Биылғы жылдың маусым айында Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері «Kyzdar.net» интернет-ресурсының серверлік инфрақұрылымының ұйымдастырушылары мен түпкілікті бенефициарларын ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұйымдастырушылардың қызметін тоқтату қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ адамгершілік құндылықтарды, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту тұрғысынан ерекше маңызды мәнге ие.

Аталған сайттың интернет желісі арқылы жеңгетайлықты жарнамалау және насихаттау, сондай-ақ азаматтарды заңсыз қызметке тарту мақсатында пайдаланылғаны анықталды.
Платформада интимдік қызмет көрсетуге арналған шамамен 9 мың анкета орналастырылған, олардың 500-ден астамы дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы адамдар мен трансвеститтердің анкеталары болған.
Мұндай қызметтер жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттыратын факторлардың бірі болып табылады.
Тергеу барысында күдіктілердің IT-компаниялардың бірінің негізін қалаушылары екені анықталды.
Олар әзірлеген «Kyzdar.net» сайты негізгі жобалардың бірі болып, кейіннен қызмет көрсету саласындағы басқа да заңды IT-өнімдерді әзірлеу кезінде енгізілген бағдарламалық шешімдерді жасау және сынақтан өткізу үшін технологиялық платформа ретінде пайдаланылған.

Компанияның дамуы «Kyzdar.net» сайтының заңсыз қызметінен түскен қаржы ағындары есебінен жүзеге асырылған. Алдын ала есептеулер бойынша, олардың көлемі айына 500 миллион теңгеден асқан. Қаржылық операциялардың едәуір бөлігі ақша қаражатының қозғалысын бақылауды қиындату мақсатында криптовалюта құралдарын пайдалану арқылы жүргізілген.
Жүргізілген тергеу іс-шараларының нәтижесінде 144 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақша, 1,3 миллион АҚШ долларынан астам қаражат, оның ішінде криптовалюта түріндегі 300 мың АҚШ долларынан астам қаржы, қару-жарақ пен оқ-дәрілер, шамамен 150 бірлік компьютерлік және өзге де техника, автокөліктер, құжаттар және қылмыстық іске қатысты басқа да дәлелдемелер тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Құқыққа қайшы әрекеттердің барлық мән-жайларын анықтауға, ықтимал сыбайластарды әшкерелеуге, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемаларын анықтауға бағытталған тергеу және жедел іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.
Ішкі істер министрлігі техникалық жабдықталу деңгейіне және заңсыз кірістерді жасыру тәсілдеріне қарамастан, осындай құқыққа қайшы схемаларды анықтау және жолын кесу бойынша дәйекті шараларды алдағы уақытта да қабылдайтын болады.
