Қазақ руханиятына үлкен олжа салған қаламгерлер көп, соның бірі – Әділ Дүйсенбек. Журналистика мен жазушылықты қос қанатындай қатар ұстаған қаламгер газет көрігінің ыстықсуығында шыңдалды. Оның қаламгерлік жолдағы өнімді еңбегі ғана емес, адамгершілік болмысы да көпке үлгі, зор тағылым еді. Жақында белгілі жазушының жары Дариға Дүйсенбекпен сырласқан едік. Ол қарымды қалам иесі Әділ Дүйсенбекпен өткізген өнегелі ғұмыры туралы әдемі естелігін айтып берді.
Ар биігіндегі адам
222
оқылды

Жазу жолының жолаушысы

«Әдекең өте салмақты кісі, қыз­дың бәріне қарындасындай қарайтын еді» деді әңгіме басын­да Дариға апай. Содан екеуінің таныстығы туралы сыр шертті. Жамбылда басталған таныстық махаббаттың аласапыран алауын­сыз-ақ жүректің терең үндестігі­мен жарасқан қос тағдыр бір шаң­ы­р­ақтың астында тоғысты.

«1967 жылы С. Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік меди­цина институтының емдеу факуль­тетіне құжат тапсырдым. Конкурстан өтуге балым жетпей қалып, анамның рұқсатымен Жам­был технологиялық институ­тын­да оқитын әпкеммен қазіргі Тараз қаласына келдік. Бұл жерде Жамбыл мемлекеттік педагоги­ка­лық институты физика-матем­ати­ка факультеті деканының хат­шысы болып жүріп, осы фа­куль­тетке оқуға түстім. Сол жылы жазда әскерден келген бір топ жігіт практикадан өту үшін жат­ақ­ханадан орын алыпты. Бір күні сабаққа бара жатсам, ұзын шаш­ы­мнан бір жігіт тартып қалып еді, қасында отырған жігіт байыпты үнмен ескерту жасады. Кейін білсем, шашымды тартқан жігіт Әбіш, қасындағысы Әдекең екен», – деді Дариға апай алғаш­қы кездескен сәтін еске алып.

Сол күнгі кездейсоқ кездесу кейін тұрақты жүздесулерге ұл­асыпты. Кейіпкеріміз Алматыдан келген студенттермен жақын ара­ласып, туған күндерін үнемі бірге қарсы алған жылы сәттерді еске алды. Ондай жерде де Әділ ағамен сыпайы ғана амандасып, жағдай сұрасқан. Практика уақы­ты бітіп, Алматыға қайтқан Әділ ағадан жиі хат алып тұратынын, Талдықорғанға Алматы арқылы өткенде өзі күтіп алып, шығарып салатынын ерекше сезіммен жет­кізді. 

«Бірақ бір күні «Дариға, кө­кем мен тәтем үйіңе барып, саған құда түсейін деп жатыр» деп қал­ды. Мен оған қарсы болмадым, әкем де таңдауымды құптады. 1969 жылы 1 мамырда шаңырақ көтердік. Жамбылдың Ақжар ауылында тұратын Әдекеңнің Сатыбалды деген ағасы бізге той жасап берді. Әдекең ол кезде «Соци­алистік Қазақстан» газ­етін­де жұмыс істеп жүрген бола­тын», – деді Дариға апай. 

Алматы қаласында 30 жылға жуық тұрып, «Егемен Қазақстан» газеті Астанаға көшкенде ардагер журналист Әділ Дүйсенбек те бірге келеді. Ол кезде жары Дари­ға апай Алматыдағы С. Асфендия­ров атындағы медицина универ­си­тетінде басшылық қызметте бол­ғандықтан, Алматыда қалуға тура келеді. Бұл сәтті Дариға апай былай айтып берді:

«Мырзатай Жолдасбеков аға­мыз Еуразия университетіне рек­тор болып тағайындалыпты. Өзі Әдекеңе де сабақ берген екен. Мерей­тойдың бірінде Мырзатай аға Әдекеңді көріп: «Неге жалғыз жүрсің? Келіншегің қайда?» деп сұрап, мені Астанаға шақыртты. Өйткені өзі басқарып отырған уни­верситетте де кадр бөлімін басқаратын маман керек болып тұрған кез екен. Келдім. Бірден жұмысқа қабылдап алды», – деді. 

Журналистикадағы алғашқы қызметін «Социалистік Қазақ­стан» газетінен бастаған Әділ Дүйсенбек еңбегін дәл осы басы­л­ыммен аяқтады. Дариға апай жолдасының Талдықорғандағы газеттің, «Еңбек туы» сияқты та­ғы бірнеше басылымның редак­торы болуға шақырылғанын атап өтті. Алайда қара шаңырақ санал­ған басылымнан бас тартпаған екен. 

