­лікті өмірде қиындықтар келтіріп, сот­талған­ның өмірін тозаққа айналдыру емес, оның заң аясында дұрыс жүріс-тұрысын қамтамасыз ету.

Қазақстанның біраз өңірінде ин­тернет нашар аулайтыны мәлім. Соған қарамастан, пробация қызметі е-біле­зіктің желіден ажырап қала алмайтынына сенімді: ГЛОНАСС/GPS-ті тікелей жер­серігінен аулайды. Егер оны тағушы талапты бұзып, үйінен сыртқа шықса, немесе қаладан кетіп қалуға ұмтылса, да­был пробация қызметкерінің автомат­тан­дырылған жұмыс үстеліне келіп түседі. 

Ішкі істер органдарының ардагері Болат Мұқышев электронды білезік­тердің қылмыстық-атқару жүйесін жаң­ғыртуда үлкен рөл атқаратынын жеткізді. 

– Сотталғандарды, күдіктілерді қа­шықтықтан бақылау құралдары олардың қылмысқа қайтадан бару қаупін тө­мендетеді. Бассыз кеткені болмаса, 95 пайыз­дайы үнемі бақылауда екенін түсініп, аяғын тарта басады. Осы арқылы пробация қызметінің бақылау сапасы жақсарады. Бірақ электронды білезік­терді пайдалану үлесі сол бұрынғыдай төмен болып қалды. Мұның объективті де, субъективті де себептері бар. Ең бас­тысы, жете қаржыландыру қажет. Бұл құрылғылар арзан емес, 10-20 мың тең­геден басталады. Шығындарды азайту үшін ҚАЖ комитеті білезіктерді жалға алады. GSM/GPRS арнасы арқылы онлайн бақылау шығыны да аз емес. Сала­ның мәселелері шешілсе, бола­шақта электронды білезіктерді қолдану бас бостандығынан айырудың баламасы­на айнала алар еді, – деді Б.Мұқышев.

Электронды бақылау тек білезіктен ғана тұрмайды. Қызметке білезіктер жиынтығы, сим-карталар, байланыс қызметтері, бағдарламалық қамтамасыз ету, техникалық сүйемелдеу кіреді.

Сонымен қатар электронды бақылау тек е-білезікпен шектелмейді. Өзін жақ­сы жағынан көрсеткен сотталушы­лар­дың қозғалысын бақылау үшін оларға білезік орнына, арнайы бағдар­лама орнатылған шағын планшет беріледі. Оны олар әрдайым өзімен бірге алып жүруге тиіс. Мұндай қо­сым­шаны өзге мобильді құрылғыларға енгізуге болады. 

ҚАЙ ЖАҒЫНАН ДА ОРЫНДЫ ЖОБА

Бұл технологияны қолдану жалғасын тапты. 2024 жылғы 10 сәуірде 5 миллион теңге пара алды деген күдікке іліккен Маңғыстау облысының Құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқармасы бас­шысының аяғына электронды білезік тағылғаны белгілі болды. Антикордың хабарлауынша, маңғыстаулық шенеунік­ке қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқтал­ды. Ол құрылыс объектісі бойынша мем­­лекеттік сатып алу туралы келісім­шарт аясында қаражатты тездетіп және ке­дергісіз аудару үшін бизнес өкілінен пара алды деп айыпталған. 

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Со­ған дейін күдіктілер – басқарма басшысы және пара берген бизнесмен электронды білезікпен үй қамағында отырады. 

Бизнес омбудсмен Рустам Жүрсінов те мәселен, кәсіпкерлерді жаппай түр­меге тоғыта бермеген жөн деп санайды. «Кімнің жерін жерлесең, соның жырын жырларсың» дейді халқымыз. Түрмеге қамалған адам қылмыскерлермен ара­ласып, солардың жолына түсуі мүмкін. Электронды білезіктер – заң бұзған бизнес өкілдерін бұлтартпау шарасының ең ұтымды тәсілі. Соттардың дерегінше, қолданылатын санкциялардың 97%-ы, яғни 12 801 оқиғаның 12 455-інде қамау­да ұстау болған. Үй қамағы небәрі 2% немесе 240 жағдайда қолданылған. Бұл ретте электронды білезіктер 0,3% немесе 37 жағдайда ғана пайдаланылды. Биз­несмендерді бас-көз демей, қылмыстық процеске тарту үлкен проблемаға ай­налды», – деді Р.Жүрсінов. 

Әділет министрі Азамат Есқараев тағы бір проблемаға екпін түсірді: Қа­зақстанда бюджеттің жетіспеушілігі салдарынан «қамаққа алу үйлерін» (арестные дома) салу мәселесі шешілмей, кейінге шегерілді. 

– Негізінен елімізге 29 қамақ үйі керек. Олардың құрылысы 57 миллиард теңгені талап етеді. Сондай-ақ олардың жұмысын қамтамасыз ету үшін 2,5 мың бірлік персонал, жұмыс орнын ашу қа­жет болады. Сонымен қатар оны қамта­масыз ету үшін жыл сайын 3 миллиард тең­ге көлемінде қаржыландыру мәселесі қарастырылуы керек. Сондықтан бюд­жет жағдайына байланысты бұл мәселе жуық арада шешіле қоймайтын түрі бар, – деді министр.

Ресми мәлімет бойынша қазақстан­дық түрмелерде 34 мыңнан астам адам жазасын өтеуде. Олардың өмір сүруіне бюджеттен әр адамға жылына 1 миллион 600 мың теңге, яғни жалпы көлемі 54-55 миллиард теңге бөлінеді. 

Әлемнің көптеген елінде электронды білезік түрмеге қамауға балама ретінде қол­данылады. Бұл түрмедегілерді асырап-бағуға кететін қыруар қаржыны үнемдейді, өйткені білезікпен өз баспа­насында отырғандар өзін-өзі күтуге, тамақтандыруға, киіндіруге, басқасына өзі шығындалады.

Биылғы 28 наурызда Бас прокурордың бірінші орынбасары Т.Тәшімбаевтың төрағалығымен өткен қылмыстық про­цесте бұлтартпау шараларын қолдану мә­селелері бойынша ведомствоаралық кеңесте де осы мәселе талқыланған бо­ла­тын. Жиынға қатысушылар бас бос­тан­дығынан айырумен байланысты емес баламалы процестік мәжбүрлеу шара­ла­рын қабылдау, соның ішінде электрондық бақылау құралдарын – электронды біле­зіктерді кеңінен қолдану қажеттілігі жөнінде ортақ байламға келді. 

Мемлекет пробация қызметінің есе­бінде тұрған барлық адамға электрондық бақылау құралдарын қолдану практика­сын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қалай болғанда, қылмыстық қудалау саласын ізгілендіру үшін де, қамақ үйлерін қапта­тып салу сияқты шығындардан бюджет қаражатын үнемдеу үшін де электронды білезік сияқты қашықтан қадағалау тех­нологияларын кеңірек енгізген орынды.

Елдос СЕНБАЙ