Ауыл шаруашылығы жыл басынан 10%-дан астам салмақты өсімге шықты. Саладағы өнім өндірісі тұрақты артып келеді. Алайда қордаланған мәселелер жетерлік. Субсидияға бөлінген ел қаржысын шығындау тиімділігі тым төмен. Бюджеттен миллиардтаған теңге демеуқаржы алғандар ізінше банкроттығын жариялап, жабыла салған. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру әлі күнге өзекті. Осы және басқа проблеманы шешу үшін не істеледі?
Ауыл қанаушылыққа емес, жанашырлыққа зәру
292
оқылды

2025 жылғы қаңтар-сәуір ай­ларын­да ауыл шаруашылығында өнімдер мен қызметтердің жалпы өндірісі, басқаша айтқанда, ауыл кәсіпкерлерінің биылғы алғашқы 4 айда тапқан табысы – 987,9 мил­лиард теңгені құрады. Бұл 2024 жыл­ғы ұқсас кезеңдегіден бірден 10,6%-ға артық. Бір қарағанда, та­бысы оның көл-көсір болға­ны­мен, бар­лық алым-салығын, қап­таған шығысын алып тастағанда, қо­лын­да қалатыны сонша көп те емес. Әйткенмен, саланың жалпы өнім шығарылымы соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты өсу үстінде. Соның арқасында шаруашы­лы­ғына шыр бітіп, қоң жинады, қор­­ланды. 

Өңірлерге келсек, жыл ба­сы­нан бері ауыл шаруашылығынан байыған бизнес Түркістан об­лы­сында шоғырланыпты: 153,4 мил­лиард теңгеге өнім шығарып, қара базарға өткізе алды. Бір жыл ішін­дегі өсімі ғаламат: 17,4%. Екінші орын­да – халқы тығыз, қазағы қа­лың тағы бір өңір – Алматы об­лысы: табысы 125,9 млрд теңге. Өсі­мі – 9,6%. Үштікті астықты Ақ­мола облысы тұйықтады: 99,8 мил­лиард теңге, өсімі – 7,5%. 

Аутсайдер қатарында – Маң­ғыстау облысы (9,2 млрд не 6,8%), Ұлытау облысы (13,6 млрд, 6%) жә­не Шымкент (15,3 млрд, 11,3%). Ірі қос мегаполистің айна­ла­­сында мал жайылмайды, егін са­­лынбайды: Алматыда (1 млрд тең­ге, өсім 575,4%, өйткені был­тыр­ғы 4 айдағы өнім өндірісі 200 млн теңге болған) және Астанада (200 млн теңге, 238%) ауыл шаруа­шылығы жоқтың қасы. 

Статистика мамандарының тү­сіндіруінше, шығындарының тоқ­таусыз өсуіне байланысты са­ланың табыстылық-рентабельді­лі­гі қарқынды азайып келеді. Бұл көрсеткіш 2020 жылы – 39,6%, 2021 жылы – 37,8%, 2022 жылы – 34,2%, 2023 жылы – 44,9%, 2024 жы­лы – 24,9% болды. Яғни, соңғы жыл­дардағы ең төменгі көрсет­кіш­ке дейін құлдырап кеткен. 

Содан болса керек, 2025 жыл­ғы 4 айда мал және өсімдік шар­уа­шылығына 213 млрд теңге ғана инвестиция құйылды. Еске сал­сақ, өткен 4 айда ауыл шаруа­шы­лы­ғымен айналысатындар 1 трил­лиондай кіріске кенелді, бірақ со­­ның шамамен бестен бір бөлігін ға­на бизнесін дамытуға қайта са­лыпты. Ендеше, Қостанай об­лы­сы­ның экс-әкімінің: «Кейбір аг­роөнеркәсіп кешендерінің қо­­­­­жайындары мемлекеттік субси­дияны өндірісті дамытуға емес, негізінен Астана мен Алматыда тұрғын үй алып, қымбат көліктің жаңасын мінуге жұмсайды», – деген ренішті сөзі шындық ауы­лы­нан алыс қонбағанға ұқсайды. 

