Футбол федерациясы манежіне қарап, таңданып тұрғанымызда жанымызға бір бала жүгіріп келді. Өзін суретке түсіруімізді сұрап, штативті қызықтады. Үстіне киген ұлттық құраманың жейдесі жарасып-ақ тұр. Артынша достары келіп еді, жүгіре басып, жанына жетті. Ата-аналар да бір-бірімен есендесіп, жанкүйер орнына жайғасты. Біз де маңызды матч көруге келгендей отыра кеттік. Әуелде аутизм және Даун синдромы бар балалар футболының форматын білгіміз келген. Сөйтсек, спортта шектеу жоқ, шектеу санамызда екен.
Сансыз шектеу санада
320
оқылды

Балалар жаттығу жасап, денесін қыздыруға кі­ріс­ті. Бап­кер Петр күлімдеп, бір­деңені түсіндіріп жатыр. Алыста отырған соң естімедік. Бірақ емен-жарқын қарым-қаты­насына қарап сүйсіндік. Содан кейін олар алаң шетімен жүгіре бастады. Көздері бал-бұл жа­нып, бір-бірін демеп келе жат­қандай. Бірінші рет көрген адам­ға да команданың рухы се­зілді, білем. Ата-аналардың көз­қарасынан матч басталуын тағатсыздана күтіп отырғанын жазбай таныдық. Осы тұста жа­нымызға Uni football League жо­басының координаторы Самал Төлегенқызы келді. 

Шапағаты мол жоба

«Болашақ» корпаративтік қоры Uni football League жоба­сын 2023 жылдың қарашасында бастады. Бастапқыда қордың жыл сайынғы Қысқы қайырым­дылық балынан түскен қара­жатын жұмсадық. 2 жылдан бері Freedom шапағат қайы­рым­дылық қоры демеуші бо­лып жүр. Футбол федерация­сымен бірлесе жұмыс істейміз. Қазір еліміздің 9 қаласында 111 бала доп теуіп жүр. Жоба қаты­сушылары – 10-18 жас ара­лығындағы аутизм, Даун син­дромы, дамуында басқа да ерекшелігі бар жасөспірімдер. Иә, алғашында күмәндандық. Диагнозы бар балалармен ко­ман­далық спортты ұйымдас­тыру жайына алаңдадық. Өйт­кені дамуында менталды бұ­зы­лысы бар балалар топтық ойындарға қатыса қоймайды. Олар көбінесе жеке спорт түр­леріне бейім. Мысалы, жүгіру, жүзу сияқты спорт түрін таң­дайды. Бірақ федерацияның арнайы жаттықтырушылары күдікті сейілтті. Ыждаһатты жұмыс нәтижесінде балалар аптасына екі рет келеді. Жай кел­мей, мына алаңға эмоция мен күш ала келеді», – дейді ол. 

Аталған қордың «Әр бала мектепке лайық» бағдар­лама­сының басталғанына 10 жыл толды. Сол шақта инклюзивті білім беруді дамытуды қолға алса, қазір қосымша білімге серпін беріп жүр. Соның бір қа­наты – спортқа баулу. Дамуын­да ерекшелігі бар баланың мектеп­ке барғанының өзі – жетістік. Бұл саланың өзінде қордаланған мәселе көп. Оларға қосымша бі­лім беру қажетті деңгейде еме­сі тағы бар. Жоба маман­да­рының ай­туын­ша, олар фи­зиологиялық, мен­талды ерек­ше­лігіне байланысты сек­­­­ция­ларға қатыса бермейді. Екін­шіден, үш мегаполистің өзін­де мүмкіндік аз. Сондықтан осы жо­баны естіген ата-аналардың қуа­­­­нышында шек болмаған. 

«Білесіз, ерекше баланы үйде қа­мап ұстай алмайсың. Сыртқа шы­ғарайын десең, бәрі таңдана қа­райды. Бала мұны сезбейді емес, се­зеді. Содан-ақ өзін қоғамнан бө­лектеп, ой шырмауына қамап ала­ды. Жылайды, сұрайды. Ұлым «ма­ма, менің неге досым жоқ» де­ге­­нінде ештеңеге қарамай, ма­ши­наға салып алып қала кезіп ке­те­мін. Осы ҚФФ ғимараты маңы­нан өткенде «шіркін, балам алаң­да доп тепсе» деуші ем. Тіле­гімді жақын-жуығымның бәрі біледі. Бірде та­нысым хабарласып, қордың жоба бастағанын айтты. Қуаныштан төбем көкке жеткен­дей болды. Бас­таманы қолдаған «Freedom Ша­пағат» қайырым­дылық қорына алғыс айтамын. Даниэль – 14 жас­та, аутизм диагнозы бар. Лигада доп теуіп жүргеніне 3 жылға жуық­тады. Алғашында алаңның бұрыш-бұрышына қашқан балалар – қазір бір команда», – дейді ата-ана Жә­милә Дүйсенқызы. 

