Дихан Қамзабекұлы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басшылығында қызмет атқарды. Бұл күнде отыз жыл еңбек еткен оқу ордасымен байланысын үзбеді. Шәкірттерге ғылыми жетекшілік жасап, докторлық диссертация қорғайтын Кеңесін басқарады. Ол қазір құрамына бірнеше республикалық басылым кіретін «Қазақ газеттері» холдингінің бас директоры. Негізгі жұмыс орны оқу, білім беру бағытынан ақпарат саласына ауысқанымен, өмірлік басты ұстанымынан, азаматтық қағидатынан, елшіл мұратынан айнымады. «Егемен Қазақстандай» еліміздің бас газетіне қызметке барғанында да Алаш аманатына адалдығын айқындай түсті. Смағұл Садуақасұлының қилы тағдыры мен рухани мұрасын терең зерттеп, ұлт қайраткері шығарған «Еңбекші қазақтың» бүгінгі жалғасы «Егемен Қазақстан» газетіне басшылыққа келгені аманатқа адалдықтың, тарихи сабақтастықтың жарқын мысалын байқатты.
Астана қаласының Бараев көшесімен Қараөткел мұсылмандар зираты қасынан өткен сайын Смағұлдың басына қойылған үлкен құлпытасқа қарап, алақанымызды жаямыз, ішімізден аруағына тие берсін деп дұғамызды оқып, ишарамызды жасаймыз. Осылай істеген бейіт жанынан өтіп бара жатқан қоғамдық көліктің ішіндегі адамдарды да талай көрдік. Смағұл сүйегінің күлі Астанаға жеткізілгеніне он бес жылдан асты. Бұл Алаш дәуірінен сақталған, осы күнде қаладағы сакральды орынға айналған моланың Астанада пайда болуына бірнеше елшіл азамат себепші болды. Соның ішінде Дихан Қамзабекұлының сіңірген еңбегі зор деп айтар едік. Білімпаздығымен, парасатымен, жігерімен, тіпті кейде тәуекелге баруымен Смағұлдың бейіті Астана ортасындағы ескі қорымға орналасты. Сүйектің күлі Мәскеудің Дон зиратханасында құтыда қалмау керектігін, мұсылмандық жолмен қара жер қойнына табысталуға тиістігін Дихан Қамзабекұлы анық білді. Қай жағынан алғанда да, бұл сауапты жұмыс жүзеге асырылу керек еді. Сондықтан да сол күл Қазақ еліне жеткізілді. Алаш арыстарының еңбегі мен аруағына құрмет пен ізет, тірілерге сауап пен тағылым – бәрі де сол игілікті шараның ішінде еді. Десек те, Смағұл сүйегінің күлі Астана төріндегі қорымға, қазіргі орнына бірден қойылмады. Бірнеше ай ол күл жерге тапсырылмай, базар жанындағы мешіттің ішінде тұрып қалғанын да білеміз. Оң жағалау мен сол жағалаудағы біраз атқамінер көрнекті мемлекет қайраткері Смағұл Садуақасұлы сүйегінің күлін мемлекеттік деңгейде құрметпен жерлеуге ықылас таныта қоймады. Олардың сол уақытта кімнен қорқып, кімге жалтақтағанын білмейміз. Әйтеуір, Смағұл Садуақасұлы сүйегінің күлі лайықты құрметпен қара жер қойнына табыстала қоймады. Осы кезде Дихан Қамзабекұлы бастаған бір топ алашшыл азамат бұл мәселеге қоғам назарын аударып, тәуекелге де барып, Смағұлдың күлін Қаратөткел мұсылмандар бейітіндегі қазіргі орнына арулап жерледі. Арада бір жыл өткенде, сол бейітте қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Қасымұлының 200 сарбазы мен 50 жасауылы жатқаны анықталды. Осылайша, тәуелсіз Қазақ елі астанасындағы бұл бейіт қазір азаттық жолында шаһит кеткен Кенесары хан мен Алаштан қалған бір белгі Смағұл сүйегін біріктіріп тұр.
