Астанада таңертең ерте Триатлон паркінің аумағында «Арқар» көпірінің астындағы балалар алаңы өртенді, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Елордалық ТЖД мәліметінше, өрт туралы хабарлама «112» нөміріне таңғы уақытта түскен. Өрт сөндірушілер шақырту орнына тез арада жетіп, 25 шаршы метр аумақты шарпыған өртті өшірді.
Куәгерлердің айтуынша, олар төтенше жағдайлар қызметі келгенге дейін-ақ түтін мен жалынды байқаған. Өрт таңғы сағат 5:30 шамасында басталған.
– Біз келгенде өрт шығып жатыр екен, бірақ аса қатты емес еді. Сөндіруге тырысқанымызбен, жалын бұрынғыдан да бетер үдей түсті, – деді оқиға куәгері.
Оның айтуынша, өртті айналадағы адамдар өздері өшіруге тырысқан. Өйткені өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері өрт қатты күшейгеннен кейін шамамен он минуттан соң жеткен.
Қазіргі уақытта мамандар оқиғаның мән-жайын зерттеп, өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
