Financial Times америкалық билік үшін өте жағымсыз үдерістердің басталғанын хабарлады. Британдық басылымға сілтеме жасаған Aikyn.kz бұндай өзгерістердің түпкі себебін іздейді.
Триллиондаған долларлық активтерді басқаратын инвесторлар президент Трамптың сауда соғысының салдарынан америкалық нарықтағы позицияларын қысқарта бастаған. Фото unothegateway.com сайтынан алынды. Авторлығы: Newsweek
Инвесторлардың айтуынша, АҚШ активтерін сатып, Еуропаның дамып келе жатқан нарықтарына бет бұру – зейнетақы қорлары мен басқа да ірі институционалдық қаржы басқарушыларының долларлық инвестицияларға тәуелділікті азайтуға бағытталған ұзақмерзімді қадамдарының бастамасы.
Триллиондаған долларлық активтерді басқаратын инвесторлар АҚШ-тағы саяси тұрақсыздық, президент Трамптың Федералдық резерв жүйесі басшысына жасаған шабуылдары және сауда соғысының салдарынан америкалық нарықтағы позицияларын қысқарта бастаған. Бұл туралы Wall Street банктері жариялаған.
Трамптың «жұмсарту күні» деп аталатын тарифтік мәлімдемелері өткен айда жаһандық нарықтарды дүр сілкіндіргеннен кейін, АҚШ акциялары бұрынғы бағаларына ішінара қайтып келді. Дегенмен олар биылғы жылы теріс аймақта қалып отыр және әлемдік баламалардан артта қалуда.
Доллар биыл 7%-дан астам құнсызданды. Ал кейбір инвесторлар АҚШ-тан капиталдың «қашуын» көрсетіп, Германияның мемлекеттік қарызы сияқты басқа активтерге бет бұра бастады.
Pictet Asset Management компаниясының бас стратегі Лука Паолини: «Бұл орын алуда. Бұл баяу, бірақ сөзсіз болады», – дейді. Ол Еуропаны «ең қисынды» бағыт деп атап өтті. Себебі қор нарықтары салыстырмалы түрде арзан, ал Германия басқаратын қорғаныс шығындарының өсуі сияқты еуропалық экономикалық өсудің катализаторлары бар.
Еуропалық биржалық қорлардан (ETF) сәуір айында 2,5 млрд еуро көлемінде қаражат шыққан. Америкаға, долларға деген сенімсіздікті, капиталдың ірі көлемде қаша бастағанын білдіреді. Фото smallcaps.com.au сайтынан алынды
Bank of America жүргізген сауалнама наурыз айында инвесторлардың АҚШ акцияларына салымдарын «тарихтағы ең ірі» қысқартуын көрсеткенін, ал әлемдегі ең ірі экономикадан Еуропаға капиталдың кетуі 1999 жылдан бергі ең көп болғанын көрсетті.
Morningstar Direct мәліметтері бойынша, АҚШ-тың борыштық міндеттемелері мен акцияларына инвестиция салатын еуропалық биржалық қорлардан (ETF) сәуір айында 2,5 млрд еуро көлемінде қаражат шыққан. Бұл – 2023 жылдың басынан бергі ең жоғары деңгей. Сол қорлар мамыр айының басында да қаражаттың кетуін жалғастырған. Дегенмен тұрақты кіріс әкелетін баламалы ETF-тер қаражаттың бір бөлігін қайта тартуға әрекет етуде. Бұл – Америкаға, долларға деген сенімсіздікті, олардан капиталдың ірі көлемде қаша бастағанын білдіреді.
Morningstar компаниясының директоры Кеннет Ламонт долларлық активтерді сатудың «АҚШ активтері тұрақты түрде күшті таза ағындардың бенефициары болған ұзақмерзімді тенденцияны өзгертіп жатқанын» айтты. Бұл өзгеріс ішінара еуропалық инвесторлардың қорғаныс сияқты ішкі секторларға «патриоттық» бет бұруымен де байланысты сияқты.
