Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастамаyың бірі болып отыр. Осы орайда Қарағанды қаласында бірнеше жоба қолға алынған.
Құқықтық бастаманың бағыты айқын
142
оқылды

Қарағандыда 29 мамыр мен қазан айы аралы­ғында жастардың құқықтық сауатты­лығын арттыруға бағытталған жаңа форматтағы жоба басталды. «Қаладағы заң мен тәртіп» атты квест-ойын жастарға құқық қорғау органдарының жұмысымен жақынырақ танысуға, заң талаптарын меңгеруге және азаматтық жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.

Ерекше форматтағы шара Қарағанды қалалық полиция басқармасында өтті. Оны Қарағанды қаласының әкімдігі, қалалық ішкі саясат бөлімі және Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Жобаға 16 мен 25 жас аралығындағы жас­тар, еріктілер, «Жасыл ел» еңбек жас­ақ­тарының мүшелері, аула клубтарының тәрбиеленушілері және белсенді жастар қатысты.

Бүгінде жастар тәрбиесі мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру қоғам алдындағы маңызды міндеттің бірі саналады. Осы тұрғыдан алғанда Қарағанды қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынған мұндай жобалардың маңызы ерекше. Себебі жастар заң талаптарын тек кітаптан оқып қана қоймай, мемлекеттік құрылым­дардың жұмысын көзімен көріп, олардың қызметімен тәжірибе жүзінде танысады.

Жобаның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық нигилизмнің алдын алу, заңға құрметті қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын түсіндіру. Квест барысында қатысушылар түрлі мемлекеттік мекемелерге барып, олардың қызметімен танысып, арнайы тапсырмаларды орындап, білімдерін сынайды.

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанованың айтуынша, жоба бірнеше кезеңнен тұрады.

– Қатысушылар станcадан стансаға ауысып отырып, түрлі мекемелердің жұмысымен танысады. Жоба қорытындысы Республика күні қарсаңында шығарылады. Сонымен қатар жастар ақпараттық насихат жұмысын жүргізіп, белсен­ді­гін көрсетеді. Бүгінде жобаға жүз­ден астам команда тіркелген. Бұл – қаламыздағы жастар арасында құқықтық мәдениетті дамытуға бағытталған ауқымды бастама, – деді ол.

Квесттің Полиция басқармасынан басталуы да кездейсоқ емес. Мұнда жастар әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушы­лықтардың айырмашылығын, олардың жауапкершілік деңгейін, сондай-ақ заң бұзудың салдарын білді.

Әсіресе буллинг, бопсалау, интернет-алаяқтық, киберқылмыс және есірткі қылмыстары сияқты қазіргі қоғамда өзекті болып отырған мәселелерге ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері жастарға құқықбұзушылықтардың алдын алу жолдарын түсіндіріп, қауіпсіздік ережелері жөнінде ақпарат берді.

Қатысушылар полицияның күнделікті қызметімен де танысты. Олар арнайы техникаларды көріп, полиция мотоцикл­деріне отырып, қызметтік құрал-жаб­дық­тарды тамашалады. Сондай-ақ кино­лог­тардың жұмысын бақылап, қызмет­тік иттердің кәсіби дайындығына куә болды.

Қарағанды қалалық Полиция басқар­масының Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің аға жедел уәкілі Ольга Мельникованың айтуынша, мұндай кездесу­лер жастардың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырады.

– Біз жастарға полиция қызметінің қалай жүзеге асатынын көрсетіп қана қоймай, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарымызды таныс­тырамыз. Қазір Бүкіләлемдік есірт­кіге қарсы күрес күніне арналған бір айлық акция да өткізіліп жатыр, – деді ол.

Квестке қатысқан жастар да іс-шарадан алған әсерін бөлісті. Еріктілер команда­сының мүшесі Рината Хасянова полиция қызметкерлерінің жұмысы мен кинолог­тардың кәсіби шеберлігі ерекше әсер қалдырғанын айтты. Ал аула клубының мүшелері мұндай кездесулердің болашақ мамандық таңдауға да көмектесетінін жеткізді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы