XVIII ғасырда ғылым Исаак Ньютон қалыптастырған көзқарасқа сүйеніп, Ғаламды нақты заңдарға бағынатын, сағат механизмі секілді тұрақты жүйе деп қабылдады. Дәл осы кезеңде дін қызметкері бұған күмән келтірген.
XVIII ғасырда діни қызметкер кванттық теорияның негізін ашқан
Тартылыс пен тебілістің ауысуы табиғаттағы тұрақты құрылымдардың өмір сүруін қамтамасыз етеді. Иллюстрация daraz.com.bd сайтынан алынды
147
оқылды

Zmescience.com сайтына сүйенген Aikyn.kz дін мен ғылым арасын жалғаған адамның жаңалығын талдайды.

Дубровникте туған иезуит діни қызметкері әрі ғалым Руджер Йосип Бошкович атақты ағылшын ғалымының теориясына күмән келтіріп, өз дәуірінен әлдеқайда озық идея ұсынды. Ол материя үздіксіз емес, бір-бірімен көрінбейтін күштер арқылы әрекеттесетін нүктелік бөлшектерден тұратынын жариялаған. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл көзқарас кейінгі атомдық физика мен кванттық механикаға апаратын іргелі ойлардың бірі болды.

Бошкович 1711 жылғы 18 мамырда сол кездегі Рагуза республикасында, қазіргі Хорватия аумағындағы Дубровникте дүниеге келді. Ол физик, математик, астроном, философ, ақын, дипломат және иезуит орденінің діни қызметкері болды. 1740 жылға дейін математикадан дәріс оқыды, ал 1744 жылы діни қызметкер болып тағайындалды. Оның ғылыми ойлары 1758 жылы жарық көрген Табиғи философия теориясы атты еңбегінде жарияланды. Осы еңбекте ол материяның «қатты зат» емес, күштер заңына бағынатын нүктелік бөлшектер жүйесі екенін жазды.

Бошковичтің ең маңызды идеясы – кейін «Бошковичтің күш қисығы» аталған тұжырым. Ол бөлшектер арасындағы күш арақашықтыққа қарай өзгеретінін болжады. Бөлшектер өте жақын орналасса, олар бірін бірі тебеді, орташа қашықтықта тартады, ал алыста гравитацияға бағынады. 

Ғалымның ойынша, дәл осы тартылыс пен тебілістің ауысуы табиғаттағы тұрақты құрылымдардың өмір сүруін қамтамасыз етеді. Бұл атомдардың және олардың байланыстарының тұрақтылығын қазіргі ғылымнан әлдеқайда ерте болжаған тұжырым еді.

Оның идеялары Майкл Фарадейдің өріс тұжырымдамасына, кейін Джеймс Клерк Максвеллдің теорияларына ықпал еткені айтылады. Тіпті, Вернер Гейзенберг Бошковичтің «нүктелік күш» идеясын кванттық өріс теориясына апаратын маңызды қадам деп бағалаған. Философ Роко Пешичтің пікірінше, Бошкович «актуалды және потенциалды кеңістікті ажыратқан». Ал бұл «өлшеу сәтінде нақтыланатын виртуалды процестердің қазіргі кванттық интерпретациясымен сәйкес келеді».

Бошкович үшін ғылым мен сенім бір-біріне қарсы ұғым болған жоқ. Ол Ғаламдағы тәртіпті Құдайдың бар екенінің көрінісі деп санады. Оның ойынша, табиғат кездейсоқ емес, «шексіз күрделі айқындаушы шарттардың жиынтығы».

Сол себепті ол адам ақылының да шегі бар екенін ескертіп, ең терең атомдық деңгейде дәл сипаттау мүмкін болмауы ықтимал деген пікір айтқан. Бұл – кейін Гейзенберг математикалық тұрғыда дәлелдеген анықталмаушылық қағидасына жақын философиялық тұжырым.

1773 жылы иезуит ордені таратылғаннан кейін Бошковичтің аты біраз уақыт белгісіз болды. Алайда XX ғасырда ғылыми қауымдастық оның еңбегін қайта бағалап, оны өріс теориясы мен кванттық ойдың маңызды ізашарларының бірі ретінде мойындады. Руджер Бошкович Ғаламды жай ғана машина емес, «тартылыс пен тебілістің биі» ретінде көрді. Оның осы ойы ғылым тарихындағы ең терең серпілістердің біріне жол ашты, Ғаламның гармониясының дәлелі ретінде ұсынылды.