Біз — ғасырлар тоғысында дүниеге келіп, жаңа дәуірдің лебін алғаш сезінген, өркениет өріне беттеген ХХІ ғасырдың перзентіміз. Интернет пен жаңа технология дәуірінде, кітаптан гөрі гаджеттің бәсі жоғары уақытта өмір сүріп жатырмыз.
Мархабаттың сезім патшалығы
509
оқылды

 Әрі ұлт әдебиетінде қолтаңбасы қалған көркем сөз шеберлерінің көбін өз көзімізбен көргеніміз жоқ. Сол үшін де шығар, біздің замандастар әдебиет әлемінен алшақ жүреді. Содан соң, әрине қоғамда «жастар кітап оқымайды» деген стереотип қалыптасып та үлгерді. Жалпы алғанда, бұл стереотиптің астарында ақиқат жатыр, бірақ әдебиетті сүйетін, кітапты серік еткен замандастарымыз жоқ емес. Олар аға буын жазушылардың көзін көрмесе де, маржан сөзін оқып, тұтас жан сарайына үңіле алады. Ал бүгінде бізді әдебиет әлеміне жетелеп әкелген сондай аға буын жазушыларымыздың бірінің мерейтойы өтіп жатыр. Көзі тірі болса, дәл өз басымды көркем әдебиетке қызықтырған, тылсым әлемге енгізіп жіберген жазушы Мархабат Байғұт 80 жасқа толар еді. 

Бәлкім, атамдай болған тұлғаның еңбегін бағалау мен үшін қиын шығар,  бірақ Мархабат Байғұттың әр шығар­масында бір мән, бір айтар ой,  қоғамда біз байқап қалатын құбылыс бар екенін аңғарамын. Оның жазғандары жай ғана әңгіме емес – тұтас әлем, әр кей­іп­кері тірідей, әр сөйлемі өз алдына тыныс алатындай. Ол өмірдің үнсіздігін еститін қабілетке ие.  Сонысымен жүректі пенденің  ішкі жанайқайын қағазға түсіре біледі. Ол – сөзбен сурет салатын суретші.  Мархабат ағаны  әде­б­иет­ке қаламмен емес, жүрекпен кел­ген жазушы деп ұғамын. Бұл сөзіме жазу­шының «Сырбұлақ», «Қорғансыз жүрек», «Дауыстың түсі», «Аңсар», «Күн­гей көңіл», «Нәуірзек» және т.б. кез келген еңбегі дәлел болмақ. Мұн­дай жүректі қозғаған шығармаларын оқып, көңілге тоқып отырып, өкінесіз. Өкініштің себебі – «Шіркін, ағамызбен өмірде тым болмағанда бір рет болсын кездескенімде ғой!» деген ойдан шыға­ды. Неге олай? Бәрін айт та, бірін айт, Мархабат Байғұттың «Қозапаясын» айт! Міне, дәл осы шығарманы оқыған­нан кейінгі менің өкінішім осы болған еді. 

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің, дәлірек  Түркістан облысының көпте­ген аймағының тұрғындары мақта егумен айналысатынын бәріміз білеміз. Мұны неге айтты десеңіз, бірі білсе, бірі білмес, қозапая – мақта жинаған­нан кейін қалатын сабағы. Шығарма­ның өзінде: «…қозапая да — мақтаның сабағы. Қоза дегеніміз – мақта. Сино­ним секілді ғой. Ақ ұлпасы теріліп ал­ын­ып, қаудыр-қаудыр қауашағын жарым-жартылай жел ұшырып түсіріп, қалғандары қоңырау қағып тұрар» деп түсіндірген. Себебі бұл сөзді барлық адам бірдей естіп, біле бермейді. Тіпті, алғашында күрішті өңірінде өскен маған да таңсық болды. Шығарма өзін оқыттырмай-ақ, тақырыбымен оқыр­ман­ды қызықтырып қойғаны-ай! Жазу­шының тағы бір ерекшелігі – шы­ғар­маның басты кейіпкерінің өзгеруі. Бұлай дегенім қаншалықты орынды, білмеймін, бірақ әуелгіде шығарма Есқара жайында  деп ойлайсың. Бірақ оқи отыра мұнда басты кейіпкер Ес­қара емес, әкесі Ерсәлім екенін бай­қайсың. Шынымды айтсам, басында жай қарапайым оқиға деп ойладым, бірақ соңына дейін оқыдым. Неге, білесіз бе? Себебі Мархабат ағаның қа­ламы­ның құдіреті сондай, сөзден кәусар бұлақ ағызғандай ерекше.

Мұн­дай шеберлікпен жазылған туындының соңына жетуге асық болдым, оқи отыра шеберлігіне ғашық болдым. Менің пайымдауымша, мұндағы негізгі мақ­сат – адамгершілік тақырыбы. Ақыр соңында арбакеш Ерсәлімнің үйілген қозапая үстінде «ғарышқа ұшамын» деп өзін түгел өртеп жібергені тегін емес. Өмірдің сан қилы сынағы, торабы көп, тарам-тарам. Бірде көл, бірде шөл, бірде тәтті, бірде ащы болатын кезеңі. Бұл жол  Қарақас-Арқас каналы жан­ын­дағы Ешкілі ауылының арбакеші Ер­сәлімді де бейжай қалдырмады. Күйбең тіршілікті үйтіп-бүйтіп тын­дыр­ып жүрсе жақсы ғой, оған қоса екі­жүзді жұрты бар Ерсәлімді артық күш құтқара алмас еді. Керек кезде «Ереке» , ал басқа уақытта «ешкімге» ай­нал­ған өзінен де жалыққандай. Бәлкім, несие алып, күн көрермін де­ген жеңіл ойы да ұзаққа бармады. Өз уақытында Ерсәлімнің апасы сол ауыл­дың әкімінің отбасына, нақты ата-анасына қажет кезде көмек қолын соз­ғаны, бәрі-бәрі жас Ерсәлімнің көз алдында әлі күнге жаттанды. Бірақ осындай үлкен көмекті бір уақытта ұмыта салуға да болады екен. Оны сол үйдің «баяғы баласы» дәлелдеп берген еді. Күйінудің көкесі сонда болар.

