Отбасы банк осы бытыраңқы тізімдердің барлығын «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірді.
«Кім үй алады, кім алмайды?»: Қазақстандағы тұрғын үй кезегі түбегейлі өзгерді
www.istockphoto.com
480
оқылды

Қазақстанда тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтарды есепке алудың бірыңғай әрі ашық жүйесі құрылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Отбасы банк жұмысының қорытындысы

2025 жылдың 24 мамырынан бастап Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) ұлттық даму институты мәртебесіне ие болды. Осы сәттен бастап тұрғын үй кезегін орталықтандырылған түрде жүргізе бастады. Бұған дейін кезекте тұрған азаматтардың есебін әкімдіктер жүргізіп, әр санат бойынша (жетім балалардан бастап әскери қызметшілерге дейін) бірнеше бөлек тізім болған.

Отбасы банк осы бытыраңқы тізімдердің барлығын «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» атты бірыңғай ақпараттық жүйеге біріктірді. Бұл келесі мүмкіндіктерді берді:

- деректердегі қайталанулар мен қателіктерді жою; 

- тұрғын үйдің бар-жоғын автоматты түрде тексеру; 

- адам факторын және кезекті қолмен басқаруды барынша азайту.

Түгендеу нәтижесі. Кімдер кезектен шығарылды?

Кезекте тұрғандардың тізімі Отбасы банк қарамағына өткеннен кейін, кезекті түгендеу басталды. Бұл – кезекте тұрған азаматтар туралы мәліметтерді тексеру және нақтылау рәсімі. Яғни, кезекке тұрған адамның қазіргі мәртебесі, отбасы құрамы, санаты, тұрғын үйінің бар-жоғы анықталады.

Бүгінгі таңда 408 565 азамат инвентаризациядан өтті, тағы 49 011 адамның деректері тексеру кезеңінде.

74 005 азаматтың кезегі барлық мән-жай анықталғанға дейін уақытша тоқтатылды. Ал 16 537 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. Сонымен қатар 75 456 адамға кезекке қоюдан бас тартылды.

Бас тартудың ең жиі себептері:

- кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болуы; 

- отбасы мүшелерінің бірінің  тұрғын үй кезегінде тіркелуі.

Отбасы банк тұрғын үй кезегін басқарылатын жүйеге қалай көшірді?

Өткен жылдан бастап халықтың тұрғын үй мәселесін шешу мүмкіндіктері едәуір кеңейді. Бұл әсіресе жастар мен бұрын жеңілдетілген санаттарға кірмеген азаматтар үшін маңызды болды. Мемлекет олардың сұранысын ескеріп, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізді. Енді соңғы 5 жыл ішінде меншігінде баспанасы болмаған барлық кәмелетке толған қазақстандықтар, сондай-ақ жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар тұрғын үй кезегіне тұра алады.

Тұрғын үй кезегіне Отбасы банк порталы – orken.otbasybank.kz арқылы тіркелуге болады. Бұл мүмкіндік іске қосылған алғашқы айда сұраныстың күрт өсуі байқалды. Мысалы, 2025 жылдың мамыр айының бірнеше күнінде ғана 176 664 адам кезекке тұрған. Ал келесі айда бұл көрсеткіш екі есе азайып, 81 317 адам болды.

Кейінгі айларда өтініштер саны тұрақтана бастады. Мысалы, 2025 жылдың желтоқсан айында жаңа кезекке тұрғандар саны 11 502 адам болды.

Жалпы, жаңа жүйе іске қосылғаннан бері 407 479 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелді. Бастапқы жоғары сұраныс бұрын есепке алынбаған қажеттілікпен байланысты болды. Қазіргі таңда кезек басқарылатын әрі болжамды жүйеге көшті.

Осылайша, банк бір жылға жетпейтін уақыт ішінде тұрғын үйге деген нақты әрі толық сұраныс көлемін қалыптастырды.

Тұрғын үйді бөлу: нақты сандар

Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 968 640 қазақстандық тұр. Оның шамамен 30%-ы немесе 306 632 адам тұрғын үй алуға бірінші кезектегі құқыққа ие. Бұл – тұрғын үй мәселесін өз бетінше шешуі қиын азаматтар санаты, сондықтан мемлекеттік қолдау шаралары дәл осы топқа бағытталған.

2025 жылдың қазан айынан бастап жергілікті әкімдіктер Отбасы банк балансына 21 255 пәтер тапсырды. Оның ішінде:

- 6 670 пәтер кезекте тұрған азаматтарға жалға берілді; 

- 2 343 пәтер 2% және 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие арқылы сатып алу үшін рәсімделу үстінде. 

Тұрғын үйді бөлу екі негізгі қағида бойынша жүзеге асырылады:

- кезекке тұрған күні; 

- азаматтардың санатының басымдығы. 

Бұл тәсіл өз тиімділігін көрсетті. Мысалы, банк қолдауымен 1996 жылдан бері «жетім балалар» санаты бойынша кезекте тұрған азамат баспаналы болды. Сондай-ақ 2005 жылдан бері (яғни 20 жылдан астам) күткен азаматтар да үй алды. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы және толық емес отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

Алғаш рет «жесірлер» санаты бойынша кезекте тұрған 370 қазақстандық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл санат өткен жылы ғана енгізілді. Бұған дейін жесірлер «толық емес отбасылар» санатына кіріп, кезек ұзаққа созылатын. Енді өзгерістердің арқасында қолдау нақты әрі уақытылы көрсетілуде.

«Жетім балалар» санатындағы азаматтар да белсенді түрде баспана алуда – 986 адам қоныс тойын тойлады. Бұл санат үшін заң жүзінде арнайы квота қарастырылған – бөлінетін тұрғын үйдің кемінде 20%-ы. Бұл кезектің жылжуын жеделдетіп, ата-анасының қамқорлығынсыз өмір сүріп жатқан азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Соңғы жарты жылда:

- 1 077 мүгедектігі бар адам, 

- 1 242 көпбалалы отбасы, 

- 1 580 толық емес отбасы, 

- 1 056 мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы баспаналы болды. 

Отбасы банк алдағы уақытта да тұрғын үйді есепке алу мен бөлудің ашықтығы мен тиімділігін арттыру жұмыстарын жалғастырады. Барлық күш қазақстандықтардың мүмкіндігінше тезірек баспаналы болуына бағытталған.