Беделді британдық The Lancet медициналық журналы жариялаған ғылыми мақалаға сүйенген Aikyn.kz, зиянды холестеринді азайтатын жаңа әдіспен таныстырады.
«Жаман» холестериннің жоғары деңгейі артерияларда майлы түйіндердің жиналуына әкеліп, жүрек талмасы мен инсульт қаупін арттырады. Фото mag.103.by сайтынан алынды
Кейбір адамдарда холестеринді төмендететін дәрілер қабылдағанның өзінде «жаман» холестерин деңгейін азайту мүмкін болмай жатады. Америкалық және голландиялық ғалымдардан құралған топтың жаңа клиникалық зерттеулері бұрыннан бар және әлі сатылымға шықпаған таблеткалардың комбинациясы холестерин деңгейі жоғары, жүрек аурулары қаупі бар адамдарда «жаман» холестеринді шамамен жартысына дейін төмендеткенін анықтаған.
Біз тығыздығы төмен липопротеиндердің (ТТЛП немесе «жаман» холестерин) жоғары деңгейі артерияларда майлы түйіндердің жиналуына әкеліп, жүрек талмасы мен инсульт қаупін арттыратынын жақсы білеміз. Алайда холестерин деңгейінің жоғары болуы көптеген факторларға байланысты. Кейбір науқастар үшін статиндер сияқты холестерин деңгейін төмендететін дәрілер тиімсіз болуы мүмкін.
Кливленд клиникасында (Огайо штаты, АҚШ) жүргізілген жаңа зерттеуде ғалымдар бұрыннан қолданылып жүрген холестеринге қарсы дәріні жаңа препаратпен бірге қолданған. Осы комбинация ТТЛП деңгейін таңғаларлық 48,6%-ға дейін төмендеткені анықталды.
«Статинмен емдеуге және басқа да статинсіз дәрі-дәрмектерге қарамастан, жүрек-қан тамырлары аурулары қаупі жоғары немесе жүрек ауруы бар көптеген науқастар мақсатты ТТЛП деңгейіне жете алмайды. Біздің ұсынған біріктірілген терапия холестерин деңгейін қосымша төмендетуді қажет ететін жоғары қауіп тобына жататын пациенттердің мақсатты көрсеткішке жетуіне ықпал етуі мүмкін», – дейді зерттеудің жетекші авторы әрі Кливленд клиникасының кардиологі, медицина докторы Ашиш Сарраджу.
Біріктірілген терапияның емдеуге қиын науқастар үшін тиімді болуы мүмкін. Иллюстрация spbmz.ru сайтынан алынды
Көптеген ересектер үшін ТТЛП деңгейі 100 мг/дл-ден төмен болуға тиіс. Алайда жүрек ауруы, қант диабеті немесе жүрек-қан тамырлары ауруларына әкелетін басқа да қауіп факторлары бар адамдар үшін бұл деңгей одан да төмен болуы керек.
Зерттеуге 407 ересек адам тартылған. Олардың ТТЛП деңгейі холестеринді төмендететін дәрілер қабылдап жүргеніне қарамастан, 70 мг/дл немесе одан жоғары болған. Қатысушылар кездейсоқ төрт топқа бөлінді: бір тобы 10 мг эзетимиб (Zetia деген атпен сатылатын бұрыннан бар дәрі), екінші тобы 10 мг обицетрапиб (жаңа, әлі тіркелмеген дәрі), үшінші топ осы екі дәрінің әрқайсысынан 10 мг-нан тұратын біріктірілген дозасын, ал соңғы төртінші топ плацебо (бейтарап, емдік қасиеті жоқ бос дәрі) қабылдаған.
84 күндік емнен кейін жаңа және бұрыннан бар дәрілердің үйлесімі ТТЛП деңгейін плацебомен салыстырғанда 48,6%-ға төмендеткен. Ал тек обицетрапибті қолданған топта бұл көрсеткіш 31,7%-ды құрады. Барлық ем түрлері жалпы алғанда пациенттерге жақсы әсер еткен.
«Бұл нәтижелер біріктірілген терапияның емдеуге қиын науқастар үшін тиімді болуы мүмкін екенін көрсетеді. Егер бұл комбинация реттеуші органдар тарапынан мақұлданса, ТТЛП деңгейін қосымша төмендетуді қажет ететін жоғары қауіп тобына жататын науқастар жақсы нәтижеге қол жеткізе алады», – дейді зерттеу бойынша жауапты автор әрі Кливленд клиникасының Жүрек, қан тамырлары және көкірек қуысы институтының бас ғылыми қызметкері, медицина докторы Стивен Ниссен.
Жаңа және бұрыннан бар дәрілердің үйлесімі холестерині жоғары, жүрек аурулары қаупі бар адамдарға тиімді көмектесе алатынын көрсетті. Бұл – емдеуге қиын науқастарға арналған жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Егер америкалық реттеуші органдар мақұлдаса, бұл терапия біздің елде де мақұлданып, кеңінен қолданысқа енгізілуі мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.