Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ақтөбе облысының жұртшылығымен, еңбек ұжымдарымен, мәслихат депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен және дарынды жастарымен кездесті. Іс-шараларда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және өңірді дамыту мәселелері, сондай-ақ палатаның мәслихаттармен өзара іс-қимылының жаңа форматы аясындағы бірлескен жұмыстың басым міндеттері талқыланды.
Мәслихаттармен бірлескен жұмыстың басым міндеттері белгіленді
180
оқылды

Мәулен Әшімбаев мәслихат депутат­тары­мен және жұртшылықпен кездесуде өңірлерді нәтижелі дамытып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформаларды сапалы іске асырудың маңызды екенін айтты. Осыған байланысты ол заңнамалық сала бойынша алдағы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаев­тың бастамасымен елімізде кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Соның ішінде экономиканы әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Ұлттық құрылтайдың IV отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси бағдарына қатысты басымдықтар айқындалды. Мұ­ның бәрі – Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қу­ат­ты Қазақстан құру үшін қолға алын­ған кешенді бастамалар. Мемлекет басшысы белгілеп берген осы міндеттерді іске асыру жолында сенаторлар мен мә­сли­хат депутаттарының жүйелі өзара іс-қимылы мен бірлескен жұмысын әрі қарай жалғастырудың маңызы зор», – деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар палата Спикері Ақ­тө­бе облысының жоғары әлеуеті мен эко­номикалық өсу қарқынына назар аударды. Кездесуге қатысушылар аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамыту және өңірге инвестиция тарту мәселелерін де талқылады.

Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы жүктеген этносаралық қатынас­тарды нығайту жөніндегі міндеттер мен биыл қыркүйек айында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық аясында рухани дипломатияны ілгерілету тетіктері сөз болды.

Өңірдің креативті жастарымен кездесуде білімді жас буынның елді жаңғырту үдерісіндегі рөліне, олардың бойына жасампаз құндылықтар мен өршіл идеяларды сіңірудің және өскелең ұрпақты жүйелі қолдаудың маңызына баса мән берілді. Соның барысында «Ұлттық қор – балаларға», «Болашақ», «Жастар», «Келешек» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі және басқа да дарынды жастардың әлеуетін арттыруға тың мүм­­кіндіктер беретін стратегиялық бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы айтылды.

Сапар барысында сенаторлар сингапур жүйесі және басқа да озық білім беру бағдарламалары бойынша оқытатын AQBOBEK дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына барып, IT-кабинет, Comics Room, өнер, әдебиет залдары мен өзге де мамандандырылған алаңдардың жұмысымен танысты. Бұдан басқа, Парламент депутаттары мүгедектігі бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығының және фарфордан жасалған бұйымдар шығаратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» зауытының еңбек ұжымдарымен кездесті.