Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қазақы нақыштағы киімді қоғам өміріне кеңінен енгізу жөнінде тапсырма берді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы жұмыс тобы елімізде ұлттық киім үлгісін қоғамға енгізу және жастар арасында сәнге айналдыру бойынша ұсыныстар әзірлеп бастады. Жалпы, этностильді жастар арасында сүйкімді ету үшін қандай жұмыстар қажет? Заманауи үлгі ұлттық нақышты жатырқап жүрген жоқ па? Мамандар не дейді?
Оюлы орамалым – бүгіннің бренді
260
оқылды

Өнер мен тарихтың насихаты жетіспейді

Соңғы жылдары елімізде ұлт­тық киімдерді наси­хат­тау жөнінде шаралар атқарылып ке­леді. Мәселен, «Наурызнама» он­­­­күндігі аясында «18 наурыз – Ұлт­тық киім күні» болып жария­лан­ды. Бұл күні еліміздің барлық ау­мағында ұлттық киімдер шеруі өтті. Сондай-ақ бұл бастамаға елі­міз­дегі мемлекеттік органдар мен ұйым­дар қолдау білдіріп келеді. Апта­ның белгілі бір күні, әдетте бей­сенбі не жұма күндері жоғары оқу орындарының, білім орда­ла­ры­ның оқытушылары мен оқу­шы­лары қазақы нақышта киінуді дәс­түрге айналдырды. Бұған қоса, Ас­тана, Павлодар және Ақтөбе өңір­лерінде тұрақты өтетін Taqiya-fest фестивалін атап өтуге болады. Са­рапшылардың айтуынша, ұлт­тық киімді тартымды етуді оның тарихын наситтаудан бастауымыз керек. Филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшір­бе­кова­ның айтуынша, жастардың өнер мен тарихқа қызығушылығын арт­­­­­тыру үшін насихат жетіспейді.

«Кез келген саланың дамуына дұрыс ақпарат пен жарнама қажет. Егер жарнама жақсы жолға қойыл­са, кез келген дүниені халыққа қы­­зықты етіп ұсынуға болады. Мы­­салы, ұлттық киім мәде­ние­ті­нен бастап, қазақтың алғашқы шалбар кигені, алтын мен күмістен жа­салған бұйымдарды қол­дан­ғаны, әйелдердің аяқкиіміне дейін ал­тын жіппен кестелегені – бәрі та­рихи дерек. Осыны кеңінен на­си­хаттап, дұрыс таныта білсек, жас­тар да ұлттық өнер мен тарихқа қы­зығушылық танытады. Содан кейін барып, ұлттық киімді зама­науи талаптарға сай, әдемі әрі сти­льді етіп ұсыну қажет. Сонда ғана ол жастар арасында танымал бола алады», – дейді Гүлмира Шайт­мағанбетқызы.

Бүгінде этностильге сұраныс бар. Бұл салада қызмет етіп, түрлі заманауи үлгіде кол­лек­ция­лар ұсынып жүрген этноди­зай­нерлер қатары көбейіп келеді. Әйт­се де, қазақы үлгідегі киім­дер­дің бағасы көбіне-көп көпшілікке қол­жетімсіз. Гүлмира Әшірбекова­ның пікірінше, нарықта жүрген ұлт­тық киімдердің көпшілігі Қыр­ғызстан мен Қытайда тігіледі. 

