Жетісу облысының газдандыру бағытындағы ауқымды қадамы – «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының желілік бөлігі аяқталып, жоба негізгі кезеңге өтті. Бұл туралы QazaqGaz ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Санжар Жаркешовтың облысқа жұмыс сапары барысында мәлім болды.
«Талдықорған – Үшарал» газ құбыры: желілік бөлігі толық аяқталды
133
оқылды

Ақсу ауданындағы құрылыс алаңына арнайы барған Санжар Жаркешов бастаған делегацияны облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қарсы алды. Делегация алдымен «Жансүгіров» автоматты газ тарату стансасының (АГТС) құрылыс барысымен танысты. – Бұл жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, Ұлттық қордың қаржылай қолдауымен жүзеге асып жатыр. Үкімет басшысы былтыр облысқа келгенде құрылыс жұмыстары басталған еді.

Қазіргі нәтиже – үш тараптың: QazaqGaz, облыс әкімдігі мен мердігер компанияның үйлесімді еңбегінің айқын көрінісі. Біз газды 2025 жылдың жылыту маусымына дейін беруді жоспарлап отырмыз, – деді Санжар Жаркешов. Жобаның техникалық сипаттамасына тоқталсақ: газ құбырының ұзындығы – 302,4 шақырым, жобалық қысымы – 9,8 МПа. Құбыр бойында 6 бұрма және 6 автоматты газ тарату стансасы («Жансүгіров», «Қапал», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай», «Үшарал») салынуға тиіс. Қазір барлық алты АГТС-тің құрылысы бір мезетте жүргізілуде. Құрылысқа 148 арнайы техника мен 356 жұмысшы жұмылдырылған. Жұмыстар кестеден бұрын орындалып жатыр. Жоба Энергетика министрлігі, «СамұрықҚазына» қоры және Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен іске асырылуда. Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов елді мекендердің ішкі газ желілеріне қатысты дайындық барысымен бөлісті. – Жоба арқылы Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 66 елді мекенге газ жеткізіледі. Оның ішінде 6 елді мекен биыл көгілдір отынға қосылса, қалған 60-ы – келесі жылы. Бұл – өңір экономикасы үшін үлкен серпін, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын маңызды бастама, – деді Ә.Қанағатов. Еске салсақ, Жетісу облысында газдандыруға жататын 192 елді мекен бар. Облыс құрылғанда тек 5 елді мекен ғана газбен қамтылған еді. Қазір бұл көрсеткіш 84-ке жетті. Жыл соңына дейін газдандырылған елді мекендер саны 126-ға жетіп, газдандыру деңгейі 71,4% болады деп күтілуде. 2028 жылға дейін барлық 192 елді мекен көгілдір отынға қосылады.