Quartz сайты жариялаған қысқаша хабарламадан туған «қазақ арманы» туралы Aikyn.kz дайындаған нұсқамен танысыңыз.
Миллиондаған америкалықтар үшін «әйтеуір бір күні алармыз» деген үміт «ешқашан ала алмаспыз» деген сезімге айналуда. Сурет economist.com сайтынан алынды
Құрама Штаттарда ипотекалық мөлшерлемелер 7%-дан асып, тұрғын үй бағасы 400 000 долларға жетті. Жыл өткен сайын америкалықтар үй сатып алуға шамасы жетпейтін жағдайға тап болуда.
Миллиондаған америкалықтар үшін «әйтеуір бір күні алармыз» деген үміт «ешқашан ала алмаспыз» деген сезімге айналуда. Өйткені америкалықтар үшін жекеменшік үй иесі болу барған сайын орындалмайтын арманға айналып бара жатқан сияқты.
Осы аптада Moody’s агенттігі АҚШ-тың мемлекеттік қарызына берген рейтингін төмендеткенін жариялады. 2011 жылы Standard & Poor’s АҚШ-тың кредиттік рейтингін алғаш рет ең жоғары деңгейден түсірген (AAA → AA+). Ал Fitch Ratings болса 2023 жылы осындай шешім қабылдады. Енді Moody’s те сол жолды таңдады. Беделді агенттіктердің бұндай шешімдері АҚШ құнды қағаздарына деген көпжылдық сенімділіктің шайқалуы деп қабылдануда.
Moody’s шешімінен кейін ипотекалық мөлшерлемелер қысқа мерзімде 7%-дан асып кетті. Символикалық мәні бар бұл көрсеткіштің нарыққа берген соққысы енді күнделікті қаржылық қысымға ұласып жатыр. Mortgage News Daily деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта АҚШ-тағы 30 жылдық ипотеканың орташа мөлшерлемесі – 6,99%.
6,99%-дық ипотекалық мөлшерлемені бүгінгі тұрғын үй бағасымен біріктірсек, нәтиже көңіл көншітпейді. Ұлттық риэлторлар қауымдастығының мәліметінше, наурыз айында АҚШ-та қолданыстағы тұрғын үйдің медианалық бағасы $403 700 болған. Бұл ақпан айындағы $393 500-дан жоғары және өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,8%-ға көп.
Жалақының өспеуі, жоғарылаған банк пайыздары америкалық арманды алыстағы сағымға айналдырып жібергендей. Фото hamptonthink.org сайтынан алынды
400 000 долларлық үйге 6,99% мөлшерлемемен алынатын 30 жылдық ипотека бойынша ай сайын $2 661 негізгі қарыз бен пайызды төлеу қажет болады. Бұл сомаға салық, үй иесінің сақтандыруы, жеке ипотекалық төлемдер немесе техникалық қызмет көрсету шығындары кірмейді. Бір жылда ипотекалық несиеге байланысты барлық шығындар шамамен $32 000 болады екен. Яғни, қазіргі АҚШ-тағы орташа отбасының табысының ($75 000) 43%-ын жұтып қояды. Әрине, үй сатып алуға ниетті адам ипотека үшін 20%-дық алғашқы жарнаны – $80 000 – төлеуі керек.
Ипотекаға баспана алған қазақстандық отбасылар айлық табысының қандай бөлігін қарызын жабуға жұмсайды екен? Айлық табысының кемінде 50-60% несиені жабуға кететін болар.
Ал баспанаға мұқтаж көптеген америкалық үй сатып алушылар бағаның артынан ілесе алмай жатыр. Әсіресе, алғаш рет үй алушылар нарыққа кіре алмай қиналса, қазіргі үй иелері бұрын алған төмен мөлшерлемелі ипотекаларын жоғалтқысы келмей, үйлерін сатуға асықпай отыр. Бұл – екіжақты проблема: нарықта ұсыныс аз, баға жоғары, ал несие алу – қымбат.
