Aikyn.kz жұпар иісті парфюмнің жақсы мен зиянды әсерлерін bgr.com сайтының хабарламасына сүйеніп талдайды.
Американың бірінші ханымы Мелания Трамптың ұнататын парфюм топтамасы. Фото beautinow.com сайтынан алынды
Ғалымдар жеке гигиена құралдары – мысалы, жұпар иісі аңқыған әтір мен лосьон – адамның тотығу өрісі деп аталатын қорғаныс қабатын бұзатынын айтуда. Тотығу өрісі – денені қоршап тұратын химиялық қабат. Ол ауадағы зиянды заттарды бейтараптандыруға көмектеседі.
Бұл көрінбейтін өріс тері майларының ауадағы озонмен әрекеттесуі нәтижесінде түзіледі және гидроксил радикалдары (ОН молекулалары) пайда болады. Олар адамның жеке «ауа сүзгісі» ретінде жұмыс істейді. Ауадағы ластаушы заттармен әрекеттесіп, олардың ағзаға енуіне жол бермейді. Алайда сіз денеңізге лосьон немесе әтір жаққанда, бұл өнімдер ағза химиясына әсер етіп, аталған жүйенің тепе-теңдігін бұзады.
Жаңа зерттеуде ғалымдар еріктілерді бақыланатын жабық ортаға орналастырып, олардың айналасындағы ауаның химиялық құрамын өлшеген. Қатысушылар хош иісті өнімдерді қолданғанда, ғалымдар олардың терісінен этанол мен феноксиэтанол сияқты химиялық қосылыстардың бөлініп жатқанын анықтаған. Бұл заттар адамның мұрын мен бас аймағында шоғырланған химиялық бұлттар түзіп, қоршаған ауаға қарағанда анағұрлым жоғары концентрация көрсеткен.
Офистерде табиғи қорғанысыңызды сақтағыңыз келсе – парфюмді барынша шектеу керек. Фото unsplash.com сайтынан алынды
Содан кейін зерттеу тобы бөлмеге озон енгізіп, тотығу өрісінің пайда болуын ынталандырады. Сол кезде ғалымдар жеке гигиена құралдарының гидроксил радикалдарының мөлшерін 30%-дан астамға азайтатынын анықтайды. Яғни, бізді таза әрі сергек сезіндіретін өнімдер – керісінше, ағзаның айналасындағы ауаны тазартып, зиянды заттардан қорғау қабілетін төмендеткен.
Зерттеу ұзақ мерзімді денсаулыққа әсерін бағаламағанымен, бұндай жағдайға ғалымдар алаңдаушылық білдіріп отыр.
Мұндай химиялық өзара әрекеттесулер тыныс алу аймағында тікелей жүретіндіктен, нашар желдетілетін жабық кеңістіктерде денсаулыққа қауіпті әсерлер туғызуы мүмкін. Ал қала тұрғындарының жартысы ластанған сыртқы ауамен тыныстайтынын ескерсек, адамның табиғи тотығу өрісін сақтауы өте маңызды проблемаға айналып отыр.
Қазіргі зерттеу нәтижелері әтір мен лосьон қолдануда «аз қолдану – әрқашан жақсы» қағидасын ұстануды ұсынады. Әсіресе жабық ғимараттарда болсаңыз және ағзаңыздың табиғи қорғанысын сақтағыңыз келсе – иіссу мен косметиканы барынша шектеу керек.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.