Қазақстанда тұңғыш әрі жалғыз метроның пайда болғанына биыл тура 15 жыл толды.
Келесі станса – «Қалқаман»
коллаж: Әсел БАЛТАҚЫЗЫ
242
оқылды

Бұрындары ел дамуының символы ретінде көлік саласына жауапты шенділердің аузынан түспейтін бұл бірегей логистикалық нысан кейінгі кезде тіпті көлік логистикасы талқылатын Үкімет отырыстарынан да, Көлік министрлігінің жиындарынан да жырақтап, ұмыт қалғандай. Назардан тыс қалса да, жерасты әлемі өз тынысымен өркендеу үстінде: жолаушылар ағыны артып, жаңа бекеті бой көтеріп жатыр. Жерасты жолдарының ертеңі қандай және оны не өзгерістер күтіп тұр?

Метродағы миллиондар шеруі

Метро тарихының басты парағы – жаңа стансалардың ашылуы мен алғашқы пойыз­дың жолға шығуымен басталды. Содан бері желінің өрісі кеңейіп, жолаушылар ағынының арнасы артты. Шежіреге көз жүгіртсек, Алматы метрополитенінің құрылысы 2011 жылы аяқталыпты. Бірақ тек тестілеу жұмыстары тәмамдалған соң сол жылдың 1 желтоқсанында бірінші желінің алғашқы кезегіндегі 7 станса салтанатты түрде пайдалануға берілді.

Уақыт керуені ілгері жылжып, 2015 және 2022 жылдары жаңа учаскелер жолау­шылар игілігіне тапсырылды. Бүгінде алып шаһардың «қойнауында» 11 станса халыққа қызмет етіп, қаланың тұрақты мобильділігін қамтамасыз ететін негізгі тірекке айналды. Әсіресе, «Сарыарқа» мен «Бауыржан Момышұлы» стансаларының іске қосылуы жерасты әлеміне жан бітіріп, алып мегаполистің жаңа аудандарының тұрғындарына осы көлік түрін тартымды әрі қолжетімді етті. Бұл үрдіске жедел үн қосқан Алматы қаласының «Метрополитен» КМК-ы пойыз­дардың қозғалыс кестесін бірнеше мәрте қайта қарап, құрамдар арасындағы уақыт интервалын барынша қысқартты. Бұған қоса, метро күн сайын деректерді талдап, құрамдар санын реттеп көлігінің қолжетімділігін жақсартуға тырысады екен. 

Соның нәтижесінде жолаушылар ағыны геометриялық прогрессиямен одан ары өсіп келеді: жұмыс күндері бұл көрсеткіш 102-120 мың адамға дейін жетеді. Ал бір жылдық меже  30 миллион жолаушыға дейін барады. Метрополитен есігін алғаш айқара ашқан сәттен бүгінге дейін 200 миллионнан астам жолаушы оның қызметіне жүгініпті. Бұл жай ғана статистика емес, бұл – көше-жол желісіне түсетін ауыр жүктемені жеңілдетіп, кептеліске тұншыққан қаланың экологиялық тынысын ашқан, стратегиялық маңызы зор базалық көліктің жемісі. Метрополитенде 15 бірлік электр жылжымалы құрам кезек-кезекпен жүйткіп жүрген көрінеді.

Жаңа станса – қозғалыстың жаңа серпіні

«Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының мәліметіне сүйенсек, жерасты жолдарының желісі ары қарай белсенді түрде кеңеймек. Қазір қала билігі бірнеше негізгі жобаны қолға алған. Мәселен, метроның бірінші желісінің екінші кезегіне қарасты үшінші іске қосу кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Ол «Бауыржан Момышұлы» стансасын жаңа «Қалқаман» стансасымен жалғамақ. Құрылысты аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Бұдан бөлек, болашақ стансаларды жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соның ішінде «Қалқаманды» «Барлық» базарымен байланыстыратын бірінші желінің үшінші кезегі бойынша мемлекеттік сараптама жұмыстары жүргізілген. 