Айтқандай, жанын салып пас беріп жүрген балалардың алға­шында допқа қарамағанын есті­генде таңырқадық. Себебі қазір мұның жұрнағы да жоқ. Ойланып тұрғанымызда Санжар соққан доп қақпа торын тоғытты. Ата-аналар: «Гоооол, Санжар жарайсың!» – деп шұрқырасты. Қуанарлығы, олар «менің балам, сенің ұлың» деп бөл­­мейді. Жетістігіне бірге қуанып, бірге қадам басады. 

Алаңда бізден басқа жоба авторы Шыңғыс Темірханов бар-ды. Білікті басшы балалардың бірінші жаттығуынан-ақ бірде-бір ойынды жібермеген. Өйткені жан-жаққа қашқан ұлдарды қолынан жетектеп, доптың қасына әкелген де өзі. Расында, бұл жаттықтырушы – ЦП футбол мен Blind football-ды Қазақстанға әкелген маман. Бұл не десеңіз, ЦП футбол – цереб­рал­ды сал ауруы немесе жүре пайда болған ми жарақаты бар адамдарға арналған командалық спорт түрі. Ал Blind Football – іші­нара немесе толықтай көру қабі­ле­ті зардап шек­кен адамдарға ар­н­алған фут­бол турнирі. 

«Өзім футболдағы инклюзия бойынша шетел мамандарынан дәріс алдым. Тәжірибе жүзінде сы­нап та көрдім. Осы бағытты да­мыту жөнінен шетелден грант иеленгенім бар. Ал аутизм және Даун синдромы бар балаларды фут­болға бейімдегім келетінін айт­қанымда жобаның ертеңіне кү­мән­­мен қарағандар болды. Де­ген­мен «Болашақ» қоры қолдап, ба­с­­тап кеттік. 9 қалада да тәжіри­белі тренерлер жұмыс істейді. Олар­­ға алдын ала дәріс оқып, дайын­дадық. Аталған қор маман­дары да диагнозы бар балалармен жұмыс турасында тренинг ұйым­дастырды. Жаттықтырушыларға үнемі психологиялық қолдау көр­сетемін. Жаттығудан соң көңіл күйін сұрап, демеуге тырысамын. Методика бойынша мұнда сары және қызыл қағаз көрсету жоқ. Ысқыруға тіпті рұқсат жоқ. Өзі үр­кіп тұрған баланы одан сайын қорқытуға тыйым саламыз. Аут пен бұрыштамада допты қолмен тас­тауға рұқсат. Өз қақпасына гол соқса да, қуанамыз. Себебі олар әлемді өзінше таниды. Біз қоғамға бейімдеуге, денеге салмақ түсіруге тырысамыз. Қақпаға соққы бағыт­тауды біліп, игергенінің өзі жетіс­тік», – дейді жоба жетекшісі. 

Спорт – ерекше жанның тірегі

Жетекшінің сөзін мұқият тың­дап отырған Самал Төлегенқызы алда секция жаны­нан мінез-құлық талдаушы мамандарды жұмыл­дыратынын айтты. Мамандар ба­ла­ларға психо-эмоционалды қол­дау білдіріп, көмек береді. Айта ке­терлігі, балалардың арасында мектепке де бармай, тек футболға келетіні бар. Олардың әлеуметтенуі аптасына екі күнмен шектеледі. 

Жалпы, Астанада Uni football League-қа 12 бала қатысады. Әлия Ақпанбайқызы да ұлын алғашқы­ның бірі болып жетектеп келген. Ұлы Алдияр – 17 жаста 8 сынып оқу­шысы. «Астана» клубының шы­найы жанкүйері, бірде бір ойы­нын жіберген емес. Анасының ай­туынша, бойындағы ауытқуын 3 жасында байқағанымен, түпкі­лікті диагноз 5 жасында қойылған. Содан бері спортпен дос. Жүзеді, хоккей ойнайды, шаңғы тебеді. Тұрақты түрде футболға барады, паравелоспорт құрамасына мүше. 

