Адамзат тарихында алғаш рет «Артемида II» миссиясы Жерден 406 771 шақырым қашықтыққа ұшып барды. Экипаж Айдың арғы бетін алты сағат бойы зерттеді.
«Артемида II» миссиясы Айдың бізге көрінбейтін бетіне ұшып барды
«Артемида II» миссиясының төрт астронавты адамзат тарихында ешкім жетпеген терең ғарышқа ұшып барды. Фото nbcnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA
150
оқылды

Reuters-ке сүйенген Aikyn.kz Айдың көлеңкелі арғы бетін айналып өткен сәтті миссия туралы хабарлайды.

Дүйсенбіде (6 сәуір) NASA-ның «Артемида II» миссиясының төрт астронавты адамзат тарихында ешкім жетпеген терең ғарышқа ұшып барды. Олардың Айдың көлеңкелі арғы бетін айналып ұшып өтті. Бұл оларға миллиардтаған жыл ғарыштық соққыларға ұшыраған Ай бетін жақын жерден бақылауға мүмкіндік берді.

Жердің жалғыз табиғи серігінің әдетте көзден таса болатын жарты шарын астронавтар 6 сағат бойы зерттеген. Осы уақыт ішінде олар қараңғы әрі кратерлерге толы Ай бетіне ұдайы түсіп жататын метеорлардың «соққы жарқылдарын» да көрген.

Хьюстондағы NASA-ның ұшуды басқару орталығына жиналған жиырма шақты ғалым, «Артемида» экипажы түсірген Ай құбылыстарын нақты уақыт режимінде тіркеді.  Дәл осы кезде жол талғамайтын көліктің көлеміндей ғана Orion ғарыш кемесі Жерден 402 мың шақырым қашықтықта Айды айналып өтті. Ғарыш кемесі Ай бетіне       6 550 шақырым дейін жақындап, 6 сағаттық зерттеу жүргізді. Ғажайып көрініске толы Айдың көлеңкелі жағына астронавтар ұшу сапарының алтыншы күні ғана жетті.

1969 бен 1972 жылдар аралығында өткен алты «Аполлон» миссиясында екі адамнан құралған экипаждар Айға қонған болатын. Бүгінге дейін Ай бетіне аяқ басқан жалғыз 12 адам – солар.

«Аполлон» бағдарламасының жалғасы саналатын «Артемида» бағдарламасы осы жетістікті 2028 жылға қарай, Қытайдың алғашқы Айға қонуынан бұрын қайталамақшы. Осылайша, келесі онжылдықта Айда ұзақмерзімді америкалық база жасап, оны болашақ Марс миссияларының сынақ алаңына айналдыруды көздейді.«Артемида II» болашақ Ай экспедициялары алдындағы бас дайындық ретінде ойластырылғанымен, ол ғалымдарға зерттеуге жаңа материалдар да берді. Соның ішінде дүйсенбіде (6 сәуір) ұшу кезінде байқалған метеор соққыларының жарқылдары болды. 

Америкалық астронавтар Рид Уайзмен, Виктор Гловер, Кристина Кох және канадалық астронавт Джереми Хансен адамзат баласы бұрын бармаған қашықтыққа ұшып барды. Бұған дейінгі рекорд шамамен 400 000 шақырым болған. Рекорд 1970 жылғы «Аполлон-13» экипажына тиесілі болған. Сол миссияда ғарыш кемесіндегі ақау салдарынан жоспарланған Айға қону тоқтатылып, Ловелл мен оның екі әріптесі Айдың тартылыс күшін пайдаланып, Жерге аман оралуға мәжбүр болған еді.

Айдың өзін-өзі айналу жылдамдығы оның Жерді айналу жылдамдығымен бірдей болғандықтан, Жер серігінің арғы беті әрдайым біздің планетадан теріс қарап тұрады. Сондықтан оның бетін тікелей тек «Артемида» мен «Аполлон» миссияларының астронавтары ғана көрген.

Дүйсенбіде Айдың көлеңкелі жағын айналып ұшу кезінде экипажбен байланыс 40 минутқа үзілді. Себебі Ай экипаждың Жермен байланыс каналы болған NASA-ның Deep Space Network деп аталатын терең ғарыштық байланыс желісін бөгеген. Deep Space Network – агенттік экипажбен байланыс жасау үшін пайдаланатын алып радиотолқын антенналарының жаһандық желісі.Айды айналып өткеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйден аудиобайланыс арқылы төрт экипаж мүшесін құттықтады. Сол сәтте олар ғарыштан тікелей спутниктік эфир арқылы экранға шықты.

«Бүгін сіздер тарихқа ендіңіздер және бүкіл Америка өздеріңізбен шын мәнінде мақтанады, керемет мақтанады. Сіздер расымен бүкіл әлемді шабыттандырдыңыздар. Шын мәнінде, қазір барлығы сіздерді бақылап отыр», – деді Трамп.

Расында да, «Артемида II» миссиясына барлық адамзат сәттілік тілеп отырған еді. Президент Трамптың Orion Айдың тасасына кіріп, Жермен байланыс үзілген сәтте не сезінгендерін сұрағанда, Гловер: «Мен аздап дұға еттім, бірақ содан кейін әрі қарай жұмысымды жалғастыруым керек болды», – деп жауап берді.

Астронавтарды 3 күннен кейін күтіп алу жоспарланған. Біз де миссияның аман-есен Жерге оралуын тілейік.