Биыл елімізде бірнеше ақылы жол учаскесінде орташа жылдамдықты өлшеу жүйесі іске қосылады. Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа бақылау құралдары Қарағанды – Алматы, Өскемен – Талдықорған және Қорғас – Алматы бағыттарында орнатылады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Көлік министрлігінің автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Баяхмет биыл тағы үш негізгі бағытта орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізілетінін мәлімдеді.
Айтуынша, жаңа жүйе Қарағанды – Алматы автожолы, Өскемен – Талдықорған автожолы және Қорғас – Алматы автожолы учаскелерінде орнатылады. Биыл негізгі учаскелер – Қарағандыдан Алматыға дейін, Өскемен – Талдықорған, сондай-ақ Қорғастан Алматыға дейінгі жолда енгізіледі, – деді Мақсат Баяхмет.
Мақсат Баяхмет биыл бірінші тоқсанда орташа жылдамдықты өлшеу жүйесі жұмыс істейтін жолдарда жол-көлік оқиғаларының саны 15 пайызға азайғанын жеткізді.
