ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов алдағы уақытта елдегі криптовалюта айналымын реттеу қатаңдатылатынын хабарлады.
Криптовалютамен лицензиясыз операциялар жасағандар жауапқа тартылады – Ұлттық банк
155
оқылды

"Криптовалюта айналымы дамып жатқан уақытта бұл айқын дүние. Біз жақын арада бұл жүйеге қосыламыз және заңнама аясында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік те енгізіледі. Лицензияланбаған аумақтан сатып алғандар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Қылмыстық жауапкершілік лицензиясыз қызмет көрсеткен сатушыларға қолданылады", – деді ол.

Сонымен қатар, Шолпанқұлов тәркіленген крипто активтерді Ұлттық банкте сақтайтын арнайы қор құру жоспарда жоқ екенін жеткізді. 

Ұлттық банк төрағасының орынбасары монетарлық реттеуші мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп цифрлық активтер айналымының құқықтық негізін құрайтын заңнамалық түзетулер кешенін дайындағанын атап өтті.

Түзетулер екі блоктан тұрады: біріншісі – құқықтық мәртебесін анықтай отырып, цифрлық қаржылық активтерді іске қосу, екінші блок – крипто айырбастау қызметтерін жеткізушілерді лицензиялау арқылы қамтамасыз етілмеген криптовалюталардың айналымын реттеуді енгізу.