Әзірлеменің өзектілігі биологиялық белсенді қосылыстармен байытылған функционалдық тағам өнімдеріне сұраныстың артуымен байланысты.
Қазақстандық ғалымдар онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған биологиялық белсенді қоспа әзірлейді
Фото: gov.kz
121
оқылды

Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары отандық өсімдік шикізаты негізінде функционалдық мақсаттағы биологиялық белсенді қоспаларды өндірудің инновациялық технологиясын әзірлеуде,  – деп хабарлайды Aikyn.kz

Жоба жоғары антиоксиданттық белсенділігі бар, онкологиялық және жүрек-қан тамыры ауруларының алдын алуға ықпал ететін қолжетімді әрі тиімді өнімдер жасауға бағытталған.

ББҚ-ның негізгі құрамдас бөлігі – айқын профилактикалық қасиеттерге ие табиғи антиоксидант ликопин. Оның тағам рационында жеткіліксіз болуы иммунитеттің төмендеуіне және созылмалы аурулар қаупінің артуына әсер етуі мүмкін.

Жоба аясында пайдалы заттарды барынша сақтай отырып, қызанақ пен қарбыздан ұнтақ алу технологиясы әзірленді. Қайта өңдеудің заманауи әдістерін – лиофильді және инфрақызыл кептіруді қолдану шикізаттың түсін, хош иісін және биологиялық құндылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Алынған компоненттер негізінде ағзаның белсенді заттарға тәуліктік қажеттілігін қамтамасыз ететін ББҚ-ның оңтайлы құрамы қалыптастырылды. Оның құрамына ликопин, қызанақ ұнтағы, қарбыз ұнтағы, асқабақ дәнінің ұнтағы және мақсары майы кіреді. Мұндай үйлесім жоғары биожетімділікті, айқын антиоксиданттық әсерді және жақсы органолептикалық қасиеттерді қамтамасыз етіп, өнімді тұрақты қолдануға ыңғайлы етеді.

Жобаның практикалық маңызы – қолжетімді отандық шикізат негізінде функционалдық өнімдер өндіру мүмкіндігінде. Әзірлемені іске асыру импорттық қоспаларға тәуелділікті азайтуға, қайта өңдеу өнеркәсібінің шикізат базасын кеңейтуге және агроөнеркәсіптік кешен үшін қосымша өсу нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.