"Астана – Қостанай" тасжолында болған қайғылы жол-көлік оқиғасынан айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева мен оның жұбайы Мырзабек Қасымов қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қаралы хабарды марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов жеткізді.
Оның айтуынша, ерлі-зайыпты Астанадан таңғы сағат төрт шамасында жолға шыққан. Олар сол күні мектепті үздік тәмамдап, қызыл аттестат алуға тиіс болған қыздары Алтынайдың салтанатты шарасына қатысу үшін асығып бара жатқан.
Марғұлан Оспановтың мәліметінше, жол апаты Атбасар мен Есіл қалаларының арасындағы тасжолда болған. Қайғылы хабарды оған марқұмдардың ұлы Нұрсұлтан жеткізген.
Салтанат Өтелбаева мәдениет саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, көптеген маңызды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан. Ол тарих ғылымдарының магистрі атанып, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Мәдени мұраны сақтау және насихаттау бағытында жемісті еңбек еткен Салтанат Амантайқызы музей ісінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның бастамасымен және жетекшілігімен бірқатар көрме, ғылыми-зерттеу жобалары мен мәдени іс-шаралар жүзеге асырылды.
Әріптестері мен жақындары марқұмды ашық мінезді, мейірімді әрі парасатты жан ретінде еске алып, отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтуда. Марқұмдардың артында бала-шағасы мен жақындары қалды.
