Әділдік іздеген әрбір азаматтың соңғы үміті – сот. Адамның тағдыры, кәсіпкердің мүлкі, отбасының тыныштығы немесе мемлекеттің заңды мүддесі таразыға түскен сәтте қоғам ең алдымен соттың әділ шешім қабылдауына сенім артады. Ал мұндай сенімнің негізінде бір ғана қағида жатыр. Ол – судьяның тәуелсіздігі.
Судья тәуелсіздігі – әділ соттың басты кепілі
207
оқылды

Тәуелсіз судья – құқық­тық мемлекеттің басты тірегі. Егер судья қандай да бір ықпалға тәуелді болса, заңның үстемдігі туралы айту қиын. Сон­дықтан сот тәуелсіздігі тек судьялардың кәсіби қызметіне қатысты мәселе емес, ол әр аза­маттың конституциялық құқықтарын қорғаудың маңыз­ды кепілі болып саналады.

Соңғы жылдары елімізде сот билігінің дербестігін ны­ғай­туға бағытталған ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Жаңа Конституцияда сот жүйе­сін жетілдіру, заң үстем­дігін қамтамасыз ету және аза­маттардың құқықтарын қор­ғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Конституциялық өзгерістер сот билігінің тәуел­сіз­дігін күшейтуге, сот төрелігі­нің тиімділігін арттыруға және қоғамның сотқа деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Жаңа Конституцияның бас­ты мақсаты – адам құқық­тары сенімді қорғалатын, заң үстемдігі орныққан және аза­мат пен мемлекет арасындағы өзара сенімге негізделген әділ құқықтық мемлекет құру. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет бас­­шысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты ерекше маң­ыз­ға ие. Бұл тек құқық қорғау органдарының қызметін жетіл­діруді ғана емес, сонымен бірге әр азаматтың құқықтық мәде­ни­етін қалыптастыруды білдір­еді. Заң талаптарын тек жаза­дан қорқып орындау емес, оның әділдігіне сеніп, саналы түрде сақтау маңызды. Ал заң­ның әділ қолданылуын қамта­масыз ететін басты институт­тың бірі – тәуелсіз сот. Сон­­дық­тан сот тәуелсіздігін нығайту құқықтық мемлекет құрудың негізгі шарттарының бірі бол­ып қала береді.

Заңға сәйкес, судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және тек Конституция мен заңға ғана бағынады. Олардың қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді. Алайда судья тәу­ел­сіздігі туралы қағидатты заңда бекіту жеткіліксіз. Ол нақ­ты құқықтық кепілдік­тер­мен қамтамасыз етіліп, күнде­лікті сот тәжірибесінде нақты көрініс тапқанда ғана өзінің шынайы мәніне ие болады.

Тәуелсіз сот төрелігінің негізгі кепілдіктері Конс­ти­туцияда және «Қазақстан Рес­публикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі тура­лы» конституциялық заңда нақты бекітілген. Атап айтқан­да, судья тәуелсіздігі сот төре­лі­гін жүзеге асырудың заңмен белгіленген рәсімімен, сот қыз­метіне араласқаны үшін жауап­тылықтың көзделуімен, судьяға ешкімнің тиіспеу кеп­іл­дігімен, оны тағайындау мен қызметтен босатудың ерек­ше тәртібімен, сондай-ақ мемле­кет тарапынан берілетін әлеу­меттік және материалдық қам­та­масыз ету шараларымен қор­ғалады.

Бұл кепілдіктердің әр­қай­сы­сы судьяның қан­дай да бір сырт­қы ықпалдан тәуелсіз бол­ып, сот төрелігін тек заң талап­тары негізінде жүзе­ге асыруына бағытталған. Өйткені әділ сот­тың сапасы судьяның кәсіби еркіндігі мен оның қорғалу деңгейіне тіке­лей байланысты.

Қазақ халқы «Қанша батыр болса да, салма жауға жалғыз­ды, қанша шешен болса да, салма дауға малсызды» деп бе­кер айтпаған. Бұл нақыл сөз кез келген істің нәтижелі бол­уы үшін оған қажетті жағдай жасалуы керектігін меңзейді. Сол сияқты судья да тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, әділ шешім қабылдауы үшін құқық­тық және әлеуметтік тұрғыдан лайықты қорғалуы қажет.

Кепілдіктерді заң жүзінде бекі­ту жеткіліксіз. Ең басты­сы – олардың іс жүзінде тиімді жұмыс істеуі. Сондықтан бүгінгі реформалардың негізгі бағыты судьялардың тәуелсіз­дігін қамтамасыз ететін тетік­терді одан әрі жетілдіруге б­а­ғыт­талып отыр.

Ең алдымен судьяның іс жүргізу тәуелсіздігін қамта­ма­сыз етуге ерекше назар аудары­лу­да. Яғни мемлекеттік орган­дардың, лауазымды тұлға­лар­дың немесе өзге де мүдделі тараптардың сот қызметіне қандай да бір ықпал жасауына жол берілмеуге тиіс. Осыған байланысты сот төрелігіне ара­ласқаны үшін жауапкершілік күшейтіліп, сот жүйесін цифр­ландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл сот қызметінің ашықтығын арттырып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және қоғамның сотқа деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Цифрландыру дәуірінде сот тәуелсіздігіне төнетін қауіп­тердің жаңа түрі – цифрлық қысым. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде сот про­цестеріне ықпал етуге ба­ғыт­талған ақпараттық науқан­дар мен онлайн қысым әрекет­тері судьяның тәуелсіз шешім қабылдауына әсер етуі мүмкін. Сондықтан сот тәуелсіздігін қам­т­амасыз ету мәселесі бү­гінде цифрлық қауіпсіздікпен де тығыз байланысты.