«Қазір үй алғысы келетіндер үшін қолайлы уақыт емес», – деп келтіреді MarketWatch бір экономистің сөзін. Бұл пікір – алдағы жазда жағдайдың жақсармайтынын сыпайылап жеткізген түрі ғана.
Ипотека мен пошталық жәшік – америкалық арманның символдары. Америкалықтар үшін пошталық жәшік – жай ғана темір қорап емес. Ол «менің мекенім бар», «мен осы қоғамның толық мүшесімін», «мен үй иесімін» деген сезімнің материалдық белгісі. Сондықтан ол – америкалық арманның (өз үйің, тұрақты жұмысың, кәсібің болуы) күнделікті өмірдегі символына айналған.
Алайда жалақының өсуі тоқтап, банк мөлшерлемелері тұрақты түрде өсіп тұрған шақта, америкалық арман – алыстағы сағымға айналып бара жатқандай. Несие алу құны төмендемейінше немесе халық табысы айтарлықтай артпайынша, тұрғын үйдің қолжетімділігіне байланысты дағдарыс шешілмейтіні заңдылық.
Қазақ арманы америкалық арманнан неге биік?
Америкалық арман (American Dream) – бұл АҚШ-та кең таралған ұлттық идеал. Оған сәйкес әрбір адам, оның шығу тегіне, әлеуметтік жағдайына немесе табысына қарамастан, еңбекқорлық, табандылық пен бастама арқылы жақсы өмірге, материалдық әл-ауқатқа және жеке бостандыққа қол жеткізе алады.
Америкалық арманның негізгі мәні мынадай: өзіңнің еңбегіңмен жетістікке жету; жеке баспанаң болуы; жақсы жұмыс пен тұрақты табыс; балаларыңа жарқын болашақ жасау; қоғамда әділет пен тең мүмкіндікке сену. Америкалық арман – қарапайым отбасының мүшесі университет бітіріп, жақсы жұмыс тауып, жекеменшік үй сатып алып, отбасын қамтамасыз етіп, зейнетке дейін ештеңеден тарықпай өмір сүруі.
Ал қазақ арманын сіз қалай сипаттай алар едіңіз? Біздің төмендегідей нұсқаға қосыласыз ба?
Қазақ арманы – бұл ұлттың тарихи, мәдени және рухани болмысынан тамыр алатын, жеке адамның да, бүкіл халықтың, ұлттың өмірлік ұмтылысын да сипаттайтын ұғым. Ол «америкалық арманнан» материалдық емес, рухани, отбасылық, жер мен елге деген сүйіспеншілік тұрғысынан ерекшеленеді.
Қазақ арманының басты мәні:
1. Қазақ болу – қасиет деп білу. Тегіңді ұмытпау, ана тілін ардақтау, дәстүр мен салтты сақтау.
2. Бейбіт елде, өз жеріңде, өз еліңмен өмір сүру. Ата-баба аңсаған Тәуелсіз Қазақ елінде еркін өмір сүру.
3. Ұрпақ тәрбиелеу – ұлтты сақтау. Баланың адал, білімді, еліне де, отбасына да пайдалы қызмет ететін тұлға болып өсуі.
4. Еңбектің, адалдықтың қадірін білу. Адал еңбекпен, маңдай термен тапқан нанды бағалау. Іздену, білімге ұмтылу, еңбек ету және кәсіп игеру.
5. Жерұйыққа жету тілегі. Бұл – қазақтың Мәңгілік ел болу идеясынан туындайтын бейбіт, әділ, тоқ ел туралы басты мақсат-мұраты.
Қысқаша айтқанда, қазақ арманы – ұрпағы аман, жері тыныш, тілі мен ділі, мәдениеті мен руханияты сақталған, дамыған, тәуелсіз, рухы биік ел болу. Осы арманға жету үшін әрбір Сіз – қазақ, қазақстандық – қандай үлес қосып жүрсіз? Арманымызға жетейік!
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.