Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 60%-ы қаржылық сауаттылықтың маңызды екенін айтқан.
Тарих, еңбек, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері – мектепте қаржылық сауаттылыққа кім үйретеді?
13,524
оқылды

Қазақстандағы ата-аналардың 78%-ы мектеп қабырғасында қаржылық сауаттылық сабағын енгізуді қолдайды. Алайда осы күні бұл жұмыс бейінді емес мұғалімдерге, яғни қазақ тілі, тарих, еңбек, дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдеріне жүктелген. Бұл жөнінде Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен өткен «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жөніндегі кеңес барысында белгілі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының тиімділігін атап өтіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырды. Бұл жұмысқа 11 мемлекеттік орган, 12 банк, Қаржыгерлер қауымдастығы және Микроқаржы ұйымдары қауымдастығы қосылды.

«AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, жыл басынан бері жоба аясында 43 мыңнан астам адам оқытылды. Олардың 81%-ы – ауыл және ауылдық округ тұрғындары.

«Бірқатар аймақта оқу кестесінен артта қалу фактілері, сабаққа қатысудың төмен көрсеткіші, тіпті сабақ өтпей қалған кездер тіркелуде. Батыс Қазақстан, Атырау, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстарында жобаны жүйелі жүзеге асыруға су тасқыны кедергі келтірсе, Алматыда қала әкімдігінің үйлестіру жұмысын тиісті деңгейде жүргізбеуі себеп болып отыр», – деді ол.

Өз кезегінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов осы «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру арқылы жұмысқа орналаса алмай жүрген азаматтардың тізімі әзірленгенін атап өтті. Бүгінде enbek.kz порталында 1 мыңнан астам адам жалдамалы жұмысшы ретінде тіркелді. Сондай-ақ ол қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған оқу құралын әзірлеу жұмысына жеке тоқталды.

«Әдістемелік топ оқулық жазумен, сондай-ақ биыл мектептер мен колледждердегі 7500 педагогты даярлаумен айналысуы тиіс. Алайда, Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігі осы топқа қосылатын өз кандидатураларын ұсынбады», – деді ол.

Мәселені терең зерттеу үшін биыл 1-5 сәуір аралығында арнайы сауалнама жүргізілді. «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, зерттеуге «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында қаржылық сауаттылықтан сабақ беретін педагогтар, сондай-ақ оқушылар мен олардың ата-аналары қатысты. Респонденттердің жалпы саны – 513 343 адам.

«Білім беру процесіне қатысушылар арасында қаржылық сауаттылыққа оқыту формасы мен ұйымдастырылуы туралы бірыңғай түсінік жоқ. Оны әркім өз деңгейінде, яғни курс ретінде немесе таңдау пәні ретінде, тіпті белгілі бір пән аясындағы бөлім ретінде ұсынады. Мұғалімдердің 80%-ы «Жаһандық құзыреттілік» пәні аясында қаржылық сауаттылықты оқытуға арналған оқулықтар мен әдебиеттердің жоқ екенін айтады. Ал 19%-ы өз мектептерінде қаржылық сауаттылық мүлдем оқытылмайтынын мәлімдеді», – деді ол.

Бұл ретте, «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесі қаржылық сауаттылық бойынша арнайы оқу құралын әзірлеу үшін жеке әдіскерлер тобын құрып үлгерді. Себебі «Жаһандық құзыреттілік» пәні оқушылардың қаржылық сауатын сапалы түрде жақсарта алмайды.

«Әр бесінші оқушы «Жаһандық құзыреттілік» сабағы қызықтырмайтынын айтты. Оның бірнеше себебі бар: пән кестеде 7-ші немесе 8-ші сабақ ретінде тұр, тақырыптар мүлдем қызықсыз, ал интернеттегі материал керісінше қызықты. Сонымен қатар, осы пән бойынша сабақ беретін мұғалімдері жоқ. Сабақты тарих, көркем еңбек, дене шынықтыру және қазақ тілі мұғалімдері жүргізеді. Соған қарамастан, сауалнамаға қатысқан оқушылардың 60%-ы қаржылық сауаттылықтың маңызын атап өтті. Ата-аналар да олармен келіседі. Респонденттердің 78%-ы балалары қаржылық сауаттылықты зерттеуге ниетті екенін жеткізді», – деді Ақмарал Бекмұрзаева.

Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаевтың айтуынша, мұғалімдер қаржылық сауаттылықты қоса оқыта алуы үшін біліктілікті арттыру курстары өткізіледі. Ал Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова «Narxoz» университеті биыл 1 қыркүйектен бастап барлық жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қаржылық сауаттылық» оқу курсын әзірлегенін айтты. Жыл сайын шамамен 100 мың студент қамтылады. Олардың басым бөлігі бірінші курс студенттері болмақ.

Кеңес отырысын қорытындылай келе, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров халық арасында «Қарызсыз қоғам» жобасы туралы түсіндіру жұмысын жүргізудің маңызын атап өтті.

«Жобаның пайдасын бәрі түсінеді. Оны сапалы жүзеге асыру – орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Барлық жауапты ведомстволар оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу мен жобаны насихаттауға белсенді қатысуы керек. Сондай-ақ ауылдардың, шағын және моноқалалардың тұрғындарын кәсіпкерлік қызметке тарту үшін қолдау көрсету құралдарын кеңейту қажет. Бұл үшін қажетті ресурстар бар», – деді вице-премьер.

Нұрлан Байбазаров Оқу-ағарту министрлігіне, Ғылым және жоғары білім министрлігіне 5-12 сынып оқушылары үшін «Қаржылық сауаттылық» пәнінің оқу сағаттары санын қолданыстағы 0,5-тен аптасына 2 сағатқа дейін арттыру мәселесін пысықтауды тапсырды. Жергілікті атқарушы органдар оқуға қатысушылар санын арттыру жұмысын күшейтуі, ал банктер мен микроқаржы ұйымдары берешегін өтей алмай жүрген азаматтарға тағы да SMS-хабарламалар жіберіп, «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберіндегі қолдау шаралары туралы ақпаратпен бөлісуі тиіс.

Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда Halyk Bank-тың қолдауымен қанатқақты режимде бастау алды. Кейін жобаға тағы 11 банк қосылды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ, оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді.

Курсқа жазылу үшін qogamfin.kz  сайтындағы нысанды толтыру қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Дәрістің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.