Әлбетте, Алаш қайраткерлерінің, сталиндік дәуірде қуғын-сүргінге ұшыраған ұлт зиялыларының басына барып құран оқитындай артында моласы да сақталмағаны мәлім. Қатал тағдыр солай шешті. Жарықтық Мағжан ақын «Жан сөзі» өлеңінде мені де біреу жоқтар ма, кейін молама іздеп келер ме екен деп толғанды да ғой:
«Сұлулықтың асығы – жыршы!» – дер ме?
«Жүректің сырын шешер сыршы!» – дер ме?
Не қуаныш, не қайғы басқан күнде
Басыма келіп: «Ақын, тұршы!» – дер ме?
Болмаса басыма да бармас па екен?
Атымды аузына да алмас па екен?
Қарайып жапан түзде жалғыз тұрған
Молама көз қырын да салмас па екен?
Біз қазір зұлмат жылдарда қуғын-сүргін көрген ұлт қайраткерлері арасынан Әлімхан Ермекұлы, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатұлы, Мұстақым Малдыбай сынды санаулы тұлғаның ғана нақты жерленген жерін білеміз. Көп қайраткердің сүйегі ортақ орға көміліп, олардың артында молалары да қалмады. Ал сол арыстар жалған дүниеде өмір сүрген кезінде мәңгілік бақилық дүниені ойлады дей аламыз. Өлшеулі өмірдің аяқталған шағында қара жер қойнында жатамыз, сол уақытта ұрпағымыз бейітімізге келіп рухымызға дұғасын жасар деп тілеген де шығар. Обал мен сауап мәселесі – тірілер мен өлілер арасындағы тылсым да нәзік түсінік. Сол сауапты істің ең маңыздысы – ұлт жолында жандарын берген арыстар басында рухтарына қасиетті құран бағыштағанымыз болар. Сондықтан Садуақастай молланың баласы, имани тәрбиені бесіктен бастап көрген қайраткер Смағұлдың бейіті Қазақ елі тәуелсіздік алған дәуірде Астана ортасына қойылуының маңызы өте жоғары дер едік.
Қаламгер Смағұл Садуақасұлы «Сәрсенбек» романында кейіпкерінің аузына мынадай сөзді салды: «Сәрсенбек күлді де Қабдешті еркелетіп: – Асықпа, қазір бәрін айтып берейін. Иә, сонымен барлық қазақ баласы Сарыарқаға жиылды. Менің ойымша, нағыз қазақ болу үшін біртұтас жерде бірыңғай орналасса жеке ел болып қалыптасар едік. Сонда қазақ Жапония сияқты елге айналар еді. Салынып жатқан шойын жолдар: Атбасар, Ақмола, Шідерті, Кереку, Қызылжар, Көкшетау араларына жүргізілсе; Омбы, Баянаула, Семей жолы салынса, Қарқаралы, Аягөз, Әулиеата арқылы жолдар қатынаса, шіркін, қандай жақсы болар еді... Менің болжауымша, Ақмоладан кейін Шідерті. Сол жерге ең үлкен шаһар салса... Сөйтіп, ұлғая-ұлғая енді елу жылда осы күнгі Әмериканың ең үлкен қаласы Чикагодай болар еді». Ұлт қайраткері Смағұл Садуақасұлы кейіпкерінің бұл қиялын шығарма авторының өз арманы деп қабылдаймыз. Байқасақ, Әлиханнан бастап Алаш арыстары қазақ жұртының ел болғанын, оның астанасы салынғанын тіледі.
