Ақ Үй әкімшілігі Қытайдың технологиялық жабдықтарына қарсы шектеулер енгізбекші. Телекоммуникациялық және видео-жабдықтар өндіретін компаниялар «АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деп айтылуда.
Қытайдың технологиялық құрылғыларына тыйым салынуы мүмкін
Hikvision «АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін компаниялар тізіміне» қосылған болатын. Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP
135
оқылды

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz қытайлық жабдықтарға тыйым салудың себептерін түсіндіреді.

Жұма күні (3 сәуір) Федералдық байланыс комиссиясы бірқатар қытайлық жабдықтарды импорттауға толық тыйым салуды ұсынды. Вашингтон Қытайда өндірілген электрондық жабдықтарға қарсы күрестің жаңа кезеңі басталған сияқты.

2021 жылы Федералдық байланыс комиссиясы телекоммуникациялық және видео-жабдықтар жасайтын Huawei, ZTE, Hytera, Hikvision және Dahua компанияларын «АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін компаниялар тізіміне» қосқан болатын. Ал 2022 жылдың қарашасында осы қытайлық компаниялардың жаңа үлгілерін импорттауға немесе сатуға рұқсат бермеу туралы шешім қабылданды.

Бұл жолы Федералдық байланыс комиссиясы «АҚШ-тың байланыс секторына төнетін қатерлерді азайту арқылы ұлттық қауіпсіздікті қорғау үшін бұрын рұқсат етілген және сол кезде тізімге енгізілген жабдықтардың әрі қарай импортталуы мен сатылуына тыйым салу қажет» деген қорытындыға келгені хабарланды.

Федералдық байланыс комиссиясы бұл ұсыныс америкалықтарға бұрын сатып алған байланыс жабдықтарын қолдануды жалғастыруға рұқсат беретінін атап өткен. Реттеуші тиісті бұйрық ресімделген бойда, «жаңа құрылғылардың жаппай импортталуын болдырмау үшін» импортқа тыйым салуы мүмкін екенін айтады.

Бұған дейін Федералдық байланыс комиссиясы Қытай технологияларына қарсы бірқатар шара қабылдады. Соның ішінде желтоқсан айында қытайлық дрондардың барлық жаңа үлгілерін АҚШ-қа импорттауға тыйым салды.

Өткен аптада компьютерлерді, телефондарды және смарт-құрылғыларды интернетке қосатын қытайлық тұрмыстық маршрутизаторлардың жаңа үлгілерін импорттауға да тыйым енгізілді.

Желтоқсанда Hikvision компаниясы Федералдық байланыс комиссиясының қазан айындағы шешіміне қарсы сотқа жүгініп, оның өкілеттігінен асып кеткенін және «жеткілікті құқықтық не дәлелдік негізсіз заңды рұқсаттарды кері күшпен шектеуге бағытталғанын» мәлімдеген.

2025 жылғы ақпанда АҚШ-тың апелляциялық соты Hikvision компаниясының 2022 жылғы Федералдық байланыс комиссиясы енгізген жаңа видеобақылау және телекоммуникациялық жабдықтарын мақұлдауға тыйым салуды жою туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Бұған дейін Федералдық байланыс комиссиясы ұлттық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылықтарға байланысты кейбір қытайлық компанияларға АҚШ-та телекоммуникациялық қызмет көрсетуге тыйым салған болатын. Жақында ол Қытай үкіметіне тиесілі немесе соның бақылауындағы сынақ зертханаларының аккредитациясын кері қайтару туралы да шешім қабылдады.