Басқарма баспана сатып алмас бұрын құрылыс компаниясынан үлескерлердің қаражатын тартуға берілген рұқсаттың және басқа да құжаттардың бар-жоғын тексеруді ұсынды.
4 миллион теңге: Алматыда Krisha сайтына заңсыз жарнама үшін айыппұл салынды
230
оқылды

Платформа үлестік құрылысқа адамдардың қаражатын тартуға рұқсаты жоқ тұрғын үйлер жарнамасын орналастырған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  Бұл туралы Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.

Басқарма Krisha.kz және Korter.kz интернет-платформаларының операторларына Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңы талаптарын бұза отырып, құрылыс нысандарының жарнамасын орналастырғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар толтырылды.

– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына азаматтардың қаражатын тартуға, сондай-ақ осындай нысандарды жарнамалауға уәкілетті органның тиісті рұқсаты немесе үлескерлердің құқығын қорғаудың заңда көзделген өзге де тетіктері болған жағдайда ғана жол беріледі. Аталған интернет-алаңдарда жарнамаланған нысандарда мұндай рұқсат құжаттары болмаған, – деп хабарлады ведомство.

Нәтижесінде, «Колеса» АҚ-на (Krisha.kz) – 1 000 АЕК (4 млн теңге), ал «Флетфай-Қазақстан» филиалына (Korter.kz) – 500 АЕК (2 млн теңге) көлемінде айыппұл тағайындалды.

Салынып жатқан нысандарға қатысты рұқсат құжаттары туралы ақпарат алу үшін тұрғындар қала құрылысын бақылау басқармасының +7 (705) 89 66 000 нөмірі бойынша анықтамалық WhatsApp арнасына жүгіне алады.