Жаһандық капиталдағы үлкен өзгерістердің белгісі ретінде, соңғы апталарда еуро күрт өсіп, Германияның мемлекеттік облигацияларымен қатар көтерілді. Бұл инвесторлардың долларсыз активтерді қауіпсіз баспана ретінде іздейтінін көрсетеді. Инвестициялық банктер институционалдық инвесторлардың спот мәмілелерінде АҚШ долларын тұрақты түрде сатып, еуроны сатып алып жатқанын хабарлады.
Bank of America-ның G10 жаһандық валюта стратегиясы бөлімінің басшысы Танос Вамвакидис банктің соңғы апталарда «нақты [институционалдық] доллар сатылымын» көре бастағанын айтты. Deutsche Bank-тың жаһандық валюта зерттеулері бөлімінің басшысы Джордж Саравелос соңғы үш айда «нақты инвесторлардың АҚШ долларын айтарлықтай сатқанын» байқағанын жеткізді.
Америкалық қаржы нарығы қалай жұмыс істейтінін мына қысқа эпизодтан түсінуге болады:
Финляндияның Veritas Pension Insurance Company компаниясы да бірінші тоқсанда АҚШ акцияларына инвестицияларын қысқартқан. Бас инвестициялық директор Лаура Викстрём Financial Times-қа берген сұхбатында АҚШ акциялары тым жоғары бағаланып келгенін айтып, тарифтер төңірегіндегі «белгісіздік пен саяси хабарламалар... осыған байланысты шатасу мен болашақты болжаудың мүмкін еместігі бізді мұндай сыйақыны төлеу идеясына күмәндануға мәжбүр етті» дейді.
Аустралиялық UniSuper зейнетақы бағдарламасының (149 млрд аустралиялық доллар айналымы бар) бас инвестициялық директоры Джон Пирс өткен айда өзінің подкастында қордың АҚШ активтерінде айтарлықтай үлесі бар екенін және «бұл міндеттемені қайта қарастыратынын» айтқан.
«Шынымды айтсам, біз АҚШ активтеріне инвестициялардың шегіне жеттік деп ойлаймын», – деді ол.
Даниялық зейнетақы қорлары бірінші тоқсанда 2022 жылдан бері алғаш рет АҚШ акцияларын сата бастады. Сонымен қатар 2018 жылдан бергі ең ірі еуропалық акцияларды сатып алуды жүзеге асырды.
BNP Paribas-тың жаһандық макро стратегия бөлімінің басшысы Сэм Линтон Браун егер еуропалық зейнетақы қорлары 2015 жылғы деңгейге дейін қысқарса, бұл 300 миллиард еуроға дейінгі долларлық активтерді сатуға тең болатынын айтады.
АҚШ көптеген жылдар бойы экономикалық өсім, өтімділік және нарықтарының жоғары көрсеткіштері арқасында ауқымды капитал ағындарын тартты.
Wellington Management компаниясының мөлшерлеме стратегиясы бойынша стратег Джон Батлер: «Егер капиталдың жаһандануы кері бағытта жүрсе, бұл қаншалықты алыс және жылдам болатыны – үлкен мәселе. Бұл [тенденция] АҚШ-тан басқа нарықтарға таза капиталдың кетуіне әкелуі тиіс. Сонда АҚШ доллары, акциялар және облигациялар нарықтары үшін құрылымдық салдарға ие болады», – дейді.
Сауда соғысы Пандора жәшігін ашып, АҚШ-тың ірі сауда серіктестері долларлық активтерін сатуға алып келуі мүмкін. Фото bloomberg.com сайтынан алынды. Авторлығы: Andrew Harrer/Bloomberg
Қаржы сарапшылары АҚШ-тың қор нарығының тереңдігі мен өтімділігін, сондай-ақ шамамен 30 триллион долларлық қазынашылық облигациялар нарығын ескере отырып, бұл тенденцияның қаншалықты алысқа бара алатынына шектеулер бар екенін айтады. Дегенмен АҚШ-тың зейнетақы қорлары да өз позицияларын қайта қарастыруда. Калифорния штатының мұғалімдер зейнетақы жүйесінің (350 миллиард долларлық активтері бар) бас инвестициялық директоры Скотт Чан осы аптадағы кеңес отырысында тарифтер бойынша «Пандора жәшігін ашудың» «күтпеген тәуекелдері мен салдарының» бірі АҚШ-тың ең ірі сауда серіктестері тарапынан АҚШ активтерін сату болуы мүмкін екенін айтқан.
