Әне-міне дегенше мектеп бітіретін оқушылар үшін жауапты кезең – негізгі ҰБТ тапсыру уақыты жақындап қалды.
ҰБТ-2026: Талапкерлерді қандай өзгеріс күтіп тұр?
104
оқылды

Олар мамыр айынан бастап жоғары оқу орындарына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте бастайды. «Биылғы ҰБТ қандай форматта өтеді, тест құрылымына қатысты қандай өзгерістер болады?»  деген сауал бойынша Ұлттық тестілеу орталығына жүгінген едік.

Былтырғы мен биылғының айырмасы

Орталықтың мәліметінше, 2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзге­ріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауат­ты­лығы» мен «Математикалық сауат­­­тылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсыр­мадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді – бұрынғыша 140 балл.

ҰБТ тапсыру барысында «Алтын белгі», түрлі Олимпиада жеңімпаздары үшін еш­қандай басымдылық берілмейтіні белгілі болды. Есесіне, ҚАЗТЕСТ, IELTS және TOEFL, SAT, ACT, IB, A Level сертификат­тарының иегерлері өз балдарын ҰБТ бал­дарына ауыстыра алады. Мысалы, ҚАЗТЕСТ нәтижесін «Қазақ тілі» пәні бойынша ҰБТ балдарына ауыстыруға болады. КАЗТЕСТ-тің В1 деңгейі «Қазақ тілі» пәнінен 42 балға, В2 деңгейі – 46 балға, С1 деңгейі 50 балға теңестіріледі. IELTS немесе TOEFL сертифи­каттарын «Ағылшын тілі» пәні бойынша ҰБТ балдарына ауыстыруға болады. IELTS-тен 5.0 балл «Ағылшын тілі» пәні бойынша 42 балға, 5.5 балл – 46 балға, 6.0 балл 50 балға ауыстырылады. Қалған сертификаттар бойынша да арнайы ауыстыру шкаласы бар.

2026 жылғы қаңтар ҰБТ-сын 184 мыңға жуық адам өткен. Талапкерлердің 75%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 113 адам ағылшын тілінде тапсырған. Ал наурыз ҰБТ-сын 179 мыңға жуық адам тапсырған. Талапкерлердің 75%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 157 адам ағылшын тілінде тапсырып, олардың 70%-ы шекті балл жинаған. Ал негізгі ҰБТ-ны шамамен 200 мыңнан астам талапкер тапсырады деп күтілуде.

Жоғарыда айтқанымыздай, биыл шекті балл жөнінен де өзгеріс жоқ. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу шекті балы – 65 балл, басқа жоо-ларға 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – 75 балл, «Денсаулық сақтау» білім беру саласы бойынша – 70 балл, «Құқық» даярлау бағыты бойынша – 75 балл. Бұл ретте Қазақстан тарихы және ҰБТ-ның екі бейіндік пәні және (немесе) шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл, ал оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық пәндері бойынша кемінде 3 балл жинау қажет. Сондай-ақ әрбір жоо білім беру бағдарлама­­ларының топтары бойынша өзінің өту балын белгілей алатынын айта кеткен жөн.

Қазір ҰБТ жылына бес рет өткізіледі. Оның үшеуі, яғни қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін ҰБТ ақылы негізде оқуға түсуге арналған. Ал мамыр-шілде айларында өтетін негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, оның сертификаттарының бірі­мен, талапкер өз таңдауы бойынша грант конкурсына қатыса алады немесе жоғары оқу орнына ақылы негізде оқуға түсе алады. ҰБТ-ны жылына бірнеше рет өткізу туралы шешім балаларға түсетін қысымды азайту мақсатында қабылданғаны түсінікті.

«ҰБТ жылдар бойы өзіне бастапқыда жүктелген міндетті абыроймен орындады деп нық айтуға болады, ол жоғары білімге қол­жетімділіктің ашықтығын әрі әділдігін қам­тамасыз етті, тестілеудің электронды фор­­матын енгізу арқылы субъективтілік пен сы­байлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір тө­мендетті, білімді бағалаудың бірыңғай ұлт­тық стандартын қалыптастырып, нәти­же­­­лердің салыстырмалылығын қамтамасыз етті.

Сонымен қатар соңғы жылдары ҰБТ мазмұнының қарапайым жаттауға бағдарла­нуы, дайындықтың жаттанды сипат алуы сынға ұшырап келеді. Валидтілікке жүргізілген талдаулар жоғары балл алу – талапкердің жоғары оқу орнында табысты білім алу қабілетін көрсете бермейтінін айқындайды.

Қазіргі тәжірибе мен зерттеулер білім беру ортасы мен талапкерлерге қойылатын та­­­лаптардың айтарлықтай өзгергенін көр­сетеді. Университетке түсу кезіндегі тестілер енді тек пәндік білімді ғана емес, ең алдымен жоғары оқу орнында табысты білім алуға қабілеттілікті бағалауы тиіс, өйткені оқыту форматы мен технологиялары түбегейлі өзгерді», – дейді Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Нұрсейіт Байжанов. 

Түбегейлі жаңарудың ауылы алыс па?