Шыны­мен-ақ, осындай айналасы адам емес, жантаққа толы өмірден, арбакеш тек «ғарышқа ұшып» құтылды. «Құ­тылды» деуіміз бәрі шешілді деген сөз емес, әрине. «Тірі қалсаң, тесіп шы­ғары­ңа сенем…» деп үміт артқан Есқа­расының біреуге жалданып күнін көріп жүргенінен, қара жердің қойнында жатқан әкесі бейхабар. Бұл шығарма арқылы автор адамгершілік қасиет, өмірдің сан соқпағы, әке сенімі сынды тақырыпты көтерген. Оқу барысында жазушының басқалардан ерекшеле­нетін тұсы – эмоционалды қасиеті. Яғни, оқырманға барлығын көз ал­дына елестетуге әрі шынайы сезінуіне мүмкіндік жасайды. Оны шығармадағы «Мақта термейсің бе дейді мені қор­лап. Қолме-е-е-ен... Еңке-е-е-й-і-іп...» де­ген тұста байқаймыз. Одан қалса, жазу­шы тек әңгімелетіп отыра бермей, қоғам мен ел шындығын да шығар­маның бір бүйіріне кірістіріп қояды. Мысалы, Ерсәлімнің «Несие алу де­геніңіз қазақтың өз жерінен ғарышқа ұшуы мәселесін Мәскеу арқылы шеш­пектен титімдей де жеңіл шаруа болмай шықты» деп айтқан сөзінен бір емес, екі бірдей мәселені көтергені бірден көзге ұрады. Оны талқылап, айтпаса да айдан анық көрініп тұр. Міне, нағыз жазушыға тән қасиет! Нағыз халқының, жұртының адамы екені осындайда білінері сөзсіз. Қазақтың сөз өнерін алты қанатты ақ орда десек, сол ордада Мархабат аға қалдырған алтын сандық бар деп білемін. Ішін ашып,  мұрасын оқи қал­саң жан дүниең өзгеше күйге бөленетіндей көрінеді маған.

  Ағамыз­дың қаламының құдіретін сонда сезі­нерсіз! Мұны тек мен айтып отыр­ғаным жоқ. Қазақтың біртуар жа­зу­шысы, қоғам қайраткері, баспасөздің баһадүрі атанған Шерхан Мұртаза «…Бұл жазу­шыда жаратушы өзі бұйырт­қан уыз тіл бар» деген еді. Ал шы­ғармасын әр оқы­ғанда әрқалай түсі­нетін, нағыз шытыр­манның құрсауында байлап ұстар жазу­шы Дулат Исабеков «Мархабат Бай­ғұт — әде­биетте өз жолын, өз қол­таңбасын, өз стилін тапқан жазушы» деп баға берді емес пе?! Міне,  сөз зергерлері осылай десе, демек Марха­бат­тай тұлғаның заманында өмір сүрген біз бақытты­мыз!  Сондықтан да, осындай әдебиет­те өзін емес, шын­дық­ты сөйлеткен, халқының жан дүние­сін әр шығарма­сына өре білген тұлғаның еңбегін оқу ғанибет. Оған жұмсаған уақытың – өміріңдегі алтын кезеңнің бірі.

Мархабат Байғұттай қарымды қа­ламгер шығармашылығына, әдебиет әлеміне қанша тоқталсақ та аз. Себебі Мархабат Байғұт – әдебиет әлемінде сөздің шырағын жаққан жандардың бірі. Қаламына көк сия емес, халқының үнін құйып алғандай. Өз заманына ғана арнап емес, өскелең ұрпаққа да бағыт-бағдар беріп, шығарма-

­шы­лығына адами қасиетті сіңірді. Олар мәңгіге біздің жанымызда әрі жадымызда. Сөзімді шығармадағы Ерсәлімнің мына сөзімен аяқтағым келеді: 

«Ақша деген немене, тапқан құлға,

Ақ теңгесін кім берер қара пұлға.

Қолдан келсе, еліңе еңбек сіңір,

Бұл өмірге болмайсың сен де тұлға!». 

Әрине, ойлана қарасақ, бұл тек Ерсәлімнің емес, Мархабат ағаның тікелей үндеуі. Ағамыздың шығарма­шылығынан да мысалдар келтірдік. Мұн­дай астарлы ойдың, қоғамға тас­таған үндеудің қаншасы сол бір алтын сандықтың ішінде жатқанын түсінген боларсыз. Ал сандықты ашуға не ке­дергі?! Жауап айту – сіз­дің еншіңіз, мен­дік міндет – ой тас­тау. «Кітап оқы­майтын ұрпақтың» ойы ғой бұл. 

 

Ерсұлтан АЛПЫСБАЙ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың   2-курс студенті