«Алдағы жылдарға арналған жоспарларда метроның екінші желісін кеңейту бар. Біз қолданыстағы «Жібек жолы» стансасынан шығыс бағытқа қозғалып, кейіннен Гоголь көшесіне жетуге ниеттіміз. Одан ары қазу жұмыстары Орталық мәдениет және демалыс саябағына дейін ұласады. Содан кейін ШАЖЖ (Шығыс автомобиль айналма жолы) мен Құлжа трактына шыға отырып, халықаралық әуежайға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттарда 8 жаңа станса салынады», – деп хабарлады «Метрополитен» КМК.

Жерасты көлігінің басты жаңалығы – «Қалқаман» стансасының іске қосылуы. Ол жолаушылар ағынын бірден 30%-ға арттырмақ. Негізінен, бұл станса құрылысының жобасы 2020 жылы басталған-тын. Алайда Наурызбай ауданының қарқынды дамуын және демографиялық өсімін ескере отырып, 2022 жылы трассировка мен стансаның ор­­­наласу нүктесін түзету туралы шешім қабыл­­данды. Сөйтіп, айдау туннелдерінің ұзын­дығы 2 шақырымға жеткізілді, ал стансаның өзі Абай даңғылының бойында, Әшімов көшесінен батысқа қарай орын тепті.

Аталған нысанның толық іске қосылуы қалалық мобильділікті сапалық жаңа деңгейге көтеріп, жерасты көлігін пайдалану­­шылар санын тәулігіне тағы 30 мың адамға көбейтеді деп күтілуде. Мысалы, кезінде «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» стансаларының ашылуы жолаушылар ағынын 50 мыңнан 120 мың адамға дейін бір-ақ өсірген болатын. Демек, «Қалқаман» да осы үдеудің лайықты жалғасы болмақ.

Жерасты көлігінің тізгіні кімде?

– Жылжымалы құрамды жаңарту мәселесі алаңдаушылық туғызады. Бұған дейін шамамен 28,9 млрд теңгеге 10 электрпойыз сатып алуға жарияланған конкурс бірде-бір өтінімнің түспеуіне байланысты «өткізілмеді» деп танылды. Тығырықтың сыры неде? Техникалық құжаттамада сатып алынатын по­йыздардың қолданыстағы Hyundai Rotem компаниясы өндіретін қозғалысты басқару жүйесімен толық үйлесімді болуы қатаң талап етілген, – дейді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев. 

Оның пайымдауынша, аталған мәселені жай ғана сатып алу рәсімі емес, стратегия­лық маңызы бар көлік инфрақұрылымы объектісінің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін басты фактор деп қарастырған дұрыс. Себебі жолаушылар ағынының тоқтаусыз өсуі, желінің кеңеюі және жүйеге түсетін жүктеменің артуы жағдайында жылжымалы құрамды әртараптандыруға байланысты кез келген технологиялық шешімдер кешенді түрде, тәуекелдерді алдын ала дәл бағалауды талап етеді.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, көлік саласының жүйелі тәуекелдерін жеткіліксіз бағалау ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Әлемдегі бірнеше ірі жерасты апаттарының себеп-салдары зерттелгенде, оның астарында бірнеше фактордың жиынтығы, соның ішінде тәуекелдер мен құрылғылардың техникалық жай-күйін жан-жақты бағаламау жатқаны дәлелденді. Демек, Алматы метросына қатысты қабылданатын кез келген шешім қауіпсіздік, техникалық реттеу және жүйелі тұрақтылық мәселелерді жан-жақты пысықтау арқылы қабылдануға тиіс.  

Қазақстанның жалғыз метросында жолға адамдардың құлауы, жылжымалы құрамын пайдалану кезінде техникалық ақау салдарынан түтіндеу сияқты апаттар болып тұрады. Осыған байланысты жуырда бір топ Сенат депутаты метроның инфрақұрылымының және басқару жүйелерінің жай-күйі­не кешенді аудит жүргізу, жылжымалы құрамды жаңарту мен пайдалану тәсілдерін қайта қарау жөнінде бастама көтерді.

Сенатқа жолдаған хатында Премьер-министр Олжас Бектенов те жерасты көлігіне қатысты бір кілтипанның барын жасырмады: оны басқаратын жүйе мемлекеттік емес, же­кеменшік екен. Яғни метроның «қара айғырының» тізгіні жеке компанияның уысында.