Кепілдіктердің маңызды ба­ғытының бірі – судьяларды іріктеу, тағайындау және ман­саптық ілгерілету рәсімдерін жетілдіру. Өйткені судьяның тәуелсіздігі оның қызметіне араласпау арқылы ғана емес, сот корпусын қалыптас­тыру­дың ашық әрі әділ жүйесі арқылы да қамтамасыз етіледі.

Осы міндеттерді жүзеге асыруда Қазақстан Респуб­ли­касының Жоғары Сот Кеңесіне ерекше жауапкершілік жүктел­ген. Судьялардың тәуелсіздігі тек заң нормаларымен емес, ола­р­ды өмірде іске асыратын тиімді институттардың қыз­метімен де қамтамасыз етіледі. Жоғары Сот Кеңесі – Прези­денттің соттарды қалыптастыру жөн­індегі конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыруға жәрдемдесетін және судьялар­дың тәуелсіздігі мен оларға еш­кімнің тиіспеу кепілдіктерін қамтамасыз ететін орган.

Соңғы жылдары Кеңес­тің кадрлық сая­саттағы рөлі едәуір күшейді. Бүгінде ол судья кадрларын басқарудың бірыңғай стратегиялық орта­лығына айналып, тәуелсіз әрі кәсіби судьялар корпусын қал­ып­тастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылы Жоғары Сот Кеңесінің ұсыны­мы­мен 151 жаңа судья тағайын­далды. Бұл соттардағы кадрлық тапшылықты азайтып қана қой­май, сот жүйесін кәсіби ма­мандармен толықтыруға мүм­кіндік берді. Бұл ретте не­гізгі басымдық кәсіби білік­тілігі жоғары, мінсіз беделге ие және жоғары адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленетін кандидаттарды іріктеуге бері­луде.

Кеңес жүзеге асырып отыр­ған реформалардың нәтиже­сінде біліктілік емтихан­дары­ның, конкурстық рәсімдердің және кандидаттарды бағалау тетіктерінің ашықтығы мен тиімділігі артты. Судьяларды іріктеу барысында объективті өлшемшарттар қолданылып, конкурстық рәсімдердің жа­рия­лылығы қамтамасыз етілу­де. Бұл сот жүйесіне лайықты кадрларды тартуға және қоғам­ның сотқа деген сенімін нығай­туға ықпал етеді.

Судья тәуелсіздігін қамта­ма­сыз етуде меритократия қағи­датының орны ерекше. Жоғары Сот Кеңесі кадрлық резерв институтын жетілдіру арқылы кәсіби деңгейі жоғары судья­лардың мансаптық өсуіне жағ­дай жасап келеді. Жоғары тұрған және басшылық лауа­зым­дарға ұсыну кезінде кәсіби жетістіктер, сот төрелігінің сапас­ы және бас­қарушылық қа­білеттер басты назарға алынады. Бұл мансаптық өсудің қандай да бір сыртқы ықпалға емес, кәсібилік пен нақ­ты нәтижеге негізделуін қам­т­амасыз етеді.

Судьялардың тәуел­сіз­дігін қамтамасыз ету­дегі маңызды тетіктің бірі – Жо­ғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі. Оның қызметі судья­­лардың тәртіптік жауап­кер­шілігі мәселелерін қарау­мен қатар, оларды негізсіз тәр­тіп­тік қудалаудан қорғауға да бағытталған. Тәртіптік рә­сімдердің заңдылығы мен әділ­дігін қамтамасыз ету арқылы Сот жюриі судьялардың тәуел­сіздігі мен олардың қызметіне қолсұғылмаушылық кепілдік­терін нығайтуға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының бас­тамасымен жүзеге асырыл­ып жатқан реформалар аясын­да Жоғары Сот Кеңесінің инс­ти­туционалдық мәртебесі де күшейтілуде. Кеңестің қыз­меті судьяларды іріктеу мен даяр­лаудан бастап, тағайындау, ман­саптық ілгерілету және тәр­тіптік жауапкершілік мәсе­лелеріне дейінгі кадрлық про­цестердің тұтас жүйесін қам­ти­ды. Бұл сот билігінің тәуел­сіз­дігін нығайтуға және кәсіби судьялар корпусын қалыптас­тыруға бағытталған.

Қорыта айтқанда, тәуелсіз судья – әділ соттың кепілі, ал осы тәуелсіздіктің берік негізін қалыптастыруда Жоғары Сот Кеңесінің орны ерекше. Судья­ларды іріктеу мен ілгері­летудің ашық тетіктері, мери­тократия қағидатының орны­ғуы, Сот жюриінің қызметі және судьялардың тәуелсіздігін қорғауға бағытталған жүйелі шара­лар сот билігінің беделін нығайтып, қоғамның сотқа де­ген сенімін арттыруға қызмет етеді.

Әділ сотқа деген сенім бар жерде заңға құрмет қалып­таса­ды, ал заңға құрмет орныққан жерде құқықтық мемлекет ны­ғая түседі. Сондықтан судья­лар­дың тәуелсіздігін қамтама­сыз ету – тек сот жүйесінің ғана емес, бүкіл қоғамның ор­тақ мүддесі.

Жанат ОСПАНОВА,

Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі