Жаһандық жылынудың 1,5 градус Цельсий деңгейі тым жоғары. Бұл теңіз деңгейінің көтеріліп, жағалауда орналасқан мемлекеттер үшін апатты салдарға әкелуі мүмкін.
Теңіз деңгейі көтеріліп, миллиондаған адам көшуге мәжбүр болады
Климаттың жылынуы жалғаса берсе, миллиондаған тұрғындар теңіз жағасынан жаппай көше бастайды. Иллюстрация earth.com сайтынан алынды
1,508
оқылды

Aikyn.kz климаттың жылынуының салдарын gizmodo.com сайтында жарияланған хабарламаға сүйеніп талдайды.

Communications Earth and Environment журналында жарияланған жаңа зерттеуге сәйкес, жаһандық жылыну тек 1,5 градусқа артқанның өзінде теңіз деңгейінің көтерілуі миллиондаған адамды жағалаудан көшуге мәжбүр етеді. Қазіргі жылыну деңгейі ғасыр соңына дейін теңіз деңгейінің едәуір көтерілуіне әкеліп, жағалаудағы халық үшін ауыр салдарға соқтыруы мүмкін.

Зерттеу тобы индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда орташа температура 1,2 градус Цельсийге көтерілгенін айтады. Бұның өзі қазірдің өзінде мұздықтардың жаппай еруіне, теңіз деңгейінің айтарлықтай көтерілуіне және жаппай көші-қонға себеп болуы мүмкін.

CNN арнасына сұхбат берген зерттеу авторларының бірі, Бристоль университетінің профессоры Джонатан Бамбер: «Егер қазіргі үрдіс жалғаса берсе, біз адамзат өркениеті тарихында болмаған ауқымдағы жерден жаппай көшуге куә боламыз», – дейді.

Теңіз деңгейінің көтерілуі Гренландия мен Антарктидадағы мұз қалқандарының жылдам еруінен туындайды. 1990 жылдардан бері бұл үдеріс төрт есеге артып, қазіргі таңда теңіз деңгейінің көтерілуіндегі ең ірі факторға айналды.

15 000 жыл бұрынғы мұз дәуірінің соңында теңіз деңгейінің көтерілу жылдамдығы қазіргімен салыстырғанда 10 есе жоғары болған. Фото abcnews.go.com сайтынан алынды

Ұлыбритания мен АҚШ ғалымдары өткен 3 миллион жыл ішіндегі жылы кезеңдердің деректерін, соңғы мұз жоғалтулар мен климаттық модельдерді қолдана отырып, әртүрлі климаттық сценарийлер жағдайында болашақтағы мұз қабатының өзгерісін болжады.

15 000 жыл бұрынғы мұз дәуірінің соңында теңіз деңгейінің көтерілу жылдамдығы қазіргімен салыстырғанда 10 есе жоғары болғаны анықталды. Сол кезде атмосферадағы көмірқышқыл газы бүгінгідей жоғары болғанда, теңіз деңгейі 10–20 метрге жоғарылаған.

Зерттеу авторлары Париж келісімі аясында температураны индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5 градус Цельсий деңгейінде ұстап, көмірсутек отынын тұтынуды күрт қысқартқанның өзінде теңіз деңгейінің бірнеше метрге көтерілуі мүмкін екенін айтады. Бұл мақсат бұрын климат өзгерісінің ең ауыр салдарын болдырмау үшін ең тиімді шешім ретінде қарастырылған еді. Алайда жаңа зерттеу тіпті 1,2 градус деңгейінің өзі мұндай апатты салдарға алып келуі мүмкін екенін көрсетіп берген. Ғалымдар қауіпсіз шек 1 градус Цельсийден де төмен болуы керектігін айтуда. 

Гренландия мен Батыс Антарктидадағы мұз қалқандары ерісе, теңіз деңгейі 12 метрге дейін көтеріледі. Фото climatechangeresources.org сайтынан алынды. Авторлығы: CNN / Nima Sarikhani

Біз соңғы жылдары 2,9 градус Цельсий жаһандық жылыну бағытымен келе жатырмыз. Бұл Гренландия мен Батыс Антарктидадағы мұз қалқандарының толықтай еруіне алып келуі ықтимал. Нәтижесінде теңіз деңгейі 12 метрге дейін көтеріледі. Қазіргі таңда бір миллиардқа жуық адам теңіз деңгейінен 10 метр төмен аймақта өмір сүреді, ал 230 миллион адам тек 1 метр биіктікте тұрады.

Дарем университетінің климаттанушысы әрі зерттеу авторы Крис Стоукс: «Адамдар теңіз деңгейінің көтерілуі жылына 1 сантиметрге дейін жылдамдайтынын және бұл үрдіске бейімделу қиын болатынын түсінуі керек», – дейді.

2023 жылы орташа жаһандық температура алғаш рет 1,5 градус Цельсийге жетті. Дегенмен бұл көрсеткіш орташа деңгейде орныққан жоқ. Әлі де жағдайды өзгертуге мүмкіндік бар. Зерттеу авторлары теңіз деңгейінің ең ауыр салдарын тежеу үшін климат өзгерісіне қарсы жедел әрекет етуді ұсынады. Әрбір сантиметр маңызды.

«Біз 1,5 градуста бәрі жоғалады деп айтпаймыз. Бірақ мұз қалқандары үшін әрбір ондық градустың өзі маңызды. Жылынуды неғұрлым ерте тоқтатсақ, болашақта қауіпсіз деңгейге қайта оралу соғұрлым жеңіл болады», – деді Стоукс.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.