«Қазақтың киім мәдениетінде бү­гінде ұмыт бола бастаған бүрмелі көй­лектей дәстүрлі үлгілері бар. Қа­зіргі таңда отандық дизайнерлер әде­мі әрі заманауи ұлттық киімдер ті­гіп жатыр. Бірақ олардың бағасы қым­бат, көпшілікке қолжетімсіз. Күн­делікті киюге арналған киім­дер қалтаға салмақ түсірген соң, ұлттық киім мәдениеті кең да­мы­май отыр. Дегенмен этно үлгідегі дү­ниелер мүлде қолданыстан шы­ғып кетті деуге де болмайды. Мы­салы, қазір көшеде шапан киіп жүр­ген адам көрсең, таңғал­май­сың. Себебі ол күнделікті өмі­рі­міз­дің бір бөлшегіне айналып үлгерді. Тақия, камзол да солай – бұл біз­дің ұлттық киіміміздің қайта жаң­ғы­рып келе жатқанын білдіреді. Ұлт­тық киімдерді күнделікті өмір­де кию қалыпты жағдайға айналып ке­леді. Мысалы, университет ішін­­­­­де бірқатар әріптесіміз үнемі ұлт­тық киіммен жүреді. Бұл үрдісті әрі қарай дамытып, жандандыра беруіміз керек. Бірақ, өкінішке қа­рай, нарықта жүрген ұлттық киім­дердің көпшілігі Қырғызстан мен Қытайда тігіледі. Бұл істі өзі­міз неге қолға алмаймыз? Отандық ди­зайнерлер ұлттық киімді бағасы қолжетімді матамен тігіп, неге сат­пайды? Еліміздегі этно­ди­зай­нер­лер сән саласына ғана емес, на­рық­қа бейімделіп жұмыс істеу ке­рек. Сондай-ақ қазір әлеуметтік же­лілердің дәуірі. Ел алдында жүр­ген танымал тұлғалар, әсіресе жас­­­­тардың кумирі саналатын өнер жұл­дыздары ұлттық киімді зама­науи үлгімен сәтті үйлестіріп, трен­д­ке айналдыруға тиіс», – деп атап өтті Гүлмира Шайтмағанбет­қызы.

Этно – бұл тек тойдың сәні емес

Еліміздегі этнодизайнерлер ұлттық киімнің болашағы- на сенеді. Өйткені жастардың ара­сын­да қазақы нақыштағы кез кел­ген бұйымға, киімге, аспаптарға, әше­кейлерге, тіпті жиһаз үлгі­ле­рі­не қызығушылық жоғары. Қазақ­стан­дық Этнодизайнерлер одағы­ның президенті Салтанат Жа­па­рова­ның айтуынша, қазіргі буын өз тамырын іздейді, соны заманауи тәсілмен табуға тырысады. 

«Этнодизайн – бұл қазақтың бай мұрасы мен рухани кодын за­ма­науи әлемге жеткізудің визуал­ды тілі. Біз ұлттық нақышты зама­науи сәнмен, цифрлық дизайнмен, ин­терьермен және білім беру жо­баларымен ұштастырып, көрер­мен­ге жаңаша форматта ұсынып ке­леміз. Мысалы, «Ақ Кербез» ат­ты топтамада шапан мен кә­же­кейдің заманауи үлгілерін жасап, Ис­пания мен Катардағы ха­лық­аралық подиумдарға шығардық. Со­нымен қатар білім саласында «Эт­нодизайн» үйірмесі мен автор­лық бағдарламалар арқылы мектеп оқушыларына ұлттық өнерді қол­мен жасап үйрену мүмкіндігін бе­ріп жатырмыз. Жастардың тал­ға­мы соңғы жылдары едәуір жаңа­рып, олар дәстүрлі элементтерді ерек­ше стиль ретінде қабылдай бас­­тады. Біз ұйымдастыратын сән көр­сетілімдері мен шеберлік са­бақ­тарында жастар ұлттық нақыш­ты тек мәдени мұра ретінде емес, тренд­ке айналдыруға дайын еке­нін дәлелдеп жүр. Қазіргі буын өз та­мырын іздейді, соны заманауи тә­­сілмен табуға тырысады. Сон­дық­­тан этностиль бүгінгі заман­ның ұлттық жаңғыруына айналып ке­леді», – дейді Салтанат Амин­қызы. 

