Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау бойынша мемлекет қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.
Өтемақы уақытында беріледі
225
оқылды

«Мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттері толық әрі уақытылы орындалуда. Зар­дап шеккен аймақтардың тұрғындарына әлеу­меттік төлемдер бекітілген мерзімнен бұрын бе­рілуде. Мұндай режим биылғы 1 қыркүйекке дейін сақталатын болады. Одан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру мен бірінші тоқ­санда атаулы әлеуметтік көмекті алып жүр­гендер үшін қайта тағайындау мерзімдері 1 шіл­деге дейін автоматты түрде ұзартылды», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Вице-премьер тасқыннан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу туралы да айтты. Су тасқыны салдарынан үйлері немесе саяжайлары (жалғыз тұрғын үйі) қалпына келтіру мүмкін болмай қалған азаматтар үшін мәселені шешудің екі жолы ұсынылып отыр.  Біріншісі – жаңа үй салып беру. Екінші жол – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бекіткен шекті сома аясында азаматтардың таңдауына сай екінші нарықтан дайын баспана сатып алу.

«Тасқын судан зардап шеккендердің барлығына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем қарастырылған. Бүгінде ол 11 мыңнан аса отбасыға төленген. Үкімет азаматтарға бүлінген үй заттарын алу үшін қосымша 150 АЕК-ке дейінгі мөл­шерде көмек көрсету туралы шешім қабыл­дады», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Айта кетейік, бұл қосымша көмек бүлінген үй заттарын (тоңазытқыш, асүй плитасы, үстел, орын­­дық, кереует, кір жуғыш машина, теледидар не­месе радио, сумен жабдықтау және жылыту құ­рал­­дары) сатып алуды қаржыландыру немесе шұғыл қажеттілігі бар тауарларды ұсыну түрінде көрсетіледі. 

Одан бөлек, өтелмеген несиесі бар азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдары 1 сәуірден бастап 30 маусымға дейінгі аралықта берешекті өтеу мерзімін ұзартуды қарастыруда. Аталған ке­зеңде зардап шеккендерге айыппұлдар мен өсім­пұлдар есептелмейді. Мұндай шара жеке кәсіп­керлер, шағын және орта бизнес өкілдеріне де ұсы­нылады. Аймақ әкімдіктері 5 мыңнан аса азамат­тың және 110-нан аса бизнес субъектілерінің тізімін жасаған.

Сонымен қатар эвакуациялық орталықтарда болған 4 мыңнан аса бала сауықтыру лагерлеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақ­ханаларына, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлерінің интернаттарына орналастырылды. Онда тұруға, тамақтануға және оқуға қажетті жағдай жасалған. Олар мұнда үйлері қалпына келтіріліп, мектептерінде оқу процесі қайта жалғасқанға дейін болады.

«Бүгінде 500-ден аса бала әлі де эвакуациялық орталықтарда қалып отыр. Олар да білім беру үрдісімен қамтылған. Олардың ата-аналары тас­қын судың кетіп, үйлеріне оралғанын немесе бас­паналарын қалпына келтіру үшін бағалау жүр­гізілуін күтіп жүргенін түсінемін. Бұл санаттағы балалардың ата-аналарына бізде балаларды орна­ластыруға қарастырылған тағы 4 мыңнан аса орын бар екенін айтқым келеді. Егер келісімін берсе, олар­ды сол жерлерге орналастыруға дайынбыз. Оқу маусымы аяқталған соң ата-аналардың келі­сімі­мен балаларға өзі тұрып жатқан аймақта, не бас­қа өңірлерде орналасқан жазғы демалыс лагер­леріне баруына мүмкіндік беріледі. Бұл мәселемен Оқу-ағарту, жоғары білім, туризм және спорт министрлері тікелей айналысуда», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.

Вице-премьер сондай-ақ зардап шеккен 6 ай­мақтағы түлектер үшін ұлттық бірыңғай тест бөлек кестемен өткізілетінін жеткізді. Талапкерлер тө­мен балл алған жағдайда биылғы жағдайға байла­нысты қаңтар мен наурыз айларындағы ҰБТ-дағы үздік нәтиже ескерілетін болады. Одан бөлек, қазір қосымша нысаналы гранттар бөлу жағы қарас­ты­рылып жатыр. 

Вице-премьер барлық медициналық мекеме күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын да атап өтті. Қазірде қажетті дәрі-дәрмек қоры әзір­ленген. Эпидемиологиялық бригадалар құрылып, жапа шеккен аймақтардағы ауызсу сапасы мен ерек­ше қорғалатын аумақтар тұрақты бақылауға алын­ған. Бүгінде эпидемиологиялық жағдай тұрақ­ты деп бағалануда.

Ұлағат БЕКБОЛАТ