Саладағы дағдарыстың кешенді себебі бар

Жоғары аудиторлық пала­та­ның (ЖАП) төрағасы Әлихан Смайылов өнім өндірісі көлемінің жыл сайынғы салмақты өсіміне қа­рамастан, ауыл шаруашы­лы­ғы­ның Қазақстанның ЖІӨ-сіне қо­­­­сатын үлесі тым аз екенін ай­та­ды: орта есеппен 5%-дан аспайды. Негізгі себептері ретінде өнім­ділі­гі­нің төмендігін, табыстылығы жо­ғары суармалы жер көлемін ұл­ғайту қарқынының баяулығын, қым­баттап кеткен суды ылан-ой­ран, тиімсіз пайдалануын, кө­лік-логистикалық инфра­құрылымның әлсіз дамуын (шығарған өнімін тұтынушысына, халықаралық на­рыққа жеткізе алмай, босқа шірі­теді), материалдық-техни­ка­лық жарақтандырудың жеткіліксіздігін және басқаларды атады.

ЖАП басшысы жаға ұстататын мә­лімет келтірді: кейінгі 5 жыл ішін­­де мемлекет ауыл кәсіпкер­ле­ріне субсидия түрінде, яғни те­гін­нен тегін және еш қайтарымсыз, бюджеттің шамамен 2 триллион тең­гесін таратып берген. Бұл қар­жыға елімізде 1 170-тей мектеп не­ме­се аурухана салып, халықтың осы әлеуметтік нысандарға деген қажеттілігін ғасыр ортасына дейін өтеп тастауға болатын еді. 

Алайда сонша қаржы ауыл шаруашылығының тарихта тең­де­сі жоқ деңгейде түлеуіне түрткі бол­мады, қазақ елін әлемнің №1 асы­раушысына айналдырмады. Мысалға, шөл далада орналасқан Мысыр-Египет жылына 7 мил­лион тоннадан астам картоп өсі­ріп, әлемнің, соның ішінде қия­да­ғы Қазақстан мен Ресейдің ба­за­рын толтырды. Ал 2024 жылы АШМ дерегінше, Қазақстан 2,9 миллион тонна ғана картоп жи­нады. Ол тез таусылып қалмауы, әрі ішкі нарықта қатты қым­бат­таған бағасын тұрақтандыру үшін 2025 жылғы 18 қаңтарда, Үкіметтің Сауда қызметі мәселелері жөнін­дегі ведомствоаралық комиссиясы картопты үшінші елдерге әкетуге 6 ай шектеу енгізді.

Жоғары аудиторлық пала­та­ның бағалауынша, саланы да­мы­туда стратегиялық жоспарлау жа­­­­ғы кемшін, саясатта сабақ­тас­тық жоқ. Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі соңғы он жылда онға дейін бағдарламалық құжат қа­был­дады. Оның көбісі соңына дейін жеткізілмей, орта жолда тас­талып, мерзімінен бұрын жоя са­лынған. Басымдықтары да үнемі өз­геріп тұрады. Бұл саланы мем­ле­­­­кеттік қолдаудың тиімді жүйесін құруға кедергі. Ал бұрмаланған ведомстволық статистика, жаппай қо­сып жазу нақты бағдарларды қа­лыптастыруға мүмкіндік бер­мей­ді.

Мысалы, фермерден бастап, әкім­дер мен министрлікке дейін жо­ғарыға көркем көрсеткіштер мен «ерен» есептер ұсынады. Со­ның негізінде жаңа бағдарламада биік мақсат, ірі нысаналы инди­ка­­тор белгіленеді. Артынша құ­­­­жат­та өмір шындығына сәйкес кел­мей­тін, тым жоғары міндеттер бе­кі­тіл­ген деп, межелер тө­мен­де­ті­леді. Соның өзінде, ЖАП мә­­­­лі­ме­тінше, АӨК дамыту тұжырым­да­масының нысаналы индика­­тор­ларының, тіпті 40%-ының табысты іске асы­рылуын қамтамасыз ете алмаған.