«Өмірінің соңына дейін қа­лам­ын тастамай, жазу жазды, күн­делікті газеттерді қалт жібер­мей оқыды. Қолжазбалары көп. Көбі – Жазирада. Жарты кітабын Жазираға өзі берген. Одан кейін Әдекеңе ас бердік қой. Сонда ол туралы фильм түсірілді. Фильмде Көпен Әмірбек, Дулат Исабеков, тағы бірқатар жазушы сөйледі. Сонда марқұм Көпен ағай бүй дейді: «Әдекеңмен кездескенде бір мешітке кіргендей болушы едік қой. Біреуге қалжыңдап, бір­еуді өсек қылып, біреуді балағат­тағанын естігеніміз жоқ», – деп толқыды апай.  

50 жыл бір шаңырақ астында бақытты ғұмыр кешкен жандар бірін-бірі айтпай түсінетін, көз­ден көріп ұғынатын. Дариға Дүй­сен­бекованың әр сөзі осындай жылы естелікке толы болды. «2017 жылға дейін ұлымыз Айдар барда ештеңені ойламай, алаңсыз бақытты күндерді өткізіппіз. Ұлымыздың қазасы төбемізден жай түскендей болып, есеңгіретіп қойды. Әдекемнің мейірімге, ізгілікке толы жүрегі перзент қай­ғысына шыдай алмады. Өмірім­нің ғажап сәттерімен бір секунд болса да қайта қауышуға мүмкін­дік болса, «Әдекем, өзің барда патшайымдай өмір сүріппін. Соны енді сезіп жүрмін!» дер едім», –  деп көзіне еріксіз жас алды. 

Қаламдас еді, қанаттас еді

Әділ Дүйсенбек пен Дулат Иса­бековтің әлемі бірге еді. Екеуі шығармашылық әлеміндегі жазу жолында тізе қосқан әріптес қана емес, өмірде де жақын дос, серік болды. Ол туралы Дариға апай таңды-таңға ұрып айтуға бар. Әділ ағаның қыздары Елігай мен Жазираның есімін  Дулат Иса­беков, ал оның егіз қыздарының есімін Айман-Шолпан деп Әділ Дүйсенбек қойған. Екеуінің қа-

л­ың­ достығы 61 жылдың ішінде қайнап жатыр. Жазу өнерінің қос тарланы 1961 жылы Қазақ мемле­кеттік университетінің филоло­гия факультетіне оқуға түскен. Дариға апай оқуға түскен алғаш­қы жылы екеуі де әскер қатарына алынып, бірінші Дулат Исабеков, кейін Әділ Дүйсенбек кеткенін сөз қылды. 

«Екеуі екі бөлек жерде қызмет етті. Әдекең Әзербайжанда үш жыл десантшы болған. Екеуі де келіп оқуын жалғастырды, фило­логия факультетін тәмамдаған. Әдекең соңғы курста оқып жүр­ген­де марқұм Балғабек Қыдыр­бекұлы «Егемен Қазақстан» газетіне жұмысқа шақырып, студент кезінен жұмыс істеуіне ықпал етті. Ол жерде 40 жылдай еңбек етті. Дулат ағамен отбасы­лық қарым-қатынасымыз да жа­қын болды. Оның жары марқұм Нұрғайша – менің жақын әпкем. Ал Дулат аға жездем, бірақ біз жолдас ретінде араластық. Бірақ Тараздағы тойымызға келе алма­ды. Әдекең, Дулат аға, Төлен Әб­дік, Бексұлтан Нұржеке жақын достар еді, жиі бір-бірінің үйінде бас қосып отыратын. 

Дулат Исабековтің бір жаз­ғаны бар еді: «Арамыз алыстады, көңілі­міз алыстаған жоқ, сен  суық жаққа кеттің, көңіліміз суыған жоқ, оң­түстік астана мен солтүстік астана­ның арасы мың шақырымнан астам, жүрегіміз адасқан жоқ. Астанаға келген сайын сағынышы­мыз­ды саябыр­сы­тып, құшақтасып жатқанымыз. Бірге отырғанда не туралы сөйле­су­ші едік? Әрине, жастық шақ, студенттік кез, 1-курста мақта теру­ге апарған кездегі қызықты оқиғалар, жыл сайын астық жинау­ға тың облысы­на апарған кездегі бастан кешкен қызық­тарымыз... 

«Құдай ажыратпаса, адам ажыр­ат­пас дос» деген рас болса, біз дәл солай өмір сүріп, екеумізді Құдай ажыратқанша, арамыздан қыл өтпеді» деп. Сол айтқанын­дай, екеуі де бір-бірінен ажыр­а­май, өмірінің соңына дейін қ­ас­ын­да болды» дейді Дариға апай. 

Сол достық Әділдей досы өмір­ден кеткеннен кейін де ажы­ра­ған жоқ. Досының отбасына келіп, үнемі балаларының халін біліп, қуанышын бөлісіп жүрді. 

