Жалпы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізінің 810 шақырымы Сыр өңірінен өтеді. Оның ішінде күрежолдың 566 шақырымы Қызылорда мен Ақтөбе бағытына тиесілі. Дейтұрғанмен, кейінгі кездері аталмыш бағытта жол-көлік оқиғасының жиілеуі елді елең-алаң күйге түсірді. Бұл бірінші кезекте жол бөлігін екі жолақтан төрт жолаққа ауыстырылып, бірінші санатқа көшіру сұранысын арттырып тұр.
Мәліметке сәйкес, екі облыстың арасын жалғайтын бұл күрежол бойында өткен жылдың өзінде 70-ке жуық жол апаты тіркелгені жайында дерек бар. Соның салдарынан 37 адам қаза болып, 130 жолаушы түрлі дене жарақатын алғаны айтылады. Жалпы осы жолмен қатынайтын көліктер санының да жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінен күніне 10 мыңнан астам көлік қатынасы тіркелсе, оның ішінде жолаушылар тасымалымен қатар, жүк көліктерінің де үлесі басым. Бұл жол, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін, құрылыс материалдары мен өнеркәсіп тауарларын тасымалдауда маңызды рөл атқарады.
Осы орайда айта кеткен абзал, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 10 қазанда Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарында аталмыш жол мәселесіне назар аударған еді. Нәтижесінде, Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі автомобиль жолын төртжолақты етіп қайта жаңғырту жобасының жобалау жұмыстарын жедел бастау жөнінде тапсырма берген болатын.
Жыл басында Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында да Президент күрежол бойындағы бұл келеңсіздікті назарға алды. Келелі кеңесте Сыр өңірінде жүзеге асырылатын бірқатар ірі жоба жария болды. Оның ішінде «Бейнеу – Сексеуіл» автожолы мен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын кеңейту жобасының биыл басталатынын мәлімдеген болатын.
«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» – Қазақстандағы ең негізгі жолдың бірі. Алайда оның Қызылорда – Ақтөбе арасындағы бөлігі тар, көлік апаттары жиі болып жатады. Мен осыған дейін бұл жолды кеңейту туралы тапсырма бердім. Биыл осы бағытта төртжолақты жаңа күрежолдың құрылысы басталатын болады», – деп атап өтті бұл жөнінде Президент.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жуырда күрежол бойында қозғалыс басталды. Нақты айтқанда, өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жобаның бірі – Қызылорда – Ақтөбе жолын төртжолақты етіп кеңейту жұмыстарының алғашқы кезеңі бастау алғаны жария болды.

Негізінен, мінлетті жұмыстарды қысқа мерзімде орындау мақсатында демеушілердің қолдауымен 350 млн теңгеге техника-экономикалық негіздеме әзірленген. Соның нәтижесінде ұзындығы 487 шақырым болатын жол жобасы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
«Қазавтожол» Қызылорда облыстық филиалының дерегіне сәйкес, бірегей жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Оның бірінші кезеңінде ұзындығы 26 шақырымды құрайтын Қызылорда қаласының айналма жолы салынады. Ал екінші кезеңде Қызылорда қаласынан басталып, облысқа қарасты Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарының сыртынан айналып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылатын 462 шақырым жол салу жоспарланып отыр.
Жоба толық жүзеге асқанда автодәліз бойында 11 көпір, 13 жол өткелі, үй жануарларына арналған 62 өткел және 399 су өткізгіш құбыр салынады деген жоспар бар. Бұған қоса, жүргізушілер мен жолаушыларға арналған заманауи сервистік қызмет көрсету нысандары салынбақшы. Бұл өз кезегінде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін береді деп күтілуде. Мамандар автожолдың ІІ санаттан І санатқа көтерілуі көлік қозғалысын жеңілдетіп, жүк тасымалына қолайлы жағдай туғызады деп отыр. Бір сөзбен айтқанда, қос аймақты байланыстыратын маңызды бағыт өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп, ел экономикасының дамуына оң серпін беретініне зор сеніммен қарайды. Көп жыл күткен күрежол құрылысына тұрғылықты халықтың да айтар пікірі аз емес.
«Жолдың жайы маған жақсы таныс. Соның ішінде жолдың тарлығы мен жүк көліктерінің көптігі салдарынан Қызылорда – Ақтөбе бағытында қиындықтар бар. Сондықтан көп жылдан бері бұл бағытты толықтай жаңғырту қажеттігі туындап тұр. Қазалы ауданынан шыққан соң, Қамбаш пен Шөміш ауылдарының аралығындағы жол көп жағдайда ойдым-ойдым күйге түседі. Сонымен қатар жайылымнан қайтқан малдар жолдан жиі өтеді. Соған орай малдың жол үстінде жүрмеуіне тосқауыл ретінде жолдың екі жағын қоршаса немесе жол астына мал өтетін өткел салса, қауіптің алдын алуға үлкен сеп болар еді. Тағы бір айта кететін жайт, күрежолдың ауылдарды айналып өтуіне мән берілсе, жолдың негізгі бөліктерін жарықтандыру ісі назардан тыс қалмаса деп есептеймін. Жалпы, екі өңірді жалғайтын жолды төртжолаққа айналдыру жобасының басталғанына қуандық. Ендігі кезекте аталмыш жолды төртжолақты етіп кеңейту барысында сапаға баса мән берілсе деген ұсынысымыз бар», – деп өз ойын білдірді Арал өңірінің тұрғыны Тілеужан Сүлейменов.
Қалай дегенде де, тар жолдың тауқыметін тартқан халық ауқымды жобадан оң нәтиже күтетінін жеткізіп отыр. Ең бастысы, күрежол қауіпсіз, әрі қос өңірді жалғайтын қолайлы бағытқа айналатынына сеніммен қарайды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