Қазақ баласы Алаш дәуірінде жүргізілген қажырлы күрестен кейін автономиялы жұртқа айналды, патша заманында жеке-жеке облысқа бөлініп жатқан қазақ жері енді бір орталықтан басқарылатын болды. Патша кезінде қуғын-сүргінді көру, газет шығару, кітап басу, жиын өткізу, сиез шақыру сынды елдің ұлттық санасын оятқан азаттық күрестің барлығы алдымен Алаш, кейін Кеңестік автономияға қол жеткізді. Большевиктермен ымыраға келіп, кейде ұтып, кейде ұтылып, шекараны айқындап жеткен ол автономия Қазақ елінің сыртқы пішіні болды. Сол автономиясының енді ішкі мазмұнын қазақыландыру, ұлт мүддесін әлеумет ісінде жүзеге асыру сынды аса жауапты жұмысқа жұмыла кіріскен Смағұлдай жас қайраткерлердің арманында Арқа төсіне зәулім шаһар салу да болған еді. Арқаның ортасына қазақ баласының жиналғанын, Ақмолада автономия кіндігі орналасқанын аға буын Алаш арыстары да, іні толқынның жарқын өкілі Смағұл да тіледі. Смағұлдың бұл асыл арманы арада жетпіс бес жыл өткенде, ХХ ғасырдың соңында жүзеге асты. Енді сол Арқа төсіне, Астана орталығына ғұмыры қыршын қиылған Смағұл сүйегінің күлі арулап қойылды. Осынау игілікті жұмыстың жүзеге асуына себеп болған, обал мен сауаптың не екендігін сөзімен ғана емес, ісімен де көрсеткен адам – алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы деп есептейміз. Ғалым ағамыздың бұл бір ғана еңбегі оның қайраткерлігін де айқындай түседі. Ғұмыры қыршын қиылған Смағұлдың армандаған ел астанасының мазмұнын ұлттық рухта қалыптастыру, жас буынды Алаш құндылықтарымен тәрбиелеу миссиясы Дихан Қамзабекұлы сынды елшіл азаматтардың мойнына жүктелді.
Кеңес билігі ыдырай бастаған жылдарда Алаш арыстарының мұрасын жинау, зерттеу сынды жауапты жұмыс сол уақытта жоғарғы оқу орнын бітіріп, ғылымға енді келіп жатқан талантты жастарға сеніп тапсырылды. Олар аға буын ұстаздардың бағыт беруімен ескі мұраны бүгінгі харіпке түсірді, шаң басқан архив пен кітапхана қорларынан қымбат кітаптарды тапты, Алаш арыстарының ұрпағымен кездесті, сандығында сақталған сирек суреттерді жарыққа шығарды, сарғайған хаттарды жариялады. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау, әлеуметтік-тұрмыстық қиындық, ғылыми жұмыспен айналысудың материалдық жағынан пайдасының жоқтығы бұл толқынды алған бағыттарынан тайдырмады. Алашты ақтасақ, Қазақ елінің тәуелсіздігі де нығая түседі деп сенді ол буын. Бүгінде біздерге аға буынға айналған сол толқындағы елге танымал алаштанушы ғалымдар тарих жүктеген жауапты миссияны абыроймен алып шықты дей аламыз. Осы толқынның ішінде біз алаштанушы Дихан Қамзабекұлының еңбегін жоғары бағалаймыз.
Әлеуметтік желі дамыған сайын Алаш құндылығына қызығатын жастар санының артқанына куәміз және сол жетістікке қуанамыз. Алаш ұстанымымен сусындаған бүгінгі қоғам түрлі кесірлі қылықтан, теріс мінезден, сапалы жұрт болуымызға кедергі келтіретін жағымсыз дүниеден арылып, жастардың патриоттық рухта тәрбиеленуіне көмектеседі. Алаш – ұлттың иммунитетін көтеретін асыл қазына, қымбат рухани құндылық. Ол құндылыққа жұрт болып, тұтас ел болып жақындаған сайын қоғамда қордаланған түрлі шешуін күткен өзекті мәселеден, жат жұрттықтан сіңіп жатқан бөтен құндылықтардан арылатынымыз кәміл. Осы ретте қоғамды тәрбиелейтін, елдікті нығайтатын жолды көрсететін алаштанушы ғалымдардың, Алаш мұрасын насихаттайтын журналистердің, кез келген ізгі ниетті жанның қызметі ерен. Бұл орайда саналы ғұмырын Алаш мұрасын жинауға, зерттеуге, дәріптеуге арнап келе жатқан Дихан Қамзабекұлының еңбегін биік бағалай аламыз.
