Жолдағы атыста қаза тапқан тұрғын, өз өлтірушісіне үкім шығару кезінде жәбірленуші ретінде жеке мәлімдеме жасады. Бұл қалай мүмкін болды?
BBC News сайты адам сенгісіз оқиғаны жариялады
ЖИ технологиясы Пелки мырзаға оқиға жайлы айтуына мүмкіндік берген. Фото yahoo.com сайтынан алынды. Авторлығы: GoFundMe
1,602
оқылды

BBC News сайтында жарияланған адам сенгісіз оқиғаның қалай болғанын Aikyn.kz түсіндіреді.

Крис Пелкидің әпкесі Стейси Уэйлс Ал Уэйлс ханым үшін бұл технология оның бауырына соңғы сөз айту мүмкіндігін сыйлаған. Фото malaymail.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters

Крис Пелки үш жыл бұрын Аризона штатындағы жолда болған атыста қаза тапқан еді. Жасанды интеллектінің көмегімен ол осы айдың басында өз өлтірушісіне үкім шығару кезінде «қайта оралып», жәбірленуші ретінде жеке мәлімдеме жасаған.

Отбасы мүшелерінің айтуынша, олар жасанды интеллект технологиясын пайдаланып, Пелки мырзаның өз сөздерімен оның өмірін қиған оқиға жайлы айтуына мүмкіндік берген.

Кейбір сарапшылар бұл ЖИ-ді қолданудың ерекше тәсілін болашаққа жасалған тағы бір қадам деп бағалауда. Қарсы топтағылар бұл технологияны сот істерінде қолдану қауіпті үрдіске айналуы мүмкін екенін айтады.

Пелкидің әпкесі Стейси Уэйлс BBC-ге берген сұхбатында, олардың отбасы 37 жаста өмірімен қоштасқан Пелкидің дауыс жазбалары, видеолары мен фотосуреттерін пайдаланып, оның бейнесін жасанды интеллект арқылы қайта «тірілткенін» айтады. Уэйлс ханым сотта оқылған мәтінді өзі жазғанын, бұл мәтінді жазуда бауырының жомарттығы мен кешірімшілдігіне сүйенгенін жеткізді.

«Маған оқ атқан адам – Габриэль Оркаситасқа айтарым, сол күні біз дәл сондай жағдайда кездескеніміз өкінішті. Басқа өмірде біз, бәлкім, дос та болар едік. Мен кешірімге және кешіретін Құдайға сенемін. Мен әрқашан сеніп келдім және қазір де сенемін», – дейді сұр бейсболка киген марқұмның ЖИ бейнесі.

Бұл технология оның қылмыскерге үкім шығару барысында қолданылған. Оркаситасты қазылар алқасы кінәлі деп таныған болатын. Ал үкім Пелкидің қазасынан шамамен төрт жыл өткен соң шығарылған. Ол Пелки мырзаны Аризонада бағдаршамда қызыл шамда тұрған кезінде атып өлтірген.

Істі жүргізген Аризона судьясы Тодд Лэнг бұл тыңдауда ЖИ-ді қолдануды оң бағалағандай болды. Ол Оркаситасқа абайсызда кісі өлтіру бабы бойынша 10 жарым жыл түрме жазасын тағайындады.

«Маған бұл ЖИ қатты ұнады, сіздерге рақмет. Отбасы қаншалықты ашулы болса да, мен кешірім сөзін естідім. Мен бұл сөздердің шынайы айтылғанын сездім», – дейді судья Лэнг.

Федералды судья қызметінен кеткен, қазіргі уақытта Дьюк университетінің заң мектебінде профессор болып қызмет ететін Пол Гримм BBC-ге берген пікірінде, бұл іс бойынша үкім шығару кезінде жасанды интеллект қолданылғанына таңғалмағанын айтты. Оның айтуынша, Аризона соттары ЖИ-ді басқа мақсаттарда да қолдана бастаған. Мысалы, штаттың Жоғарғы сотының шешімдерін халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін ЖИ жүйесі қолданылады.

Гримм мырза бұл технологияның сот процесінде қазылар алқасы болмағандықтан және ол тек судьяға үкім шығаруға көмектесу үшін пайдаланылғандықтан рұқсат етілгенін түсіндірді.

«Біз ЖИ-ді әр жағдайда жеке қолданамыз, бірақ бұл технологияны тоқтату мүмкін емес», – дейді ол.

Аризона штатындағы жолда болған атыста қаза тапқан Крис Пелкидің жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнесі. Фото bbc.com сайтынан алынды

Алайда Карнеги Меллон университетінің іскерлік этика профессоры Дерек Лебен сияқты кейбір сарапшылар бұл технологияның қолданылуына және оның қалыптастыратын прецедентіне алаңдаулы. Лебен мырза бұл отбасының ниеті мен әрекеттеріне күмән келтірмейтінін айтқанымен, болашақта ЖИ-ді қолданған кезде жәбірленушінің шынайы еркі мен тілегі әрдайым сақтала ма деген сұрақты көтереді.

«Егер болашақта мұнымен басқа адамдар айналысса, біз әрдайым жәбірленуші не айтқысы келгенін дәл жеткізе аламыз ба?» – дейді Лебен мырза.

Ал Уэйлс ханым үшін бұл технология оның бауырына соңғы сөз айту мүмкіндігін сыйлаған.

«Біз бұл мәселеге этикалық және моральдық тұрғыдан қарадық, себебі бұл – қуатты құрал. Балға терезені сындыру үшін де, қабырғаны құлату үшін де қолданылуы мүмкін, бірақ оны үй салу құралы ретінде де пайдалануға болады. Біз бұл технологияны дәл осылай – игілік үшін қолдандық», – дейді жәбірленушінің туысы.

Бұл оқиға технологияның адамгершілік мақсатта қолданылуының үлгісі болғанымен, жасанды интеллектіні қолдану дәстүрлі құндылықтардың шеңберінен шықпауы тиіс деп ойлаймыз.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.