Министрдің айтуынша, жас отбасы жақында Астана қаласына қоныс аударған.
«Күйеуі ауырып жатқан жоқ»: министр баласын арқалап жұмыс істеген курьер ана туралы айтты
Коллаж: ult.kz
288
оқылды

Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқар Ертаев сәбиін арқалап курьер болып жұмыс істеген әйелге қатысты жаңа мәліметтерді айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты ult.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, жас отбасы жақында Астана қаласына қоныс аударған. Әйел техникалық орта білім алған болса, жұбайының жоғары білімі бар. Алайда қазіргі уақытта оның тұрақты жұмысы жоқ.

Асқар Ертаев әлеуметтік желілерде тараған «күйеуі ауыр науқас» деген ақпаратты жоққа шығарды.

«Күйеуі ауырып жатқан жоқ. Отбасының 2 миллион теңге көлемінде несиесі және автокөлігі бар. Олар Шымкентте жаман тұрған жоқ. Туған ағасы ломбард саласында жұмыс істейді. Ата-анасының да жағдайы жақсы», – деді министр.

Оның сөзінше, қазір Мансап орталығы арқылы әйелдің жұбайына бірнеше бос жұмыс орны ұсынылған.

Министр сондай-ақ сәбиімен бірге курьерлік қызмет атқарған әйелді жұмысқа қабылдаған компанияның әрекетіне қатысты сұрақтар туындағанын айтты.

«Ол расымен курьер болып тіркелген. Бірақ компания тарапына қатысты сұрақтар бар. Қандай нұсқаулық берілді, әйелді баласымен бірге жұмысқа қалай шығарған? Қазір жұмыспен қамту платформасының жауабын күтіп отырмыз. Бұл мәселе бойынша жұмыс келесі аптада жалғасады», – деді Асқар Ертаев.