Іссапар барысында ауыл ішіндегі және айналасындағы құм басу қаупі бар жол учаскелерінің жай-күйі зерделенді.
«AMANAT»: Жетісу облысындағы Сарыбұлақ ауылының құм басу қаупі назарға алынды
360
оқылды

«AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Арыстанғали Арын Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбұлақ ауылына жұмыс сапарымен барып, елді мекендегі өзекті мәселелермен танысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іссапар барысында ауыл ішіндегі және айналасындағы құм басу қаупі бар жол учаскелерінің жай-күйі зерделенді.

Тексеру барысында құм жиналған аумақтарды тазалау, жол инфрақұрылымын қалпына келтіру және оларды күтіп ұстау мәселелері талқыланды. Жергілікті мамандар мен сала өкілдері құм көшкінінің алдын алу бойынша ұсыныстарын ортаға салып, кешенді шараларды күшейту қажет екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, құм тоқтату жұмысын жүйелеу, қорғаныс тосқауылдарын орнату және жасыл желек белдеулерін көбейту мәселелеріне назар аударылды.

Бұл ретте, Арыстанғали Арын көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын айтып, оларды шешу бағытында нақты жұмыс жүргізілетінін жеткізді. «Ауыл инфрақұрылымын қорғау және дамыту – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Құм көшкіні мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі», – деді ол.

Мамандардың айтуынша, аталған шаралар ауылды табиғи қауіптен қорғап қана қоймай, жол инфрақұрылымының тұрақтылығын қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Сарыбұлақ орта мектебінде ауылдың зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Оның барысында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2023-2026 жылдары атқарылған жұмыс таныстырылды. Бұдан бөлек, «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» партиялық жобаларының мәні мен маңызы түсіндірілді.

Айта кетейік,  «Ауыл аманаты» партиялық жобасы аясында Кербұлақ ауданында 64 адам мал шаруашылығы, қоғамдық тамақтану және тігін цехы бағыттары бойынша несие алып, 74 адам жұмыспен қамтылды. Халық қалаулысы бұл бастамалардың ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту ісіндегі маңызын атап өтті.

Айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер тиісті сала мамандарының бақылауына алынды. Оларды кезең-кезеңімен шешу жұмысы жалғасын табады.