«Нұрғайша апай кеткеннен кейін Дулат ағаның жағдайы жақ­сы болмады. Өмірінің соңында қызы Шолпан қарады. Ол кісі үнемі:  «Роман жазайын, эссе жаз­ай­ын, менің бірінші оқыр­ман­ым – Нұрғайша еді» деп ай­т­ып отыратын. Ол рас, одан кейін қыздары да «Анамыз кеткеннен кейін әкеміз жетімсіреп қалды» деп айтып жүрді. Дулат аға бәй­бі­шесінің көзі тірісінде «Бір ро­маным бар, соны бітіре алмай жатырмын. Көзім дұрыс көрмей­ді» деп жатты. Сол романын аяқ­тай алмаған секілді. Екеуі үнемі кездескенде өткен қызықтарын айтып, жалықпайтын. Сағыныс­ып көрісетін еді. Арамыздан екеуі де кетіп қалды» деп күрсінді Дариға апай.

 «Шерағаңның шеруі»

«Мәскеуде өткен 28 партия сьезіне Әдекең Шерағаңмен бірге барған. Шераға келгеннен кейін «Социалистік Қазақстан» газеті­нің бас редакторы болды. Содан кейін бізге Достық (бұрынғы Ленин)  көше­сінің бойынан бір бөлме үй берді», – деді Дариға апай.

Кейіпкеріміз Дариға апай Шер­ағаңның қатал бастық бо­л­ғанын айтады. Солай бола тұра, Әділ аға Шерағаңды ерекше құр­мет тұтқан. Шерағаңда Әділ іні­сіне деген ықыласы бөлек-ті. Сол себепті де «Арқари» деп еркелетті. Шерхан Мұртаза іссапарда үнемі Әділ Дүйсенбекті өзімен алып жүр­ген. Осындай сыйластықтан Әділ ағаның қаламынан «Менің Шерағам» атты керемет шығарма туды.

«Әдекең бұл шығармасын жарыққа шығармас бұрын Шер­ағаңнан рұқсат сұраған-тұғын. Бірақ ол келіспеді. Десе де, Әде­кең жазуын тоқтатқан жоқ, ақыр­ында аяқталған еңбегін өзіне көр­сетіп, рұқсатын алып барып, жарыққа  шығарды. Арада біраз уақыт өтті. Біз Астанадамыз, о кісі Алматыда қызымен тұрып жат­қанда қатты ауырды. Әділ қызына хабарласып, телефон арқылы Шерағаның халін сұрап отырды. Сонда Шерағаңның қызы: «Әділ аға, сіздің звандаған­ыңыз­ды күтіп жатады. Сіздің дау­ыс­ыңызды естісе,  көзінен жас ағады» дейді екен. Өле-өлгенше Әдекең о кісінің қасында болды ғой», – деп тебіренді. 

Екі алыптың тілі де, шығар­ма­сы да үнсіз үйлесім табады. «Шер­ағаңның шеруі» қалай туған­ын сенатор Нұртөре Жүсіп былай жазады: 

«Біз Әділ Дүйсенбек туралы сөз еткенде Шерхан Мұртаза есім­ін айналып өте алмаймыз. Шерағаң туралы айтқанда Әділ Дүйсенбекті аттап кете алмаймыз. Жазушы Әділ Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі» роман-эссесі – Шерхан Мұртазаға тұр­ғыз­ылған ескерткіш іспеттес... Әуел­гіде бірі – басшы, бірі – қос­шы болып, бір редакцияда қыз­мет еткен екеуі жұмыс бабымен Жамбыл облысына іссапарға барыпты. Жанындағы журналисі­нің қырағылығы, сезімталдығы, шын­шылдығы мен адалдығы сүйсіндірсе керек, редактор келе-келе оны жанынан тастамайды. Кә­сібі қалыптастырған дағды болса керек, әуелгіде Шерхан Мұр­тазаның аузынан шыққан тәм­сіл сөздер мен қызықты жайт­тарды қойындәптерге түртіп ала жүрген көрінеді. «Шерағаңның шеруі»  Әділ ағаның төлқұжаты секілді».

Бұл еңбекте шынайылық, құрмет, ұлтқа деген жанашыр­лықтың үні есіп тұрады. Өйткені Әділ аға – Шераға болмысына сырт­тай қарап қана қойған жоқ, оны ішкі әлемінен, жан тереңінен сезіне білді. Сондықтан ол бір тұлғаға арналған ескерткіш боп қаланды. 

Жазушының өмір жолы – қа­ламға адалдықтың, азаматтық­тың, сабыр мен сырға толы пара­саттың айнасы. Ол – сөз өнерін елдің рухани жүгін арқалаған үлкен жауапкершілік деп білген, журналистиканы жанымен сүй­ген, азаматтық үнін жоғалт­паған қайраткер тұлға. Ардагер жур­налис­тің артына қалдырған мол мұрасы – тек қағаз бетінде  емес, ел жадында, кейінгі ұрпақтың өне­гелі үлгісінде мәңгі сақталары сөзсіз.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