Перизат Қайраттан тәркіленген қымбат көліктердің мемлекеттік органдарға берілу себебін Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы Нұрмахан Әділбеков түсіндірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, тәркіленген көліктерді мемлекеттік мекемелердің қажеттілігіне пайдалану бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді.
«Жаңа көлік сатып алғанша, қажеттілікті тәркіленген мүлік есебінен қамтамасыз еткен тиімді. Қолданыстағы заңнамада құқық қорғау және мемлекеттік органдарға мұндай мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан бұл тетікті пайдаланудың еш оғаштығы жоқ», – деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Бұған дейін Перизат Қайраттан тәркіленген бірнеше қымбат автокөлік сатылымға шығарылғанымен, сатып алушылар табылмаған.
Қазіргі таңда жаңа Mercedes автокөлігі Астана қаласы полиция департаментінің балансына берілсе, Lexus жол талғамайтын көлігі Қаржы министрлігінің қарауына өткен. Тәркіленген басқа да люкс санатындағы көліктердің қай мекемелерге берілгені әзірге жарияланған жоқ.
Еске салайық, қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат алаяқтық фактісі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