«Біз үшін сұрақ – бізге үлкен әртараптандыру қажет пе, өйткені біз АҚШ активтеріне өте көп қаржы салғанбыз», – деді Чан.
Биылғы жылы доллардың құлдырауы АҚШ активтеріне ие, бірақ валюталық тәуекелдерді хеджирлемеген шетелдік инвесторлар үшін әсіресе ауыр болды.
Bank of America егер олар COVID-19 алдындағы хеджирлеу деңгейіне қайта оралса, бұл еуропалық инвесторлардың долларлық активтері бойынша 2,5 трлн долларлық валюталық тәуекелдерді хеджирлеу керектігін білдіреді. Мұндай әрекет долларға төмендетуші қысым көрсетуі мүмкін. Алайда көптеген инвесторлар шешім қабылдауға асықпайды. Олар АҚШ нарықтарының ұзақмерзімді өсуіне қарсы бәс тігу тәуекелдерін түсініп отыр.
Бір инвестор: «Бізде АҚШ-тың ерекше жағдайы туралы және АҚШ-тың ассигнацияларын қысқартуымыз керек пе деген ішкі пікірталастар жүріп жатыр. Тәжірибе бұл өзгерістермен абай болу керектігін және АҚШ-қа қарсы бәс тігудің нәтиже бермегенін көрсетеді», – дейді.
Ұлттық қор үшін капиталды сақтау мен тұрақты табыс табу басты мақсат. Фото X (Twitter) әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: @Kazakhstan аккаунты
Қазақстанның Ұлттық қорындағы активтерді әртараптандыру қажет пе?
Қазіргі уақытта Қазақстанның Ұлттық қорының активтері шамамен 59 млрд АҚШ долларын құрайды. Олардың ішінде 72%-ы долларлық активтерде сақталған, бұл шамамен 42,5 млрд доллар. 2025 жылдың наурыз айында Ұлттық банк инфляциядан қорғалған АҚШ қазынашылық облигацияларына 1 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Әрине, АҚШ қазынашылық облигациялары әлемдегі ең сенімді және өтімді қаржы құралдарының бірі болып саналады. Қазақстанның Ұлттық қоры үшін мұндай активтерге инвестиция салу – капиталды сақтау мен тұрақты табыс табудың сенімді тәсілі. Дегенмен АҚШ-тағы саяси тұрақсыздық, инфляцияның өсуі және доллардың әлсіреуі сияқты факторлар бізді де алаңдатады. Бұл факторлар қысқамерзімді немесе ұзаққа созылуы мүмкіндігін ешкім айта алмайды.
Ұлттық қордың инвестициялық стратегиясын қалыптастырғанда, тәуекел мен табыстылық арасындағы теңгерімді сақтау қажет. Фото X (Twitter) әлеуметтік желісінен алынды. Авторлығы: @Kazakhstan аккаунты
Ұлттық қордың инвестициялық портфелін әртараптандыру, тәуекелдерді азайту мен табыстылықты арттыру – ең басты мақсат екенін анық. 2025 жылғы мамырдағы жағдай бойынша, 10 жылдық АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі шамамен 4,37% деңгейінде болған. Ал 2019-2024 жылдар аралығында S&P 500 индексі шамамен 91% өскен. Бұл жылдық орташа 13,6% табысқа сәйкес келеді. Сонда Ұлттық қордағы АҚШ-тың қазынашылық облигацияларының орнында Apple, Microsoft, Amazon және Nvidia сияқты ірі технологиялық компаниялардың акциялары болса, қордың табыстылығы 3 есе жоғары болған болар еді. Әрине, бұл жерде де тәуекелдерді алдын ала ескеру де маңызды.
Сондықтан Ұлттық қордың инвестициялық стратегиясын қалыптастырғанда, тәуекел мен табыстылық арасындағы теңгерімді сақтау қажет. Бұны Ұлттық банктің қаржы сарапшылары жақсы біледі деп ойлаймыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.