«Ұлыма диагноз қойған шақта аутизм туралы ақпарат аз-ды. Коррекция орталығы жоқтың қасы. Сол үшін Петропавлдан Ас­танаға қоныс аудардық. Елордада да оны футболдан, хоккейден тренер команда жаттығуына ал­ғысы келмеді. Сондықтан жеке жаттықты. Негізі, шаңғыны да, роликті де, басқасында өзім үйрет­ тім. Алаңқайға апарып, жүгіріп-секіртетінмін. Келе-келе инклю­зив қоғам қалыптасып, алға баса бастады. Қазір мүмкіндік көп. Ба­ла­ны барынша дамыту керек. Иә, оны ауладағы балалар қос­пайтын. Қазір соларға гол соқ­қанын көріп, қуанамын. Футбол баланың екі жарты шарын бірдей дамытады. Бұлшық ет қозғалып, екі аяқпен тең жұмыс істеуді үйренеді. Сондықтан жобаның ғұмыры ұзақ болсын!» – дейді ата-ана Әлия Ақпанбайқызы. 

Алдиярдың да мақсаты айқын. Болашақта Қоғамдық тамақтану және сервис колледжіне оқуға түскісі келеді. Сол үшін «Болашақ» қорының кәсіптік білім беру кур­сын жібермейді. Анасының ай­туынша, қамыр жайып, бауырсақ пісіргенді ұнатады. Тамақты дәмді жасайды. Өзіне осы процесс, піс­кен тамақтың дәмін көру ұнайды екен.

«Баласының диагнозын білген ата-анаға айтарым, спортпен шұ­ғыл­дануына жағдай жасаңыз. Спорт – ерекше баланың тірегі. Қоғамға бейімделіп, еркін өмір сүруінің тұтқасы. Әрі орта тауып, машық меңгеретіні тағы бар. Бәрі­міз баламен бірге дамыдық, жол іздеп келе жатырмыз. Алдиярдан кейін үш балам бар. Кенжелері тіпті балабақша жасына жетпеді. Бірақ өзім Алдиярды жетелеп жүр­мін. Курсына да, оңалту орта­лығына да апарамын. Мен дамыл­дасам, баламның дамуы тоқтап қалады. Сондықтан бір сәтке де аялдамаймын. Өмірім – күрес, соңына дейін күресуге қауқарым бар», – дейді ол. 

Баланың бабын тапқан бапкер

Ата-аналармен әңгіме-дүкен құрып, жаттығудың қалай аяқтал­ғанын аңдамадық. Инклюзивті футбол секциясының жат­тық­тырушысы Петр Александровичті жолай тоқтатып, жөн сұрадық. Сұхбат барысында бұл жан дүние­сінің таңдауы екенін ұқтық. Тә­жірибе мен мақсат үндесіп, бала­лармен энергия алмассам деген ниет тоғысқанын байқадық. 

«Былтыр бапкер болуға ұсыныс түсті. Бұған дейін ерекше бала­лармен жұмыс істемедім. Басында қорқыныш сезіміне бой алдырдым. Бірақ бұл маған – кәсіби сынақ, жауапкершілік екенін сездім. Ал­ғашқы жаттығуға бір сағат бұрын келгенім есімде, үрей басым. Себебі бұл балалармен қарым-қа­тынас құру үшін жеке тәсіл, шы­найы ниет пен таза жүрек керек. Сонда ғана олар саған ашылады, тыңдайды», – дейді бапкер. 

Петр Александрович бұл секция тек футболды үйретумен шектелмейтінін бірден түсінген. Жасөспірімнің ішкі дү­ниесін танып, тіл табысуға тыры­сады. Уақыт өте келе, жаттық­тырушы топпен жұмыс істеп көрмеген балалардан команда жасақтайды. Тіпті, жігіттер күздегі чемпионатқа қызу дайындық жасап жүр. Кубок көтеріп, медаль тағуға асық. 

«Бастапқыда олар тек жүгіріп, өздігімен доп тепті. Қазір так­тиканы, командалық ойынның маңызын ұғынды. Маңыздысы, олар жеңісті де, жеңілісті де түсіне бастады. Меніңше, әлеуметтенудің алды осы. Мұнда олар бір-біріне серік болуды, қолдауды үйренеді», – деп ой жалғады ол. 

Бапкердің айтуынша, әрбір баламен арада сенімді қарым-қатынас орнату – маңызды міндет. Содан кейін ғана жаттығу жемісін береді. Олар жеңілсе – көңілі түседі, жеңсе – шын жүрегімен қуанады. Бірақ әр жаттығудан кейін олар өздерін бір үйдің балаларындай сезінеді. Петр өзінің тағы бір сөзінде: «Біз ба­ла­ларға ортадан гөрі, отбасы атмосферасын жасап бергіміз ке­леді. Олар алаңға келсе қорық­пайды, өздерін қауіпсіз сезінеді. Ата-аналар көбіне ерекше бала­ларын көпшілік ортадан алыс­татуға тырысады, өйткені оларды түсінетін орта жоқ. Бірақ біз жі­гіттерге еркіндік бергіміз келеді», – деді ол. 

