Bzigo компаниясының жаңа құрылғысы масамен күресуде қалай жұмыс істейтінін Aikyn.kz түсіндіреді.
Кең бұрышты камера мен компьютерлік көру технологиясына негізделген құрал үйдегі масаларды іздеп, олардың қонған жерін көрсетіп тұрады. Фото bzigo.com сайтынан алынды
Сәуір айында Aikyn.kz зиянкестермен күрестің кездейсоқ табылған жаңа тәсілі туралы «Масалармен күрестің жаңа тәсілі табылды» атты материал жариялаған еді.
Бүгін сол тақырыптың жалғасы ретінде масамен технологиялық құралмен қалай күресуге болатынын түсіндіреміз.
Жатын бөлмеде ызылдап жүрген масаның дауысын естіп, оның қайда екенін көре алмау – ешкімге де ұнамайды. Енді бұл мәселені шешетін құрылғы бар. Bzigo Iris құрылғысы масалардың қай жерде ұшып жүргендерін анықтап, оның қонған жерін сізге белгілеп береді. Осылайша, сіз оларды оңай жоя аласыз. Қазір бұл құрылғы 50% арзандады және Wi-Fi қосылымын қажет етпейді.
Bzigo Iris масалардың қай жерде ұшып жүргендерін анықтап, оның қонған жерін белгілеп береді. Фото bzigo.com сайтынан алынды
Израильдік Bzigo стартапы жасаған Iris алғаш рет 2020 жылы прототип күйінде ұсынылды. 2024 жылға қарай бұл құрылғы коммерциялық қолжетімді өнімге айналды. Ол қалай жұмыс істейді? Iris бөлменің көп бөлігін шолуға мүмкіндік беретін бұрышқа орналастырылады. Ол кең бұрышты камераны және компьютерлік көру технологиясына негізделген бағдарламаны қолданып, масаларды іздеп, бөлме кеңістігін үнемі сканерлейді. Құрылғы инфрақызыл жарық диодтарымен жабдықталған, сондықтан тіпті қараңғыда да жұмыс істей алады.
Bzigo Iris құрылғысына телескопиялық сабы бар электрлі маса өлтіргіш қоса беріледі. Фото bzigo.com сайтынан алынды
Құрылғының жасанды интеллектісі масаны шаң бөлшектерімен немесе басқа ұсақ ұшатын жәндіктермен (мысалы, көбелекпен) шатастырмайды. Маса табылған кезде, Iris оның қонған жерін көзге қауіпсіз қызыл лазерлік көрсеткішпен белгілейді. Бұл туралы пайдаланушыға iOS/Android смартфонындағы қосымша арқылы ескерту жібереді. Егер бірнеше маса анықталса, көрсеткіш олардың әрқайсысының орнына кезекпен бағытталады. Бұдан бөлек, әртүрлі бөлмелерде бірнеше Iris құрылғысын орнатып, бәрін бір телефонмен байланыстыруға болады.
Масаны анықтау туралы ескерту түскен соң, оны пайдаланушы өзі жоюы тиіс. Сол үшін жинаққа телескопиялық сабы бар электрлі маса өлтіргіш қоса беріледі.
Әрине, Iris масаларды өзі жойса жақсы болар еді, бірақ ондай жағдайда лазердің күйік ізі не қабырғадағы кішкентай тесік қалуы сізге ұнамауы мүмкін. Бірақ болашақта бұл проблема да шешіліп қалар.
Bzigo Iris құрылғысын компанияның ресми сайтынан 199 АҚШ долларына сатып алуға болады. Бұл бұрынғы 399 долларлық бағадан әлдеқайда арзан. Бұдан бөлек, құрылғы енді Wi-Fi қажет етпейтін Travel Mode (Саяхат режимі) деп аталатын автономды режимде жұмыс істейді. Бұл режимде пайдаланушыға хабарландыру жіберілмейді, бірақ масаларға бағытталған лазерлік көрсеткіш автономды жұмыс істейді. Ұйқыңыз масасыз тыныш болсын! Тыныштықтың бағасы қымбат болуы мүмкін.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.