Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа елдегі криминогендік ахуал және ішкі істер органдарының алдына қойылған міндеттердің орындалуы жөнінде баяндалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. сайты Akorda-ға сілтеме жасап.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша тіркелген қылмыс саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға төмендегенін айтты.
– Негізгі санаттар бойынша құқықбұзушылықтың азаюы және қылмысты ашу деңгейінің артуы байқалады. Алдын алу іс-шаралары мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Ведомство жазаның бұлтартпас қағидатын дәйекті түрде қамтамасыз етіп келеді. Есепті кезеңде өткен жылдары жасалған 1 685 қылмыс ашылған. Сот төрелігінен жасырынып жүрген 574 қылмыскер, оның ішінде 89-ы шетелден табылды, – деді ол.
Ержан Сәденов киберқылмысқа, есірткі қылмысына, ұйымдасқан қылмысқа және экстремизмге қарсы күрес нәтижелері жөнінде ақпарат берді.
Айтуынша, қылмыстық топтардың жолын кесу, азаматтарды қауіп-қатерлерден қорғау, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министріне елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық жүйені қамтамасыз ету үшін «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.
