«Көктем шықса болды, құрылыс компаниялары жолды қазуды бастайды. Ол шамалы уақытта біте қалса, мақұл. Құрылыс жұмыстары сонау қалың күзге дейін созылады. Бір жолды енді бітіп қалды дегенде, тағы басқа жағын қазып, шаңын шығарады. Ал ең таңғаларлығы, бір жөндеген жолды құрылыс компаниялары екінші мәрте қопарып жатады. Оның үстіне, сапасыз жол көлік жүргізушілерін қосымша шығынға батырады», – дейді Тараз қаласының тұрғыны Самат Тілеужан.
Иә, жол қадірін жүрген біледі. Шаһардағы жол құрылысы жұмыстарынан әбден шаршаған жүргізушілер осылайша жанайқайын білдіруде. Сонда жылда жолды жамай бергеннен оның сапасы жақсара ма? Әлде бізде жолды бір рет күрделі жөндеуден өткізуге қаржы жетпей ме?
Облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, соңғы екі айдың ішінде өңірдегі жолдар 706 рет тексерілген екен. Нәтижесінде, 3 427 ақау анықталған.
«Анықталған ақаулардың дені – белгіленген жол салу ережелерін сақтамау, құрылыстың сапасы сын көтермеу немесе белгілердің дұрыс жүргізілмеуі сынды жағдайлар. Тексерулер қорытындысында біз ақауларды қалпына келтіру үшін 711 нұсқама бердік. Жол әрдайым бақылауды қажет етеді. Өйткені жолдың сапасы жүргізушілердің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан департамент тарапынан нұсқама беріп қана қоймай, жауаптыларды жауапкершілікке тарту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл бағытта біз 273 хаттама толтырып, жол қауіпсіздігі мен сапасына немқұрайлы қараған 109 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс бердік. Ал ескертуді елемеген 10 жауапты тұлғаға тағы қосымша хаттама толтырылды», – деп жауап берді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр Жамбыл облысында 2 042 жол-көлік оқиғасы болған, 205 адам қаза тауып, 3 071 азамат түрлі дене жарақатын алған. Ал Тараз қаласында 957 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 256 адам жарақаттанып, 26 жолаушы көз жұмған.
Есепті кезеңді айтсақ, биыл үш айда облыс бойынша 377 жол апаты болса, 564 азамат жарақат алып, 32 адам қаза болған. Ал Тараз қаласында 193 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1 адам көз жұмып, 256 азамат түрлі жарақат алыпты. Байқап тұрсаңыздар, өңірде болған жол апаттарының тең жартысы Тараз қаласына тиесілі.
Әрине, жол апатының барлығы бірдей сапасыз жолдан болды деуден аулақпыз. Алайда жол сапасы да статистикаға әсер етпей қоймайтыны анық.
Тараз қаласы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, жол сапасы жергілікті биліктің жіті назарында. Алайда жол құрылыстарының дені орташа жөндеу екенін билік өкілдері де жасырмады.
«2024 жылы 120 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол 86,7 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, Санырақ батыр мен Шостакович көшелері жаңғыртудан өтті. Ал былтыр 108 көше орташа жөндеу көрді. Оның шақырымы 61,4-і құрап отыр. Қазір Қойгелді мен Асқаров көшелерін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, ең өзекті аумақ саналатын «Бурыл» алқабындағы 75 көшеге және «Барысхан» алқабындағы 24 көшеге тас жол төселді. Жалпы 2023-2025 жылдар аралығында 474 көше асфальтталды. Нәтижесінде, жол сапасы 58,6 пайыздан 74,5 пайызға жақсарды», – дейді қала әкімдігінің мамандары.
Иә, үш жылда 474 көшенің жөнделуі қуанарлық жағдай. Алайда Тараз қаласында үш жылдың өзінде 474 көше жөндеуді қажет етсе, сонда бұған дейін жауаптылар не істеген? Жолдың жер құмы шыққанша қараусыз қалдырған ба? Әлде жоғарыда жолаушылар шағымданғанындай, шенділер бір көшені жылда сипалап жүре берген бе? Егер осыған дейін 474 көше жөндеуді қажет еткен болса, демек Тараздағы жолдың жайы сын көтермегенін аңғару қиын емес.
Былтыр өңірде орташа жол жөндеу жұмыстарына 6,5 млрд теңге жұмсалған екен. Ал биыл 3,4 млрд теңге қаралып отыр. Демек, әлі де шаһарда жөндеуді қажет ететін жол көп деген сөз.
Әрине, байыбына бармай жатып, байбалам салудан аулақпыз. Алайда жол мәселесі қазір жүргізушілер мен жолаушылардың жанына батып тұрғаны анық. Жылда жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жұртшылық көруде. Алайда оның сапасы қандай? Егер бір көшені жөндеуге бөлінген қаржы толықтай тетігін тауып, мердігер мақсатты жұмсаса, келер жылы сол жолға қайта конкурс жариялап жатпас едік.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