Ауыл шаруашылығына құмға сің­­ген судай жоқ болып кетіп жат­қан субсидия мемлекеттің бас ау­­руына айналды. Палата бұл жүйе­­ні «дертті» санайды. АШМ-ге жаңа басшы келген сайын, суб­сидиялардың түрлері мен бағыт­тарын өзгертіп тастайды. Оларды ұсыну тетігі де дәл іске асыру үс­тін­д­е ауыстырылады екен. Кейінгі 5 жылда 70 рет өзгеріс енгізілген. Ми­нистр жаңа болғанымен, егін, мал шаруашылығымен айна­лы­са­тын­дар бұрынғы ғой, олар ал­дың­ғы бетбұрысқа бейімделіп үлгер­мей жатып, жаңасымен не істеу ке­рек­тігін білмей, дағдарады. Сал­­­­дары­нан онжылдықтарда қан­шама өнім­ді, табысты АӨК су­бъек­тісі ты­ғырыққа тіреліп, тоқы­рап, жа­былып тынды. 

– Субсидия алушыларға ба­ға­лау, бақылау жете жүргізілмейді. 2,5 мыңнан астам субъекті 5 мил­лиард теңге субсидия алған соң жа­былған. Тағы 5,4 миллиард тең­ге ауыл шаруашылығы субси­дия­ларын алғандардың 3 мыңға жуы­ғының, тіпті агроөнеркәсіп ке­шеніне еш қатысы жоқ болып шық­ты. Сұлулық салондары, бас­қа­сы бар. Мұндай жағдайда сала­ны субсидиялаудың тиімділігі ту­ра­лы айтудың өзі де қиын. Мұның сыр­тында қарсы міндеттемелер қойылмайды. Яғни, ел қаржы­сы­ның қайтарымы қандай болуға тиіс­ті белгісіз, – дейді ЖАП бас­шысы.

Соның салдарынан, субсидия алушылардың көпшілігі мемлекет осындай қолдау шаралары арқылы олардың шығындарын тұрақты өтеп тұруға тиіс, бұл Үкіметтің мін­­­­­деті деп санайды екен. Қарсы мін­деттемелердің қажеттілігі Аг­роөнеркәсіп кешенін дамыту тұ­жырымдамасында белгіленіп, 2022 жылдың соңында енгізілуге тиіс еді. Іс жүзінде 17 субсидия ба­­­­­­­ғы­тының тек төртеуінде ен­гі­зіл­ген. Субсидиялардың 15 бағыты бойынша міндеттемелердің орын­далу фактісін растайтын есеп беру нысаны қарастырылмаған. Қо­ры­та айтқанда, саладағы дағдарыс­тың кешенді себептері бар, оларды тек кешенді іспен ғана шешуге бо­лады. 

Мемлекеттік қолдауды қайта форматтау керек

Субсидия бойынша ең ірі бұ­зу­шы­­лықтардың материалдарын ЖАП тергеу органдарына бағыт­тай­ды. «Оңтүстік өңірлерде және Ұлы­тау облысында 1 мыңға жуық адам 1,5 миллиард теңгеге суб­си­дия алды, бірақ олар тіпті кәсіпкер ре­тінде де тіркелмеген. Түркістан об­лысында 15 субъект салмаған ин­­вестициясына жалған шот-фак­­­­туралармен 225 миллион теңге субсидия алған. Абай облысында екі кәсіпорын сатып алмаған тех­ни­касына 131 миллион теңге суб­сидия алған, олар да жалған ақ­па­рат берген. Біз жергілікті ауыл шаруашылығы басқарма­ларын­да­ғы жауапты 320 тұлғаны әкімшілік жа­заға тарттық», – деді Әлихан Смайылов. 

