Жаңа технологиялардың пайдасы мен зияны қашанда талас тудырып келеді. 5G байланыс стандарты да осындай пікірталастардың басты тақырыбы.
5G технологиясы адамға қауіпсіз, бірақ...
Ғалымдар 5G технологиясының адамдар үшін қауіпсіз екенін дәлелдеді. Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: Simon Song
607
оқылды

Aikyn.kz жаңа байланыс стандартының қауіпсіздігі мен зиянына байланысты жүргізілген жаңа ғылыми зерттеудің нәтижелерін талдайды.

48 сағаттық әсерден кейін жасушалардың қызметінде айтарлықтай өзгеріс байқалмаған.  Фото termoyad.ru сайтынан алынды

Oxford Academic шығаратын Pnas Nexus журналы 5G технологиясының адам ағзасына зиянын зерттеген жаңа материал жариялады. 5G технологиясының қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Әсіресе, пандемия кезінде бұл технологияны денсаулыққа зиян келтіреді немесе жаһандық жұқпалы ауруларға себеп болады деген қаскөйлік теорияларымен жиі байланыстырды. Енді жаңа зерттеу бұл пікірталастарға нүкте қойған сияқты.

Германияның Constructor University зерттеушілер тобы адам терісінің екі түрлі жасушасын 5G электромагниттік өрісімен сынаған. Бұл жасушалар қазіргі коммерциялық желілерде қолданылатын жиіліктерден де жоғары – 27 және 40,5 ГГц жиіліктерде сәулелендірілген. Ғалымдар қауіпсіздік нормаларынан әлдеқайда асып түсетін деңгейлерді пайдаланып, ең қауіпті сценарийлерді модельдеген.

Зерттеушілердің айтуынша, 48 сағаттық әсерден кейін жасушалардың қызметінде айтарлықтай өзгеріс байқалмаған. Жасуша денсаулығы мен тұрақтылығының негізгі көрсеткіштері болып саналатын ген экспрессиясы мен ДНҚ метилденуі өзгеріссіз қалған. Бұл нәтижелер 5G технологиясының адамдар үшін қауіпсіз екенін дәлелдейді.

5G сигналдары адам терісінің жасушаларына зиян келтірмейді. Иллюстрация m.kauno.diena.lt сайтынан алынды. Авторлығы: 123rf.com

Жаңа зерттеу сондай-ақ жылулық әсерге қатысты алаңдаушылықты да қамтыды. Жоғары жиілікті радиотолқындар тіндерді қызыруы мүмкін. Алайда зерттеушілердің айтуынша, бұл әсер толығымен қарқындылық пен әсер ету ұзақтығына байланысты. Бұл алаңдаушылықты болдырмау үшін  сынақтар тұрақты температурада жүргізілді. Соның арқасында жасушаларды қыздырудан басқа ешқандай зиянды әсер болмағаны дәлелденді.

Шынайы өмір жағдайында 5G сигналдары адам терісінің жасушаларына зиян келтірмейді. Дегенмен неміс ғалымдарының зерттеуі 5G-дің қауіпсіздігіне күмәнмен қарайтын барлық адамдардың пікірін бірден өзгерте қоймасы анық.

Бұл зерттеу 5G технологиясы биологиялық қауіп төндірмейтінін және оны қолдану қауіпсіз екенін көрсететін дәлелдер қатарына қосылады. Зерттеушілердің пікірінше, шын қауіп көрінбейтін радиотолқындарда емес, керісінше, тым көп уақытты экранға қадалып өткізуде болуы мүмкін.

Қауіп көрінбейтін радиотолқындарда емес, керісінше, тым көп уақытты экранға қадалып өткізуден туындайды. Сурет news.technokain.com.sg сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ

5G технологиясының зияны туралы

Компьютер ғылымдарының профессоры Стив Белловиннің айтуынша, 5G-дің жоғары жылдамдығы мен кеңінен енгізілуі екі маңызды қауіп туғызады.  Пайдаланушының нақты орналасуын бақылау мүмкіндігінің өсуі және Huawei жабдықтары арқылы жеке деректердің сыртқа шығу қаупі.

5G сигналдарының қысқа қамту радиусы ұялы байланыс мұнараларының санын арттыруды қажет етеді. Бұл пайдаланушылардың нақты тұрған жерін анықтауды оңайлатады. Сонымен қатар Huawei 5G жабдықтарын арзан бағамен таратып, оны шифрланбаған мәліметтерді жинауға пайдалануы мүмкін деген қауіп бар.

Профессордың пікірінше, 5G арқылы жүзеге асатын жаңа сервистер (мысалы, автономды көліктер) құпиялылыққа байланысты жаңа тәуекелдер туғызуы мүмкін, сондықтан бұл мәселеге мұқият қарау қажет.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.