Ұрпақтар арасы небәрі он бес жыл болғанымен, әр буынның өздері мен әлем туралы көзқарасы әртүрлі. Fun group names сайтының мәліметіне сүйенсек, XXI ғасырдың ең жас буындары – Z (1997-2012-жылдары дүниеге келгендер) пен Альфа (2013-2024-жылдары дүниеге келгендер.) Қызығы сол, бір дәуірдің ұрпағы болғанмен, осы екі буын дүниетанымында айырмашылық бар екен.
Болмысы бөлек буындар
179
оқылды

Екі ұрпақтың дүниені тануы әртүрлі

Зерттеушілер респондент­тер­ден алдымен өздерін бір сөзбен су­рет­теуді сұрапты. Z буыны өзін сурет­тегенде мінез-құлқына, ішкі жан дүниесіне мән берсе, Альфа буыны өзін физикалық дене немесе қо­ғам­дағы қазіргі статусына қарай си­пат­тайды. Жауап бергендердің басым бөлігі өздерін «оқушы», «футбол­шы» немесе «бала» деп таныстырған. 

Z ұрпағының жауаптарында позитив пен негатив қатар жүреді. Кейбірі өз өмірін «мейірім», «ба­қыт», «эмоция» дейтін ұғымдармен байланыстырса, бірқатары үшін «депрессия», «хаос» өзекті саналса керек. Алайда позитивті жауаптар негативке қарағанда көбірек екені анықталған. Демек Z ұрпақтың қоғам ойлағаннан көрі бақыттырақ екені белгілі болды. Ең қызығы, екі буын да өз мінездерін ашық – ақ, көк, жасыл түстермен бейнелеген. Олар ақты – тазалық пен адалдық, көкті – тыныштық пен сенім, ал жасылды сұлулық пен табиғаттың түсі деп есептейді. Бұл нәтиже жаңа ұрпақтың өз өміріне көңілі тола­тынын көрсетеді. 

Жаңа буын кімді үлгі тұтады?

Бұл сұраққа Z буынының көп бөлігі жауап ретінде отбасы мүше­сінен бастап Емма Уотсон, Адольф Гитлер, Роберт Седжвик секілді тұлғаларды, танымал әлемдік жұл­дыздарды жазған. Екі буын ара­сын­да кейбір қатысушылар үлгі тұтар тұлға ретінде өздерін көр­сет­кен. Бұл жастардың қазір өздерін сыйлауды, бағалауды алдыңғы қатарға қоя бастағанының көрінісі болса керек. 

Өзін сыйлататын һәм сыйлайтын ұрпақ

Зерттеу барысында респон­дент­терге «Басқа адамдардың сен туралы нені түсінгенін қалар едің?» деген сауал қойылған. Бұл сұраққа Z ұрпақ «Олардың мені көбірек түсінгенін, тыңдағанын қалайты­нымды ескерсе екен», «Маған көп махаббат пен мейірімге толы көз­қарас керек екенін түсінсе жақсы болар еді», «Олар менің әзілдерімді дұрыс түсінгенін қалаймын», «Ме­нің альтруист адам емес екенімді түсінсе деймін» дейтін жауаптар берген. 

Альфа ұрпақ үшін өзгелердің оларды түсініп-түсінбегені бәрібір екені белгілі болған. Респонденттер жауабы соны көрсетеді. Басқа адам­дардың ойына емес, өзіңе көбірек мән беру, өзіңді жақсы көру олар үшін әлдеқайда маңызды екенін атап өтіпті. Бұған қарап жастардың қоғамда бейтарап көз­қа­распен өмір сүруді жөн санай­тынын байқауға болады.

Ел болашағы жас ұрпақты да алаңдатады

Қызығы, зерттеу барысында жастар мен жасөспірімдерге ел болашағын қалай елестететіні жайлы сұрақ қойылған. Дәлірек айтқанда, алдағы он жылда қандай өзгерістер болуы мүмкін екенін сұраған. Екі ұрпақ та Қазақстанның технологиялық дамуы мен саяси бағытын ескере отырып, жауап берген. Z буыны технологияның дамуы мен әлемдегі тыныштықты сөз етеді.

«Әрине, технология қаттырақ дамиды деп сенемін, сонымен қа­тар өмір де қиындап барады», «Ға­ламтор желісі мен технология жаңа деңгейге сөзсіз жетеді», «Жақ­сырақ дамыған, мүмкіндік­терге толы әлем болса деймін» деген мазмұн­дағы жауап көп кездескен. 

«Қазіргі ғасыр оңып тұрған жоқ. Көбі еркіндік пен әдептің ара жігін ажырата алмай жүргені қа­паландырады. Алға басып жатыр­мыз деген қадамымыз, керісінше, бізді құлдыратып жатқандай. Әри­не, бәрі емес. Бірақ осы қарқынмен кете берсек, 10 жылдан кейін зар­да­бын тартатын шығармыз», –дейді Z ұрпағы өкілі.

Ал Альфа ұрпақтың жасы кіші (12 жастан төмен) болса да, оларды елдің саяси, экономикалық жағ­дайынан бейхабар деп есептеу дұрыс емес. Зерттеу нәтижесінде олар­дың да қоғамда болып жатқан мәселер жайлы ойланып, уайым­дайтыны белгілі болды. 

«Мен басшылардың дұрыс жұмыс істеп, қаланы таза ұстағанын қалаймын», – деп Альфа ұрпақ өкі­лінің жауап беруі – осыған дәлел.

Жалпы, ұрпақтар арасындағы қатынастарды көбіне батыс елдерінің ғалымдары зерттеп жүр. Ал елімізде бұл тақырып қан­ша­лықты зерттелуде? Әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлының айтуынша, қазір буынаралық байланыстар, олардың өзгеріске ұшырау реті, қар­қыны толыққанды зерттеліп жатқан жоқ және мұндай күрделі жұмыстар бірнеше жыл, тіпті ға­сырлар талап етуі мүмкін.

«Қазір бір ұрпақ пен екінші ұр­пақ түгілі, солардың ішіне кіретін бірнеше буынның өзі бір-біріне ұқса­майды. Техника, технология, экономикалық қарым-қатынастар, әлеуметтік құндылықтардың өзге­руі, қоғамдағы бөлініс тым қар­қынды. Тіпті, қазір ата-ана баласын дұрыс танымайды. Неге? Себебі өзгеріс көп. Сондық­тан жастардың тәрбие­сіне, өмірлік ұстанымдарын, құн­дылықтарын қа­лыптастыруға ата-ана немесе мектеп толық ие бола алмайды. Оларға масс-медиа иелік ете бас­тады», – дейді Рамазан Саттарұлы.

Қысқасы, ұрпақтардың таным-түсінігінде құпия мен айырмашы­лық көп. Тіпті, бұл ерекшеліктер әр аймақта әртүрлі болуы да мүмкін. Сондықтан бұл бағытта кешенді зерттеулер жалғаса бергені жөн шығар. 

 

Жанель Еркінбаева, Мақсұт Нәрікбаев университеті студент