Қытайлық электр көліктеріне қатысты алаңдаушылық америкалық нарықта барған сайын күшейіп келеді. Басты себеп – қытайлық өндірушілердің тек арзан емес, сонымен бірге сапалы технологиялық көліктер ұсынуында.
Қытайлық BYD компаниясы қызметкерлерін құлдыққа ұқсас жағдайда жұмыс істеуге мәжбүрлеген
Қытайлық брендтер тек бағамен емес, өнім сапасымен де қысым жасауда. Фото nytimes.com сайтынан алынды. Авторлығы: Gilles Sabrie
142
оқылды

Reuters материалына сілтеме жасаған Aikyn.kz қытайлық электр көліктер әлемдік нарықта бағамен емес, сапамен де қысым жасау мүмкіндігін бағалайды.

Қытайлық көлік өндірушілердің күшеюі америкалық нарық үшін жай ғана коммерциялық бәсеке емес, ұлттық өндіріс, технологиялық тәуелсіздік және ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Reuters материалында Edmunds мамандары Geely Galaxy M9 гибридті жол талғамайтын көлігін сынақтан өткізіп, оның көптеген сипаттары америкалық тұтынушыларға ұсынылып отырған көліктерден жоғары екенін анықтағаны айтылған. Көліктің бағасы шамамен 25 мың долларды құрайды. Бұл – қытайлық брендтердің тек бағамен емес, өнім сапасымен де қысым жасап жатқанын білдіреді. 

Вашингтонда да қытайлық автокомпанияларға қатысты шектеулерді күшейтуге байланысты пікірлер жиілеп барады. Дональд Трамп бір сөзінде қытайлық өндірушілерге АҚШ-та зауыт салуға мүмкіндік беру туралы айтқанымен, оған қарсылық күшейіп келеді. 

Үш демократ-сенатор мен автолобби өкілдері қытайлық автокомпаниялардың АҚШ-та өндіріс ашуына тыйым салуды талап етіп отыр. Бұған қоса, олар Мексика мен Канадада жиналған қытайлық көліктердің де АҚШ нарығына кіруіне шектеу қоюды қалайды. Бұл жерде мәселе енді тек автомобиль саудасында емес, өнеркәсіптік саясатта және геосаяси бәсекеге ауыса бастады.

Қытайдың ірі электр көлік өндірушісі BYD наурыз айында сатылымының қатарынан жетінші ай төмендегенін хабарлаған. Соған қарамастан, ол сыртқы нарықтарға белсенді түрде шығып жатыр. Наурызда шетелдік сатылым жалпы көлемнің 48,5%-ын құраған. Алайда компанияның Бразилияда еңбек жағдайына байланысты сынға ұшырауы оның халықаралық беделіне нұқсан келтірді.

Бразилия билігі қытайлық BYD компаниясын өз қызметкерлерін құлдыққа ұқсас жағдайда жұмыс істеткен компаниялардың «қара тізіміне» енгізді.

Сол кезде қытайлық жұмысшылар адам саудасының құрбаны болды және олардың еңбек құқықтары өрескел бұзылды деп айыпталған болатын. Бұл Қытай автокомпанияларының жылдам өсуімен қатар, олардың жаһандық имиджіне үлкен соққы болды.

Қорыта айтқанда, АҚШ-тағы қытайлық электр көліктеріне қатысты алаңдаушылық бірнеше себептен пайда болды. Олардың қатарында сапалы әрі қолжетімді қытайлық көліктердің көбеюі, америкалық өндірушілерге қысымның артуы, нарыққа геосаяси өлшемнің қосылуы және жаңа технологияларға деген сенім мәселесі бар.