Қазір облыс көлемінде су тасқынына қатысты жағдай тұрақталып, Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті межеден түсіп келеді.
Су тасқыны: 281 әскери қызметші Атырау облысына көмекке аттанды
Фото: БҚО ТЖД
363
оқылды

Қызылорда мен Маңғыстау облыстары төтенше жағдай департаменттерінің жеке құрамы және ТЖ министрлігі Қарағанды қаласындағы 52859-әскери бөлімінің әскерлері Орал қаласынан Жайық өзенінің төменгі ағысында орналасқан Атырау облысына көмекке аттанды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Көмекке аттанған 281 қызметкерді шығарып салу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов өңір басшысы Нариман Төреғалиұлының атынан қиын сәтте қолдау білдіргендері үшін әскери мамандарға ризашылығын білдіріп, алғысхаттар табыс етті.

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны болып, төтенше жағдай режимі енгізілген кезде өзге өңірлерден әскери құрылымдардың, оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ұлттық ұланның, Шекара қызметінің жеке құрамдары келген болатын.

Олар су тасқынының алдын алуға ат салысты.

Қазір облыс көлемінде су тасқынына қатысты жағдай тұрақталып, Жайық өзеніндегі су деңгейі қауіпті межеден түсіп келеді. Соған байланысты әскери қызметшілердің алдыңғы легі кейін қайта бастады.