Петр қазір тек жаттық­тыру­мен шектелмей, өзі де ізденіп, түрлі семинарға қатысып, Еуропа тәжірибесін зерттеп жүр. Оның арманы – біліктілігін арттырып, инклюзивті спорт саласына жаңа әдіс-тәсіл әкелу. Доп пен тағы басқасын жинап жүрген оның шаршағанын байқамадық. Көзі күлімдеп, қуана жауап береді. «Бұл балалар энергияңды сормайды, керісін­ше эмоция сыйлайды» деп кесіп айтты. Расымен, жасөспірім­дердің емен-жарқын күйде доп теуіп, бапкерімен қимай қош­тасқаны бізге де ұнады. Әр сейсенбі мен бейсенбіні асыға күтетіні кө­рініп-ақ тұр. Әсіресе, әкесі қай­та-қайта суын беріп, жігер­лен­діріп жүрген балаға назарымыз ауды. Ол да бап­керіне ұзақ қол бұлғап, киімін ауыстыруға асық­пады.

Санжар – Даун син­дромымен өмірге кел­ген бала. Бірақ ата-анасы да, Сан­жар да диагнозды кедергі ретінде қабылдамайды. Қимылы ширақ, ерік-жігері мықты. Ко­ман­да­ластарынан бір елі қал­майды, кейде тіпті алға озып кететіні де бар. Әкесінің ай­туын­ша, оның күші – ашық суда жүзу. Жүзудегі төрт стильді тең меңгерген. Қазан қаласындағы Special Olympics жарысы, Қап­ша­ғайдағы әлем чемпионаты, Дубайдағы халықаралық бәсеке – көпшілікке белгісіз бала­ның үнсіз ерлігі. Дәлірек айт­қанда, күресі. Оның мақсаты айқын. Сол жолда ата-анасымен бірге тер төгіп жүр. Алда Virtus ұйымы өткізетін ашық жүзуден әлем чемпионатына баруды арман­дайды. Одан кейінгі меже – Паралимпиада алтыны. Әри­не, Лос-Анджелестен кейін­гі Па­ра­лимпиадада ашық жүзу спорты тізімге қосылуы бек мүм­кін. Бірақ Санжар жеңіс үшін емес, шектеуі жоқ қоғам үшін жүзуге бекінген. Жұлдызың жар­қырасын, балақай!

P\S: Сөз соңында статистиканы сөйлетуді жөн көрдік. Себебі елорданың өзінде инклюзив қоғам енді ғана адымдап келеді. Қоғам ерекшелігі бар баланы ортаға қосуға асықпайды. Неге? Өйткені олар қосымша білім беруді былай қойғанда, жалпы білім беруіне керек. Арнайы балабақшаға барудан бастап, мектептегі тютор мәселесі күн тәртібінде тұр. Ресми мәлімет бойынша, қазір елімізде 508 арнайы білім беру ұйымы бар. Соның ішінде ерекше баланың білім беру қажеттін анықтау және бағалау, оқыту және тәрбиелеу мәселесі бойынша отбасына кеңес беру мақсатында 110 ПМПК жұмыс істейді. Оқыту, тәрбиелеу, оңалту мақсатында 398 арнайы білім беру ұйымы тағы бар. Соның ішінде 99 арнайы мектеп, 45 арнайы балабақша, 230 түзету кабинеті, 11 аутизм орталығы, 13 оңалту орталығы. 

Білесіз, бертінге дейін ауылда көбінесе бала үйден оқитын. Оның үйіне барып білім беру, тәрбиелеу – мұғалімнің ар-ұятындағы дүние еді. Мүмкін сол кезден бастап жүйені қатаңдату қажет пе еді? Сонда тұрғын үй ауласында ерекше балаға үрке қарап, баласын бауырына тыға алшақтайтын буын қалыптаспас-ты. Ал үрейді жеңуге жоғарыдағыдай жобалар жетелеп жүр. Өйткені әрбір ұл футболшы болуды армандамайтын ба еді? Алдиярдың анасы да ұлының жатса-тұрса ойлайтыны аладоп екенін айтты. Осы жоба ашылғанда қуаныштан көз жасына ерік берген ата-ана қаншама?! Сондықтан кәсіпкерлер мен қоғамды ерекше балаларға қолдау білдіруге шақырамыз. Мысалы, Алдияр кішкентайынан әкесімен бірге «Астана» клубының ойынын жібермей көреді. Әкесінің сөзінше, үйдің бұрыш-бұрышы футболмен байланысты естелікке толы. «Астана-Аренаға» аладоп қайта оралғанша тағатсыздана күткеннің бірі де осы – Алдияр. Онда неге еліміздің белді клубы жанкүйерін матчқа арнайы шақырып, абонемент табыстамасқа?! Осындайда болайын деп тұрған баланың белін буған игі. 

 Айзат Айдарқызы, Әсет Қали