– Пойыздар мен пойыз қозғалысын бас­қарудың автоматтандырылған жүйесі (АСУД) Алматы метрополитені үшін арнайы әзірленген, алайда ол жалғыз жеткізу­шінің зияткерлік меншігі болып есептеледі және оған үшінші тарап өндірушілерінің өзгерістерін енгізуге болмайды. Метрополитенді одан әрі дамыту және пайдалану процестерінің тұрақтылығын арттыру мақсатында қолданыстағы пойыз қозғалысын басқару жүйесін жаңғырту шаралары қарас­тырылып жатыр. Аталған шараларды іске асыру әртүрлі өндірушінің жылжымалы құрамымен техникалық үйлесімділікті қам­та­­масыз етуге және жалғыз жеткізушіге тә­уелділікті төмендетуге мүмкіндік бере­ді, – деді О.Бектенов.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, «Метрополитен» компаниясы АСУД жүйе­сін ауыстыруды және жаңа 10 электр по­йыз сатып алуды жоспарлаған. Әйткенмен, бұл дәл қазір жүзеге аспайды, 2027 жылдың соңына дейін ұзайды. 

Жерастындағы жұмысшылар ерлігі

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылы метрополитенді пайдалануға 4,5 млрд теңге көлемінде қаражат жоспарланған. Оның ішінде 1,3 млрд теңге қосалқы бөлшектер мен электрдепоның іркіліссіз жұмысын қамтамасыз етуге қажетті жабдықтарды сатып алуға бағытталады. Қал­ған қаражат электрмен жабдықтау, автоматика және байланыс жүйелерінің, эска­ла­торлар мен жол шаруашылығының іркі­ліссіз жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалады. 

Жеткізушілердің сенімділігіне, жиынтық бөлшектердің сапасына, сондай-ақ өнеркәсіптік, көліктік және ақпараттық қауіп­сіздік талаптарының сақталуына ерекше назар аударылады. Алматы метрополитенін тұрақты дамыту үшін Алматы әкімдігі 2027-2032 жылдарға арналған бесжылдық стратегиялық жоспар әзірлеуге ниетті. Оны дайындау 2026 жылдың II тоқсанына белгіленген.

Аталған жоспар жолаушыларды қауіпсіз тасымалдауды ұйымдастыруға бағытталады, себебі «Қалқаман» стансасынан «Барлық» стансасына дейінгі жаңа стансалар іске қосылғаннан кейін жолаушы легі тәулігіне 120 мың адамнан 170 мың адамға дейін ұлғаяды деп күтіледі. 

Еліміздің ең ірі мегаполисі әкімдігінің түсіндіруінше, алдағы жаңа стратегиялық жоспар бірден бірнеше мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Атап айтқанда, біріншіден, жолаушылар легі күрт ұлғайғанда, метрополитен іркіліссіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуге тиіс. Екіншіден, инженерлік инфрақұ­ры­лымды дамыту көзделеді. Үшіншіден, автоматтандыру және байланыс жүйелерін жаңғырту жоспарланады. Төртіншіден, жабдықтарды диагностикалау мен мониторингтеудің қазіргі заманғы әдістері ендірілмек. Бесіншіден, құжат көліктік және техникалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Мұның сыртында стандарттаудың бірыңғай саясатын құруды, инженерлік-техникалық персоналды даярлауды және жаңа объектілерді интеграциялау арқылы желіні одан әрі кеңейтуді қарастырады. 

Осы жылдар ішінде метро Алматы тұр­ғындары мен қонақтары үшін жылдамдық пен жайлылықтың, қауіпсіздік пен экологиялық тазалықтың айнымас символына айналды. Алайда осы үздіксіз қозғалыс пен тоқтаусыз тіршіліктің артында үлкен ұжымның маңдай тері жатыр. Метроның күнделікті іркіліссіз жұмысы 1 500-ден астам жоғары білікті маманның – пойыз тізгіндеген машинистердің, білікті инженерлердің, қырағы диспетчерлер мен кассирлердің, станса кезекшілері мен қауіпсіздік қызметінің өлшеусіз күш-жігерімен, кәсіби шеберлігімен қамтамасыз етіліп отыр.

Айхан ШӘРІП