Қазақ халқы ұлттық киімді әше­­кейлеуге ерекше ықылас ау­дар­ған. Әр оюға ерекше мән беріп, оның қайда, қандай бұйымда не­ме­се қандай киім үлгісінде қалай қол­данылатынына зер салған. Мә­селен, баскиімдерге қолда­ны­ла­­тын ою-өрнек түрлерін киімнің етегіне немесе шалбардың бала­ғы­на қолдануға, сондай-ақ керісінше етік­ке, балаққа ойылатын ою түр­лерін жағаға жапсыруға болмайды. Мы­салы, «ит құйрық» аталатын өр­нек ешқашан баскиімдерге қол­данылмаған. Мұның астарында «дұш­паның кеудеңнен жоғары өр­лемесін» деген ырым жатыр. Со­нымен қатар оюлардың тари­хы­на, мән-мағынасына терең үңіле оты­рып, ер мен әйелдің киімдеріне ойы­латын оюларды өзара ажырата білген. Этнодизайнер Салтанат Жа­парованың пікірінше, жастар арасында ұлттық киімдердің үлгі­лерін ғана емес, ондағы айшықты бейнелерді, яғни ою-өрнектерді жә­не олардың тарихын насихат­та­сақ игі. 

«Әрбір өрнек – қазақтың ру­хын бейнелейтін визуалды таңба. Біз осыны заманауи аудиторияға ди­зайн арқылы жеткізуіміз керек. Мә­селен, менің туындыларымда «қош­қармүйіз», «сыңармүйіз», «түйе­табан», сондай-ақ шаңырақ, бүр­кіт, алтын адам сияқты бей­не­лер жиі кездеседі. Бұл таңбалар – қазақ дүниетанымының, филосо­фиясының коды. Мысалы, қошқар мүйіз – береке мен молшылықтың, шаңырақ – бірлік пен отбасының символы. Яғни, бешпет, бүрмелі көйлек, тақия сынды ұлттық киім­дерді күнделікті өмірге бейім­деу­ден бөлек, осындай қазақы өрнекті за­манауи киімдерде бейнелеу ар­қылы да жастардың қызығу­шы­лығын арттыруға болады. Жастар ара­сында street style-ге этноэ­ле­мент қосуды жиі тәжірибеден өт­кі­зіп жүрміз. Бұл бағытта арнайы кол­лекциялар дайындадық. Мы­салы, street-style шапандар, этно-белдіктер, заманауи кроссовкамен үйлесетін жейделер, басқалта ұлт­тық оюмен өң беру – мұның бәрі жас дизайнерлер мен жастар ара­сын­да кең танымал бола бастады. Қазақстанда ғана емес, шетелдік аудитория да осы бағыттағы өнім­дерге қызығушылық танытуда. Біз­дің мақсат – этностильді күн­де­лікті өмірге енгізу, өйткені этно – бұл тек тойдың сәні емес, ұлттық бол­мыстың заманауи көрінісі», – деп атап өтті этнодизайнер. 

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ :

Әлемде ұлттық киімі тек музей экспонаты немесе мерекелік салтанаттың бір бөлшегі ғана емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған бірнеше ел бар:

 Бутан – ұлттық киімді күнделікті өмірде киюді заңмен бекіткен санаулы елдің бірі. Мұнда ерлер – гхо, әйелдер кира киеді. 1989 жылғы заң бұл киімді ресми орындарда міндеттеді. 

 Thawb – Сауд Арабиясы ерлерінің күнделікті және ресми мекемелерде де киетін ұзын, кең көйлегі. 

 Ао зай – Вьетнамда әйелдер арасында кең таралған ұлттық киім, кей өңірлерде мектеп формасы ретінде қолданылады.

 Бажу куронг пен кебая – Малайзия халқының ұлттық болмысты сақтай отырып, тұрмысқа бейімдеген күнделікті киімі. 

 Нигерия жұртының да күнделікті киімі ұлттық нақышпен әсемделген: йоруба халқы – агбада мен буба, хауса-фулани халқы кафтан мен хиджаб киеді. 

 Индонезияда дәстүрлі кебая – гүлді өрнекпен безендірілген, жібек не мақта саронгпен үйлесетін ұлттық киім. Оны яван, балий, сундан халықтары күнделікті өмірде киеді. Кебая көршілес бірнеше елде де кездеседі.

 Үнді елінде пагди деп аталатын тюрбан – ұлттық бас-киім­нің айрықша үлгісі. Салмағы 45 келіге дейін жететін пагдиді тігу үшін 645 метр мата қажет, соған қарамастан үнді азаматтары паг­диді күнделікті киеді. 

Аружан НҰРМАХАНҚЫЗЫ, Ділназ РАФАИЛ