Осы сын-қатерлерге жауап ретінде уақытша атауы Admission Insight Test деп аталған жаңа формат ұсынылып отыр. Бастапқы кезеңде ол ҰБТ-ны алмастырмайды, керісінше, қолданыстағы жүйемен қатар жүреді. Жоспар бойынша ол алдағы 2-3 жыл ішінде кезең-кезеңімен енгізілмек. Алдымен жаңа тестілер шетелдік университеттердің филиалдарында апробациядан және пилоттық сынақтан өтеді, содан кейін ұлттық деңгейде енгізу мәселесі қаралатын болады.

«Соңғы жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тест тапсырмалары айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Негізгі назар бұ­рынғыдай жатқа білуді тексеруден талапкер­дің функционалдық сауаттылығын бағалауға ауыстырылды. Қазіргі тапсырмалар тек білімді қайталауға емес, сонымен қатар ақпаратпен жұмыс жасау, оны талдау және практикалық жағдайларда қолдану дағдыла­рын анықтауға бағытталған.

2024 жылы ҰБТ форматына сәйкестікті анықтауға арналған тест тапсырмалары енгізілді, бұл бұрыннан бар форматтарды толықтырды: бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау, сондай-ақ мәтіндер, графиктер, кестелер және диаграммаларды қолданатын контекст негізіндегі тапсырмалар. Бұл талапкерлердің логикалық ойлау қабілеті мен ақпарат элементтері арасындағы байланысты орната білуін толық бағалауға мүмкіндік береді.

Барлық аталған өзгеріс функционалдық сауаттылықты бағалауға бағытталған және білім жетістіктерін бағалаудың заманауи халықаралық тәсілдеріне сәйкес жүзеге асырылады. Атап айтқанда, ҰБТ тапсырма­ларының құрылымы мен мазмұны PISA, TIMSS халықаралық зерттеулері мен SAT және A-level стандартты тестілері принцип­терімен үйлеседі, мұнда басты назар тек білімде емес, оны өмірде қолдану қабілетіне де аударылады.

Осылайша, ҰБТ тапсырмаларын жаңарту халықаралық білім сапасын бағалау стан­дарттарына сәйкес жүргізіліп, талапкерлердің талдау және практикалық дағдыларын қа­лыптастыруға бағытталған», – дейді Нұрсейіт Байжанов. 

Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында ҰБТ-ға қатысушы әрбір адам жеке жасалған тест нұсқасын алады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бұзушы­­лықтардың алдын алу мақсатында тестілеуге кіреберісте тыйым салынған заттарды, мысалы, телефондарды, шпаргалкаларды және т.б. алып кіруге жол бермеу үшін қол және рамалық металл іздегіштер қолданы­лады. Тестілеу аудиторияларында рұқсат етілген магниттік толқындар шегінде мобильді және радиоэлектронды байланыс сигналдарын басатын құрылғылар пайдаланылады, сондай-ақ бейнебақылау жүргізіледі.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күн­­­тізбелік жылдың 31 қазанына дейін бей­не­жазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым са­лынған заттарды пайдалану немесе басқа да ережелерді бұзу фактілері анықталған жағ­дайда, талапкердің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Өкінішке қарай, ҰБТ өткізу барысында Ұлттық тестілеу орталығына тәуелсіз себептерге байланысты кейбір өңірлерде тестілеу тоқтатылып, тест тапсыру күндері ауысуы мүмкін. Атап айтқанда, электр энергиясының, интернеттің өшуі немесе су жеткізудің болмауы сияқты жағдайлар кездеседі. Бұл үзілістер қызмет көрсетуші компаниялардың жұмысына байланысты туындайды. Әрине, мұндай жағдайлар сирек кездеседі. Орын алған жағдайда Аймақтық мемлекеттік комиссия мүшелері жедел шаралар қабылдап, мәселелердің уақытылы шешілуін қамтамасыз етеді.

Дайындық деңгейін бағалау және емтихан форматына бейімделу үшін онлайн сынақтан өту мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар оқу жылының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында дайындық үшін барлық қажетті материал жарияланады: ұсынылатын оқулықтардың тізімі; тестінің толық жоспары; Қазақстан тарихы және дүниежүзілік тарих бойынша 100 маңызды тарихи күндердің тізімі; информатика бойынша терминдер глоссарийі; қазақ және орыс әдебиеті бойынша әдеби шығармалардың тізімі. Бұл ресурстардың барлығы талап­керлерді ҰБТ-ға сенімді және сәтті дайындық үшін құралдардың толық жиынтығымен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар тестілеу бағдарламасында барлық талапкер үшін калькулятор, химиялық эле­менттердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады.

Қорыта айтқанда, 2026 жылғы ҰБТ фор­маты айтарлықтай өзгеріссіз қалғанымен, оның мазмұны мен бағалау тәсілдері біртіндеп жаңарып келеді. Бүгінгі тест жүйесі тек білімді жатқа білуге емес, оны талдап, өмірде қолдана алу қабілетіне басымдық беруге бағытталған. Сонымен қатар алдағы жылдары енгізілуі мүмкін жаңа форматтар талапкер­лердің академиялық әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік бермек. Осылайша, ҰБТ жүйесі уақыт талабына сай жетілдіріліп, жоғары білімге әділ әрі ашық қолжетімділікті қамтамасыз етуді жалғастыра береді.

Айгүл СЕЙІЛ