Академик Д.Қамзабекұлы қолындағы қажырлы қаламымен, қайраткерлік қызметімен тәуелсіздік кезеңінде Алаштың асыл мұрасын тірнектеп жинап, терең зерттеді. Оны қалың бұқараға кең насихаттады. Сонысымен ол елдігімізді нығайтуға, жұрттығымызды күшейтуге үлес қосты. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның мына нақыл сөзі ғалым ағамыздың қаперінде үнемі тұрады деп білеміз: «Алаштың азаматтары! Ақсақ қойдай басқадан кейін қалғанымыз ба? Жоқ, қалмас амалын іздеп қамданамыз ба? Қалмаймыз десең, қарап жатпалық. Көп іске – көп болып жабылайық! Ұлық іс – ұсақтан ұлғаяды. Кірпіш зор емес, қаласаң қандай зор үй шығады. Шөпшектеп жиып, шөмеледей илеу істейтін құмырсқаны көрмейміз бе?». Дихан Қамзабекұлы алаштану бағытында жазған мақаласымен, шығарған кітабымен, өткізген мәжілісімен, берген сұхбатымен, ұйымдастырған конференциясымен ұлық іс атқаруда. Ұсақтан ұлғайған ұлық ісін уақыт өткен сайын анық байқай аламыз.
Дихан ағамыз «Тамшы тама-тама тас жарады» деген мақалды жиі қайталайды. Бұл мақалды жастармен кездескенде, дәріс оқығанда бірнеше рет айтқанын да естідік. Осы сөз бізге ағамыздың өзінің шынайы болмысын да айқындап тұрғандай байқалады. Тамған тамшыны үздіксіз еңбек десек, жарылған тасты сол еңбектің нәтижесі деп түсінеміз. Ғалым ағамыз тасты жарған тамған тамшыдай істеген еңбегінің нәтижесін көруге өзі қалай бейімделсе, жастардан да соны күтеді.
Интернет жүйесі, әлеуметтік желі, жасанды интеллект дамыған заманда адами болмысты, табиғи ұстамдылықты сақтай алуға көп парасат керек. Ол парасаттылық асыл тектен, отбасында көрген тәрбиеден, қоршаған ортадан, жиған білімнен, өмірлік тәжірибеден қалыптасады. Соның барлығын біріктіретін асыл құты адамның мінезі десек, қателесе қоймаспыз. Әлихан Бөкейханның «Жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген дана сөзін осы ретте тағы мысалға келтіргіміз келеді. Білікті ғалым, академик, Алаш дәуірінен, одан кейінгі тарихи кезеңдерден іргелі зерттеу кітаптардың авторы, көптеген талапты жасты тәрбилеген Дихан Қамзабекұлының білімділігі мен парасаттылығын ұстаз ағалары да, үзеңгілес замандастары да, талапты шәкірттері де мойындады. Түрлі ұйымдар мен жоғары билік те Дихан ағамыздың еңбегін биік бағалады. Соның бір айғағындай, бұл күнде Дихан Қамзабекұлы көптеген қалалық, республикалық, үкіметтік, мемлекеттік, қоғамдық комиссиялар мен кеңестердің мүшесі болып абыройлы қызмет етіп жүр.
Ғылым жолында бағыт берген, өмір жолында өнеге көрсеткен Дихан Қамзабекұлының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, кішіпейілділігі, жастарға қамқорлығы, сөзіне де, ісіне де тиянақтылығы, елдің мүддесін, жұрттың қамын жоғары қоятын намыскерлігі, білімі мен біліктілігі, табанды мінезі, парасат-пайымы және соның барлығын жинақтап тұрған асыл қасиеті – өмірлік қағидаты бізге болмысы бөлек алашшыл азаматты, елшіл қайраткер тұлғаны айқындайды.
Қайырбек КЕМЕҢГЕР,
филология ғылымдарының кандидаты,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті
кафедрасының қауымдастырылған профессоры