Жалпы, ЖАП жүргізген талдау тиім­­сіз мемлекеттік қолдауды қай­­та форматтау, оны қазіргі «әлеу­­меттік» сипатынан өндірісті да­­­мытуға арналған ынталандыру­шы шараларға қайта бағыттау қа­жеттігін көрсетіп отыр. Бұл ту­ра­лы Президент тиісті тапсырма бер­ді және мемлекеттің көмегін тек тұрақты қолдау ретінде пай­да­ланбай, көрсеткіштерді жақ­сар­туға бағыттау керек екенін нық­тады. Субсидиялаудың қарапайым және айқын алгоритмі қажет. «Ісің­­ді тындыр – көмегіңді ала­сың» дегендей, шаруашылықтар түп­кілікті нәтиже бойынша суб­сидия алуға тиіс. Сонда субси­дия­лардың сүйеуімен ғана жұмыс істеп тұрған тиімсіз шаруашы­лық­тар даму әлеуеті зор адал фер­мер­лерге жол береді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров салада қосып жазу белең алғанын жасырмады. Оны­­мен күрес жүргізіп жатқан кө­­рінеді. Мемлекет басшысының тап­сырмасымен арнайы жұмыс то­бы құрылған. 

– Ұлттық статбюромен бірге үл­­кен жұмыс жасалды. Нәти­же­сін­де, қосып жазылған, өмірде жоқ 2 миллион сиыр мен бұқа, 3 мил­­лион қой, 2 млн келі картоп пен 3 млн литр сүт есептен шыға­рыл­ды. Біз бәрін тәртіпке келті­ріп, таза парақтан бастап жатыр­мыз. Жауапкершілік те қа­тай­­тылды. Статистика органына жалған есеп бергендерге бірінші жолы – ескер­ту жасалады, екінші рет – айыппұл салынады, – деді АШМ басшысы.

Ал ауыл шаруашылығы вице-ми­нистрі Ермек Кенжеханұлының мә­ліметінше, Президент тап­сыр­ма­сына сәйкес министрлік әкім­дік­термен тізе қосып, салаға ин­вес­тиция тарту бойынша белсенді жұ­мысқа кірісті. 2025 жылғы 4 айда негізгі капиталға салынған ин­вестиция 213 млрд теңгені құ­рап, былтырғыға (180,6 млрд) қа­ра­ғанда 18% өсті. Атап айтқанда, ауыл және балық шаруашылығына – 164,2 млрд (өсім 15%), тамақ өнім­дерін өңдеуге – 48,7 млрд тең­ге (өсім 29%) тартылды.

Министрлік 2025–2027 жыл­дарға арналған АӨК инвестиция­лық жобаларының Жол картасын әзір­леді. Жалпы құны 3,3 трил­лион теңге болатын 677 жобаны іс­ке асыру жоспарланған. Соның ішінде 2025 жылы – 282 жоба (611,2 млрд), 2026 жылы – 267 жо­ба (1,1 трлн), 2027 жылы – 128 жо­ба (1,5 трлн теңге) өмірге жол­дама алуға тиіс. Инвестицияның негізгі бағыттары – қайта өңдеу (1,478 трлн), суару жобалары (216 млрд) және мал шаруашылығы (194,6 млрд теңге). 

2025 жылы іске асырылатын ірі жобалар қатарына мыналар кі­­реді: Түркістан облысында «Қазкрахмал» ЖШС-ның жүгеріні те­рең өңдеу зауыты (жылына 150 мың тонна), Абай облысындағы Altai Mai ЖШС-ның май зауыты (169 мың тонна), Жамбыл облы­сындағы «Алель Агро» АҚ-ның құс фабрикасы (25 мың тонна), Аты­рау об­лысындағы Atyrau Chic­ken ЖШС-ның бройлерлік құс фаб­рикасы (5 мың тонна), Ақтөбе об­лысындағы KazFeltec ЖШС-ның жүн өңдеу зауыты. Бұдан бө­лек, түркиялық Alsera компа­ния­сымен Шымкентте ірі жылы­жай кешенін (650 млн доллар), БАӘ-лік QazaqArab Sugar-мен Алма­ты облысында қант зауытын ($580 млн) салу туралы келісім бекі­тілді. Осынша қаржы ұтымды иге­ріліп, жаңа жобалар аяғына же­тіп, жаңа өндіріс орындары ашыл­са, ауыл да, ауыл шаруа­шы­лы­ғы да шынымен гүлденер еді.

Елдос Сенбай