2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанда парақорлыққа қатысты 427 қылмыстық іс тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 пайызға көп.
Қазақстанда қай өңірде жемқорлық көп екені белгілі болды
464
оқылды

Мұндай деректерді Finprom жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Статистикаға сәйкес, өңірлердегі жағдай әркелкі. Кейбір облыстарда «пара алу», «пара беру» және «парақорлыққа делдал болу» баптары бойынша тіркелген істер саны айтарлықтай артса, бірқатар өңірде төмендеу байқалған.

Парақорлық істері ең көп тіркелген өңір – Астана қаласы. Биылғы қаңтар–мамыр айларында елордада 56 іс тіркеліп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21,7 пайызға өскен.

Екінші орында Қостанай облысы тұр. Мұнда парақорлыққа қатысты қылмыстық істер саны 3,5 есе өсіп, 38 іске жеткен.

Үздік үштікті Алматы қаласы түйіндейді. Мегаполисте бес ай ішінде 32 іс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 14,3 пайызға артқан.

Ал ең төмен көрсеткіштер Абай облысында (1 іс), Ақмола облысында (2 іс) және Батыс Қазақстан облысында (7 іс) тіркелген.

Парақорлық істерінің ең жоғары өсімі Алматы облысында байқалған. Мұнда көрсеткіш төрт есе артқан. Сондай-ақ Қызылорда облысында өсім 66,7 пайызды, Жамбыл облысында 61,1 пайызды құраған.

Керісінше, Солтүстік Қазақстан облысында істер саны 2,1 есе, Павлодар облысында 2,4 есе, Батыс Қазақстан облысында 2,6 есе азайған. Ал Ақмола облысында көрсеткіш 13 есе төмендеген.

Пара алу фактісі бойынша сотталғандардың басым бөлігі 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 2025 жылы осы бап бойынша сотталған 58 адамның 27-сіне дәл осындай жаза тағайындалған. Сондай-ақ әрбір бесінші сотталушы 3 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге сотталса, ең ауыр жаза 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Өткен жылы пара алу күдігімен 312 адам жауапқа тартылып, олардың 239-ының ісі сотқа жолданған. Нәтижесінде, 188 адам сотталған. Оның ішінде 128 адамға айыппұл салынса, 58 адам нақты мерзімге бас бостандығынан айырылған.