Батыстың ірі автоөндірушілері ондаған жылдар бойы өндірістік тізбекті Қытайға көшіріп келді. Мақсат – өнімнің құнын арзандату. Бүгін дәл осы модель Қытайдың электромобиль өндірушілеріне артықшылық сыйлап отыр.
Өндіріс пен технологиясын Қытайға көшіріп, арзан автомобиль шығарғысы келген батыстық компаниялар ұтылды
Батыстың ірі авто-өндірушілері өнімнің құнын арзандату үшін технологиясын Қытайға көшіреміз деп ұтылды. Фото China Daily сайтынан алынды. Авторлығы: Zhang Dandan
99
оқылды

CNBC хабарламасына сүйенген Aikyn.kz электромобиль бәсекесіндегі қытайлық компаниялардың «құпиясын» түсіндіреді.

Қытайдың бәсекедегі басты «құпиясы» субсидияда ғана емес, құрылымдық тиімділікте екен. Вертикалды интеграция, өндіріс ауқымы және төмен үстеме шығындар – олардың басты артықшылықтары.

Бұған дейін АҚШ пен Еуропадағы саясаткерлер Қытайдың мемлекеттік қолдауы нарықты бұрмалады деп жиі мәлімдейтін. Дегенмен MIT Technology Review бағалауынша, 2009 жылдан бері Қытай билігі электромобиль өндірушілеріне 29 млрд доллардан аса салықтық жеңілдік пен субсидия берген. Сингапур Ұлттық университетінің зерттеушісі Бо Чен бұл қолдау «қытайлық электромобиль саласының алғашқы кезеңінде аса маңызды болды», әсіресе стартаптарға қаржыландыруға жол ашты дейді. Оның сөзінше, АҚШ-та капитал нарығы Tesla сияқты компанияларға жеткілікті қолдау бере алады.

Алайда Rhodium Group есебінде, субсидияның әсері жоққа шығарылмайды. Бірақ оның құн артықшылығындағы үлесі «құрылымдық артықшылықтармен салыстырғанда мардымсыз» дейді. Есеп бойынша ең шешуші фактор – терең вертикалды интеграция, яғни компанияның өндірістің бірнеше кезеңін өзі бақылауы. 

Мысалы, BYD электромобиль өндірісіне қажетті негізгі компоненттердің 80%-ын өзі өндіреді. Бұл Tesla көрсеткішінен екі есе жоғары. Соның нәтижесінде BYD әрбір Seal седанында жеткізушілердің үстеме бағасынан шамамен 2 369 доллар үнемдейді (Tesla Model 3-пен салыстырғанда).

Бұндай тиімділік табыста да көрінеді. Rhodium дерегінше, 2025 жылы BYD-дің жалпы маржасы 20% болса, Tesla-да 18%. Ең қызығы, Қытайда Tesla Model 3 бағасы шамамен 33 943 доллар, ал BYD базалық Seal моделі 11 570 доллар. Айырма бірнеше есе.

Дегенмен YCP консалтинг компаниясының мобильдік бөлім басшысы Леон Чэн вертикалды интеграция Қытайдың барлық өндірушілеріне тән емес екенін ескертеді. Бұндай тәсілді BYD сияқты санаулы компаниялар ғана жүйелі қолданады.

Omdia сарапшысы Крис Лю қытайлық көліктердің «жиі бағаланбайтын құрылымдық тиімділігі» бар екенін айтып, оған жеткізушілерге төлем мерзімдерінің ұзаруы мен еңбек шығындарының төмендігін қосады. Бұның бәрі тікелей субсидиядан бөлек қолжетімділікті арттырады.

Батыс компаниялары соңғы онжылдықтарда негізгі компоненттерді маманданған жеткізушілерге беріп, вертикалды интеграцияны әлсіретті. Қайтадан «бәрін өз ішінде жасауға» оралу оңай емес. Ол ірі қаржылық инвестицияны қажет етеді, сонымен бірге жеткізушілер тізбегін қысқарту керек.