«AMANAT» партиясы жанындағы Экологиялық кеңес көгалдандыру жұмыстарындағы жүйелі олқылықтар мен экологиялық саясатты жақсарту жөніндегі партиялық ұсыныстарға мемлекеттік органдардың бейжай қарауын сынға алды. Бюджеттен миллиондаған теңге бөлінгенімен, нәтиже мардымсыз. Мәселен, бірқатар өңірде әлі күнге дейін цифрлық мониторинг жүйелері енгізілмеген, ал жауапты ведомстволар нақты диалогтің орнына ресми жауаптармен шектелуде.
Көгалдандыруда кілтипан көп
178
оқылды

Бұл туралы Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Бауыржан Смағұлов мәлімдеді. Оның айтуынша, былтыр кеңес жеті оты­рыс өткізіп, 92 ұсыныс әзірлеген — соның 85-і орталық мемлекеттік органдарға, 34-і әкімдіктерге жолданған. Алайда толық­қан­ды кері байланыс жекелеген ведомство­лардан ғана түскен. Экология және Ұлттық экономика министрліктері сынды негізгі ведомстволар өтініштерді елемей, тек рес­ми жауаптармен шектелген.

Кеңес отырысы барысында министр­ліктер өкілдері де жүйелі проблемалардың барын мойындады. Экология министрлі­гінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Мақсат Елемесовтің айтуынша, 2021–2024 жылдар аралығында Президенттің тапсырмасымен елді мекендерде 14,3 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Алайда жасыл желек­терге мониторинг жүргізу тек жекелеген ай­мақтарда жолға қойылған, сегіз өңірде бұл жұмыс бәсең күйде. Бұған басты се­беп — қаржыландырудың жеткіліксіздігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүйелі жұмыстың болмауы.

Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрайымы Айгүл Соловьева есеп үшін «есеп» беруді до­ғарып, нақты нәтижелерге көшу қажет екенін айтты. Сондай-ақ ол экологиялық күн тәртібіне регенеративті егіншілік пен орман қалдықтарын экономикада пайда­лану мәселелерін енгізу қажетін атап өтті.

Кеңес төрағасының орынбасары Елдос Абақанов тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Ол бірыңғай әдістемелердің болмауы және цифрландыру деңгейінің төмендігі мәсе­ле­сін тілге тиек етті. Цифрлық мониторинг жүйесі 2021 жылы іске қосылады деп жа­рияланғанымен, бүгінде ол тек сегіз өңірде жұмыс істейді. Дегенмен бұл бағытта қаржы тұрақты түрде бөлініп келеді. 

«12 өңірде цифрландыру әлі басталған жоқ. Бұл мәселе неге бес жыл бойы ше­шіл­мей келеді? Біз аталған жағдайды Пар­тия­лық бақылау комитетінің қарауына беруді ұсынамыз. Ол жерде тексеріс қатаң бола­ды», – деді ол.

Талқылау барысында бұдан да күрделі мәселе анықталды: Қазақстанда қалалар мен ауылдардағы жасыл желектердің жай-күйіне жауапты уәкілетті орган әлі жоқ. Барлық жауапкершілік әкімдіктерге жүк­телген, ал министрлік тек үйлестіруші рөлді атқарады. Осылайша, экологиялық бағдар­ламалардың дұрыс жүзеге аспауы тиімді нәтиже бермей отыр.

Қорытынды сөзінде Бауыржан Сма­ғұлов кеңес құрамында өңірлердегі нақты мә­­се­лелермен күнделікті бетпе-бет келіп жүрген танымал сарапшылар бар екенін атап өтті.

«Біз көтеріп отырған мәселелер «AMANAT» партиясының сайлауалды бағ­дарла­масын іске асыру жөніндегі Жол кар­та­­сының міндеттерімен тікелей байла­ныс­ты. Бұрын қабылданған барлық ұсынысты профильді органдарға қайта жолдаймыз және бір ай ішінде мазмұнды жауап кү­теміз», – деп түйіндеді депутат.

Елнар ЕЛТАЙ